Солтүстік өңір өндіріс әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың жүзеге асуымен еліміздің индустриялық картасында ерекше орын алады. Осындай стратегиялық маңызы жоғары бастамалардың бірі – «Сырымбет» қалайы кен орнын игеру. Жобаны іске асыруды «Solidcore Resources» компаниясы қолға алып отыр. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов шетелдік компанияның бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесу өткізді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 150 млрд. теңге. Оның жүзеге асырылуы өңір экономикасының дамуына серпін беріп, 800-ден астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар компания кадр даярлау ісіне де қатысып, білікті мамандарды оқытуға атсалыспақ.
–Solidcore Resources құрамына кіретін «Tin One Mining» акционерлік қоғамы мен Айыртау аудандық агротехникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – тау-кен өндірісі саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан жастардың кәсіби өсіп-жетілуіне, білім мен еңбекке негізделген болашағын қалыптастыруына барлық жағдай жасалуға тиіс, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ауқымды жобаны іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Өңір басшысының айтуынша, оның іске асырылу барысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болмақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».