Өткен аптаның соңында “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ мен Бас редакторлар клубы Шал ақын ауданында өңірлік астық холдингіне мүше агроқұрылымдардың орақ науқанына дайындығы және фермерлік шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын кооперациялау мәселесіне арналған семинар-кеңес ұйымдастырды. Оған жаңа құрылым аясында астық өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Биыл наурыз айында “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында өңірлік астық холдингтерін құрған болатын. Біздің облыста құрылған “СҚО бойынша өңірлік астық холдингі” ЖШС егіншілікпен айналысатын 53 агроқұрылымды біріктіріп отыр. Олар 83698 гектар егістік алқапқа иелік етеді. Серіктестіктің директоры Марат Ысқақовтың айтуына қарағанда, холдингтің бастамашыл жобасы әлемдік кооперация тәжірибесін нәтижелі апробациялауға бағытталған. Бірігу, кооперациялау және ниеттес жауапкершілік ұстанымдары бойынша жүзеге асырылған.“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ бірлестікпен белгіленген бағамен анықталған көлемде бидай сатып алуға үшжылдық шарт жасапты. Серіктестікке мүше болған 53 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарына дейін “Астана” банкі арқылы 1 гектарға 12 мың теңге ұстанымы бойынша 719,5 млн. теңге кепілдіксіз қарыз берілген. Бұған дейін “Солтүстік” ӘКК арқылы 1 гектарға 6 мың теңге көлемінде кепілдікпен ғана қарыз берілетін. Он пайыздық үстемеақымен бір жылға берілген қарыздың 30 пайызы механизаторлардың еңбекақысын төлеуге, 70 пайызы жанар-жағармай, тыңайтқыштар мен гербицид сатып алуға жұмсалады.
Семинар-кеңеске қатысушылар ең алдымен Владимир Пафов басқаратын “Лада” ЖШС-нің егін алқабында болды. Серіктестіктің 2,5 мың гектар жері бар көрінеді. Оның 2 мың гектарына бидайдың “Омбы-36”, “Дамсинск кәріптасы” сұрыптарын, 300 гектар алқапқа рапстың “Юбилей” сұрыбын сеуіпті. Көктемгі дала жұмыстарына “СЗС-2,1”, “ТОМ-10” дискілі сеялкалары пайдаланылған. Парға, ормандыдала алқабына себілген бидайдың шығымдылығы жақсы екен. Ауыр масағы майысқан қалың сабақтардың биіктігі белуардан келеді. Владимир Исмаилович 4 танапты ауыспалы егіспен айналысатындығын, ылғал жабуға ең төмен деңгейдегі технологияны пайдаланатындығын айтады. Аммофос тыңайтқышының 50 пайызына демеуқаржы беріліпті. Ерте егілген бидай алқабы тіркемелі жаткамен дестеге түсіріле бастапты.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен семинар-кеңесте “Лада” ЖШС-нің директоры Владимир Пафов орақ науқанына дайындықтары жайлы айта келіп:
– Біз астық өсіруді білеміз. Тек соны бұлдап өткізу осы күнге дейін күрделі мәселе болып келді. Енді осы проблеманы өңірлік астық холдингі өз міндетіне алып отыр. Бізге керегі де сол. Директорымыз Марат Ысқақовтың шебер ұйымдастыруы арқасында екінші деңгейлі банктен кредитті уақытында алдық. Соның нәтижесінде егін ектік, жазғы шараларды дер кезінде жүргіздік. Астық холдингіне біріккен агроқұрылымдарда жауапкершілік пен адалдық болуға тиіс. Бәрінен бұрын “Қаз-Агро” ҰБХ” АҚ алдындағы өз міндеттемемізді орындауымыз керек, – деді.
Холдингтің байқау кеңесінің мүшесі, Ақжар ауданындағы “Лұқпанов” ЖШС-нің директоры Мұхамеджан Лұқпанов мамыр айынан бері жаңа құрылымның құрамында жұмыс істеп жүргендерін, өзі басқаратын серіктестіктің егін алқаптары далалық аймақта болғандықтан, орақ науқанына әлі кірісе қоймағандықтарын, негізінен, жылда егінді тура жинайтындықтарын сөз етті. Сонымен бірге кәнігі диқан кредиттің шартта көрсетілген 30 пайызы еңбекақы өтеміне жетпейтіндігін, бір гектарға берілетін кредит көлемі әлі аз екендігін айтып, оны көбейте түссе деген ұсыныс жасады.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Гүлшара Әбдірахманова басқаратын “Жетісу-Жер”, “Торғай-Амангелді” ЖШС-лері 17 мың гектар егістік алқаптарымен өңірлік астық холдингіне мүше болып кіріп отыр. Серіктестіктер директоры орақ науқанына жан-жақты дайындалғандықтарын, холдингтің кредиті көп көмек болғандығын, алдағы уақытта оның көлемін өсіруді қолдайтындығын жеткізді.
“СҚО бойынша өңірлік астық холдингі” ЖШС-нің директоры Марат Ысқақов:
– Биыл наурыз айында облыстың аудандарын аралап, өңірлік астық холдингі құрылатындығы және оның алдына қойған мақсаты жөнінде агроқұрылым басшыларымен сөйлескен едік. Соның нәтижесінде облысымыздың 53 шаруашылығы жаңа құрылымға кіруге ниет білдірді. Алдағы уақытта қатарымыз қалыңдай түсе ме деген ойымыз бар. Тағы бір айта кететін жағдай – шартта көрсетілген бағадан бидайдың нарықтағы бағасы жоғары болса, өңірлік астық холдингі көп пайда табу үшін оны нарыққа шығарып сатуға құқылы. Егер нарықтық баға шартта көрсетілген бағадан төмен түсіп кетсе, онда холдинг “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ-ға белгіленген сатып алу бағасымен өткізеді. Сондықтан агроқұрылым басшыларында өнімімді қалай өткіземін дейтіндей алаңдаушылық болмайды. Ал сіздер бүгін сөз етіп отырған қаржыландыру ставкасын өсіру мәселесі жөнінде “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-ға ұсыныс жасалды. Оның қалай шешілетіндігін алдағы уақыт көрсетеді. Сонымен бірге астық сақтауға дейінгі бидайды кептіру, тазалау шығындары тауарөндірушіге жүктелетіндігін ескерте кеткім келеді, – деді. Марат Хабиболлаұлы холдинг алдағы уақытта өзіне тиесілі техника паркін құруды, астық қабылдайтын кәсіпорындар салуды жоспарлап отырғандығын да алға тартты.
“ҚазАгро” ҰБХ” АҚ төрағасының кеңесшісі Бауыржан Қасеновтің айтуынша, холдинг арқылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл 32,4 млрд. теңге бағытталды, ол республика бойынша бөлінген жалпы көлемнің 18,7 пайызын құрайды. Холдингтің инвестициялық қоржынында жалпы сомасы 18,9 млрд. теңгені құрайтын Солтүстік Қазақстан облысының 53 жобасы жатыр. Ол 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейді. Бүгінгі күнге дейін 13,7 млрд. теңгенің 45 жобасы пайдалануға беріліп, 950 жұмыс орны ашылды. Биыл 8 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Олар: жалпы қуаттылығы 117,5 мың тоннаны құрайтын 5 астық сақтайтын және 1300 тонналық көкөніс сақтайтын кәсіпорын, репродуктор шаруашылық пен тауарлы сүт фермасы. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 13,5 млрд. теңгенің 456 өтінімі “ҚазАгро” холдингі арқылы қаржыландырылды. Жыл басынан бері 2,3 млрд. теңгенің 142 техникасын сатып алуға келісім жасалды. Осы мәселелерді тілге тиек ете келе Бауыржан Қасенов ауа райы құбылмалы және тәуекелі мол өңірде күздік бидай егудің пайдалылығы жайында сөз қозғады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.