Қазақстанда инновациялық қызметті ынталандыру мен белсенділікті арттыруға бағытталған жыл сайынғы NIF$50K республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауы өтеді. Байқаудың ұйымдастырушысы – Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен “Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік” АҚ. Байқауды кеңінен насихаттау мен халықты ақпараттандыру мақсатында “Инновациялық автобус” маусымның 23-і мен шілденің 16-сы аралығында республиканың барлық өңірін аралап шығады. Қызықты әрі перспективалы бизнес идеялардың авторлары облыс орталығына келіп, конкурсқа құжат тапсыруға мүмкіндігі бар.
Инновациялық технологиялар мен 3d принтермен жабдықталған автобус Петропавл қаласына маусымның 24-і күні келеді.
Байқауға жобалары ақпараттық қолдау, қаржыландыру тұрғысынан қиыншылықтар көріп жүрген, олардың іске асуына мүдделі идеяны дайындаушылар және оның иелері (жеке тұлғалар) қатыса алады. Іріктеу кезінде жобаның жаңашылдығына және инновациялылығына, тәжірибелік нұсқасының болуына, коммерциялық әлеуеті мен іске асыру мүмкіндігіне, өзектілігіне назар аударылады. Сондай-ақ, бизнес-тренингтер өткізілмек, онда өнертапқыштар агенттік ұсынатын инновациялық гранттар, технологиялық бизнес-инкубаторлау бойынша өзге де қолдау шаралары жайлы ақпарат ала алады. Бұл қолдау көздеріне ие болу үшін өтінімдер жыл басынан бері қабылданып келеді.
NIF$50K конкурсына қатысу үшін жергілікті кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында ақпарат алуға болады. Байқау шартына сәйкес келіп түскен барлық өтініштен 15 үздік жоба таңдалып алынады. Бұл жобалардың авторлары бірден телешоу қатысушысы атанады. Ал өз тарапынан ұйымдастырушылар аталған жобалардың жүзеге асуына күш салмақ. Байқау жеңімпазы – 7,5 млн. теңге, ал 2 және 3-орын иегерлері – 2,5 және 1 млн. теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Байқаудың мақсаты – инновациялық белсенділікті қолдау және инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау.
Естеріңізге сала кетейік, NIF$50K байқауы елімізде алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылды. 2010 жылы байқаудың телевизиялық нұсқасы “Инновациялық форсаж” атауымен интеллектуалдық реалити-шоу ретінде жарық көрді.
Конкурс соңғы жылдары өңірлердің үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Оны инновациялық бизнес-жоспарлар байқауына келіп түсетін өтініштер санының артуынан аңғаруға болады, 2012 жылы конкурсқа 298 өнертапқыштан өтінім келіп түссе, 2013 жылы 376 өтінім қабылданған.
Өткен жылы NIF$50K республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауының бірінші жүлдесін және 7 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай грантты Талдықорған қаласының тұрғыны, “Аймақтардағы су көтергіш құрал” жобасының авторы Мырзахмет Тюлеев жеңіп алды. Су көтергіш бұл құрал электр энергиясын тұтынбай-ақ, өзен жағалауындағы аймақтарды суаруға арналған.
Толық ақпарат http://www.natd.gov.kz/ сайтында және https://www.facebook.com/profile. php?id=100004147172517&fref=ts желісінде.
“Технологиялық даму жөніндегі
ұлттық агенттік” АҚ баспасөз қызметі.