«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІ ДАМЫТУДАҒЫ АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР

Өңірге жұмыс сапарымен Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, облыс активімен кездесті. Алқа­лы басқосуда «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдаудың негізгі бағыт­тары талқыланды. Ондағы басты мақсат – берілген тап­сырмаларды бұлжытпай орындау.

Жиынды ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің экономикалық ахуалымен таныстырды. 200 мыңнан астам адам тұратын 600-ге жуық ауылдың 90 пайызына орталықтандырылған су құбырлары тартылған. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрғын үйлер бой көтеріп, мектептер, медициналық және спорттық нысандар пайдалануға берілуде. Агроөнеркәсіпке зама­науи технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бұл қа­дамдар ауыл шаруашылығының даму қарқынын артты­рып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу­ға да айтарлықтай ықпалын тигізіп отыр. Жыл басынан бері 1100 шақырым жол қалпына келтірілді. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша шаруаларға 105 млрд. теңге мөлшерінде жеңілдікті несие бөлініп, көктемгі, күзгі дала жұмыстары кедергісіз ұйымдастырылды. Жұмыс­сыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеді.

– Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту және агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгі­зу экономиканың тұрақты өсімі мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі болып табылатынын айрықша атап көрсетті, – деді өз сөзін­де Ғауез Торсанұлы.

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов инвестиция тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Ірі тауарлы-сүт фермасын тұр­ғызуға 8 млрд. теңге қарастырылған. Осындай кешенді «Булаево жер» серіктестігі де салып жатыр. Өндіріс орын­дары қолданысқа берілген кезде 110 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылмақ. «Қарақоға» шекаралық өткізу бекеті ке­лесі жылы жаңғыртылып, электрондық кезек жүйесі енгізілетін болады.

Есіл ауданы Николаев ауылдық округінің әкімі Дала­бай Қабдуалиев елді мекендерде заманауи техникалармен жабдықталған 15 агроқұрылым, 19 жеке кәсіпкерлік орна­ласқанын, шағын және орта бизнес субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Соңғы екі жылда 100-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілген.

Президенттің кеңесшісі өңірдің даму қарқынын оң баға­лады. Жолдаудың маңызды бағыттарын түсіндіре отырып, оның ішінде жасанды интеллектінің көмегімен көптеген өзекті проблемаларды шешуге болатынына тоқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp