Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасында еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне зерттеу жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша кәсіпкерлікті дамытуға арналған өңірлік карта жасалатын болады.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзінің өңірлік өкілдіктері арқылы кәсіпкерлік субъектілер, кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар, мемлекеттік органдар, қаржылық ұйымдар, даму институттары арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін және қалыптасқан жағдайларды анықтау мақсатында сауалнамалар жүргізуді жүзеге асыруда, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов.
Шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпорындарды қоса есептегенде, 7 мыңнан астам бизнес субъектілерін сауалнамамен қамту жоспарлануда.
– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өңірлік картаны әзірлеуге және жасауға арналған жұмыс тобының құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де енді. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова, сол сияқты басқа басқармалардың өкілдері де белсене қатысуда, – дейді кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек.
Кәсіпкерлікті дамытуға арналған өңірлік карта электронды түрде жасалады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.