«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІ ЗОР

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өңіріміздегі демократиялық күштер коалициясының отырысы өтті. Коалиция мүшелері “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының “Индустрияландыру және экономикалық өсім” бағытының іске асырылуын талқылады.

Жиынды ашқан “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов аталған бағдарламадағы міндеттерге тоқталып, ол бойынша өңірімізде бірқатар істің басы қайырылғанын атап өтті.

– Соңғы жылдары облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында ауыл шаруашылығы техникаларының үздік нұсқаларын құрастыру жолға қойылды. Өңірімізде құрастырылған “SAMPOAsia” комбайндары екінші жыл орақ науқанына қатысты. Ол шетелдік баламаларына қарағанда әлдеқайда арзан және өнімділігі де жоғары. Сонымен қатар, Петропавл трактор зауытында “Батыр К-704-4Р” тракторы құрастырылады, – деді ол.

Отырыс барысында “С.М. Киров атындағы зауыт”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “ЗИКСТО” акционерлік қоғамдарының, мұнай-газ саласына қажетті өндірістік құрылғыларды шығаратын кәсіпорындардың, “Радуга”, “Богатырский продукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Ростан” компаниясының жұмысы айтылды. Мәселен, “Радуга” ЖШС-нің Қазақстан бойынша 12 филиалы бар. Кәсіпорынның ұн үгу комбинаттарының өнімі Ресей, Ауғанстан мен Өзбекстан елдеріне экспортталады екен.

Осы орайда “Ақ жол” демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Евгений Кинцель алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамытсақ, тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыссыздық мәселесін де шешетіндігімізді тілге тиек етті.

Коалиция өкілдері өңірдің индустрияландыру саласындағы жетістіктері зор екенін атап өтті.

Самат САПАРАЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp