«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДЕГІ ЕЛТАНУДЫҢ ӨЗЕГІ

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл. Мемлекеттігіміздің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек хандардан соң осы дәрежедегі бірнеше ірі тұлғалар елді басқарып, оның аумақтық тұтастығын сақтау, халықты сырт жаулардан қорғау жолында қолдарынан келгенінше жанын салған.

Осы жолда ел тарихында ерекше орын алатын, дәрежелері өзгелерден әлдеқайда жоғары да асқақ біршоғыр хандардың есімдері белгілі. Бұлардың ішінде өзінің жеке батырлығымен, кемеңгерлігімен, көрегендігімен, ақылман саясаткерлігімен тарихымызда айрықша аталатыны – Абылай хан. Соның нәтижесінде Абылайдың есімі мен ерліктері туралы басы Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей жыраулар болып, олардан кейінгі жыр сүлейлерінің дастандарында ханның бейнесі барынша толыққанды мүсінделген.

Қазақ хандарының ішінде жұлдызы ерекше жарқыраған Абылайдың есімімен аталатын жер-су атауларының өзі ғана оның осы қасиетін анық айғақтайды. “Абылай аспас сары бел”, “Хан тауы”, “Абылай асуы”, “Абылай жолы” (ол өңіріміздің Қызылжар, Аққайың, Тайынша аудандарының аумағымен өткен) және тағысын тағы атаулар Сарыарқаның Қызылжар, Көкше өңірлерінен бастап, түстікке дейін созылып жатыр.

Айбынды ханның ең белгілі ескерткіштерінің басы – оның атындағы мұражайлар. Осындай ескерткіш – Қызылжар қаласының батысындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені. Бұл ескерткіш ұлы ханның атын құр дәріптеу мақсатында орын теппегенін тарихи деректер айғақтайды. Ел аузында “Абылайдың ақ үйі” деп аталып кеткен бұл хан сарайы туралы халқымыздың дүлдүл әншісі әрі ақыны Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының өлеңі “Бостандық туы” газетінде 1926 жылы жарияланғаны тарихтан белгілі.

1765 жылы Екатерина екінші патшайымның бұйрығымен Петропавлда Абылайдың сұлтан кезінде оған арналған екіқабатты орда салынады. Бұл дөңқаладағы ең көрнекті ғимараттың құрамында кеңсе, қонақүй, монша және басқа да қосалқы құрылыстар болған. Алайда, уақыт өте келе, “Абылайдың ақ үйі” өзге мақсаттарға арналып, бір кездері онда әскери лазарет орналасқан. Мысалы, Мағжанның 100 жылдығы тойланардың қарсаңында Петропавлда болып кеткен көрнекті қазақ ақын-жазушылары, ғалымдары Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жүнісов, Рахманқұл Бердібаев және басқа да тұлғалы азаматтар Абылай ордасындағы ағаш тілетін шеберхананы, жүк қоймаларын көріп, қынжылып аттағаны солармен бірге еріп жүрген менің есімде.

2003 жылы жергілікті өлкетанушылардың күш-жігерінің арқасында Ресей Сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан Омбы бекінісінің генерал-поручигі Шпрингерге 1765 жылғы 25 қазанда осы ғимаратты салу жөнінде бұйрық беріліп, осы құжатқа “Қырғыз-Қайсақтың Орта жүзінің сұлтаны Абылай үйінің жоспары” қоса жөнелтілгені туралы нақты дерек табылып, “Қызылжарда “Абылайдың ақ үйі” болмаған. Бұл ойдан шығарылған” деп даурығып жүргендердің аузына құм құйылды.

Осы деректің арқасында “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенін қалпына келтіру мақсатымен ол Қазақстан Республикасының “2004-2006 жылдардағы Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Соның нәтижесінде 2006 жылғы сәуір айында мұнда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті.

2008 жылғы 21 тамызда Петропавлда айрықша салтанатты оқиға болды: осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қалпына келтірілген “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені ашылды. Кешеннің алдында Абылайдың салт ат үстіндегі ескерткіші орнатылды.

Содан бері мұражай-кешені Абылай ханның есімі мен өмірбаянын, ел тұтастығын орнықтырып, сақтаудағы атқарған істерін ғана емес, бүкіл қазақ хандығының тарихын қамтитын жәдігерлерді тану орталығына айналып отыр.

Мұражайдың ашылған уақыты көз алдымызда өткендіктен, оның ішін безендіруге сол кездегі облыс басшылығы айрықша мән беріп, залдарда панорамалық суреттер орналастырылғанын білеміз. Осы орайда алматылық суретші Сергей Пожарскийдің қазақ-жоңғар соғысын бейнелеген шығармаларының орны бөлек. Атап айтқанда, “Абылайдың Шарышпен жекпе-жегі”, “Қазақ-жоңғар шайқасы” суреттері көлемімен де, мазмұнымен де көз тартып, көңілден шығады.

Мұражай жәдігерлері төрт залға орналастырылған. Бұлардың біріншісінде ханның балалық шағын бейнелейтін жазба деректерге орын берілген.

Екіншісінде Абылайдың жатын-жайы көрініс береді. Мұражай қызметкерлері хадери-халінше сол замандағы үй-тұрмыс заттарын, әсіресе, хан-сұлтандар тұтынған төсекорындарды, жиһаздарды орналастырғаны байқалады.

Залдың үшіншісі – ханның тағы қойылған, қару жарақтары, сырт киімдері, жорық заттары бар, меймандармен кездесу, мәміле жасау, келіссөздер жүргізу мақсатындағы орын. Тақ үстіндегі Абылай бейнесі сәтті орындалған, тірі мүсін іспетті.

Соңғы залда Абылайдың ел басқару ісіндегі серіктерінің өмір-деректері, жыраулардың, соның ішінде Бұқардың ханға арнаған өлең-жырлары, сондай-ақ, ақылман-билердің сөздері, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай батырлар туралы кітаптар қойылған. Сонымен бірге, 2014 жылы жарық көрген “Дауылпаз баба Қожаберген жырау”, “Мәңгілік елдің жыршысы” сияқты тарихи-танымдық кітаптар бар.

Құлсары батырдың кесенесінің шағын көшірмесі орын алған. Ағайынды қолөнершілер Қалдыровтар тарту еткен күбілер көрнекті орынға қойылған.

Менің көңілімнен бір шыққаны – безендіруші Евгений Скопиновтың компьютер арқылы залдардағы көріністерді бір орталықтан көрсетуге қолайлы етіп, бағдарлама жасауы. Осы арқылы фойеде үлкен панорамалық бейінде қазақтың салт-дәстүрлерін, қару-жарақтарын, тұтынған басқа да заттарын, ұлттық тағамдарын көрсетуге болады. Негізінен, жас көрермендерге бағдарланған бұл көріністер “Бастауларға – жол” деп аталады. Алайда, оны ересектерге, әсіресе, қазақ халқының тұрмыс-салтымен аса таныс емес меймандарға ұсыну қолайлы.

Мұражай ұжымы қазақ хандығының 550 жылдығына арнап “Гүлденген Қазақстан” атты көрме жасауды көздеп, соған орай жасалған жоспарды жүзеге асырмақ.

Наурыздың 18-інен бастап “Көненің көзіне саяхат” атты шара өткізуге дайындық жасауда.

Осы жұмыстарды төрт экскурсия жүргізушісі және қорларды пайдаланумен айналысатын екі қызметкер жүзеге асырады.

Менің пайымдауымша, үлкен мәдени орталықтардан шалғай, тысқары жерлерде орналасқан мұндай мұражайлардың барлық жәдігерлерді толық қамтып, көрсетуге дәрмені жете бермейді. Ол үшін арнайы экспонаттарды алдырып, жұртшылыққа ұсыну керек. 2013 жылы “Абылай хан резиденциясында” Түркістандағы “Қожа Ахмет Яссауи кесенесі” қорық-мұражайының жәдігерлері қойылған еді.

Аталған көрменің ашылуында болып, қазақ мемлекеттігінің тарихымен таныса түскенім жадымда. Бұл көшпелі көрменің пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені, ол елтануда білігімізді арттырды.

Мұндай көшпелі көрмелерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрса, рухани дүниеміз кеңейе түсетіні сөзсіз.

Осылай дей тұрсам да, кейбір кемшіліктерді назардан тыс қалдырмауға бекіндім. Әрине, аталған мұражайдың шаңырақ көтергеніне он жыл бола қоймаса да, сол ағаттықтарды айтпауға болмайды. Біріншіден, мұражайда ғылыми жұмыспен айналысатын ғылыми дәреже иеленген тарихшы-маманның жоқтығын айтар едім. Бұл мәселені алға тартқанда резиденцияның тарих бөлімінің басшысы Батыр Әбілмәжінов пен экспозициялар және көрмелер ұйымдастырушы маман Гүлнар Жұмабекова жауапты қаржының аздығына әкеліп тірей берді. Олардың айтуынша, еңбекақының аздығынан жас мамандар мұражайда қызмет істеуге аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді.

Экспонаттарды жаңартуға да қаражат қажет екені тілге тиек етілді. Мәселен, батырлардың қылышы, садағы, қалқаны, тағы басқа қару-жарақтары қажет етілген жағдайда оларды жасайтын аса шебер кәсіпқойлар әрқайсысына, кемінде, 500 мың, одан асса, 1 миллион теңгедей ақы сұрайтыны алға тартылды.

– Әрине, біз мұндай қаражатты тауып бере алмаймыз, – дейді мұражай қызметкерлері.

– Ал келушілердің ықыласы қалай? Мектептермен, арнаулы, жоғары оқу орындарымен байланыс жасайсыздар ма? – деген сауалыма да аса мардымды жауап ала алмадым.

– Мұражай шеткері жерде орналасқан ғой. Көбіне осыны алға тартып, шақырған мекемелерден келушілер бой тартып тұрады. Соған қарамастан, өзіміздің экскурсия жасаушылар мектептерге, колледждерге, университетке барады. Бірақ бұл әңгімелердің әсері мұражайға келіп көргенге жетпейді ғой, – деп келісті мұражай қызметкерлері.

Осы ретте, жасыратын несі бар, біздің азаматтардың енжарлығын да айтпауға болмайды. Немерелерін ертіп келіп, ел тарихымен таныстыруды ойлайтын ересек адамдар некен-саяқ екенін мұражай директоры Гүлнәр Сыздықова айтып берді.

Айына коммуналдық төлемдерге және қызметкерлердің еңбекақысына бір миллион теңге ғана жұмсалады екен. Сондықтан жас мамандар аса тұрақтамайтыны белгілі болды.

Қалайда қосымша қаржы табу үшін мұражай неке қию, той өткізу сияқты амалсыз шараларға да барып отырғанын білдік. Бұл тығырықтан шығудың жолы емес.

Біздің тілейтініміз – қазақтың ұлы ханы – Абылайдың атындағы мұражайдың мемлекеттігіміздің 550 жылдығы сияқты аса маңызды оқиғаны отандастарымыздың рухани өрлеуіне, қоғамдық келісім мен тұрақтылыққа қызмет ететіндей деңгейде өткізуге жұмылуы керектігі.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp