«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ АЙНАСЫ

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өңір баспасөзінің қарашаңырағы – «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдығына арналған «Мағжаннан басталған жол» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Шараға аталмыш басылымның ардагерлері мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері қатысты.

«Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы», «Солтүстік Қазақстан» болып бес рет атауы өзгерген «қарашаңырақтың» ғасырдан астам тарихына көзі қарақты оқырман куә.

– Газет – өмір мектебі, өңір айнасы. Кешегі Мағжан, Смағұл, Қошкелердің ізі қалған қасиетті басылымнан қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай қаламгерлері шықты. Газетіміздің өз тұғырынан түспегені шын қуантады. Таралымының өзі ұжымның ауызбіршілікте екенін аңғартады. Жаңашылдыққа ұмтылатынын әр нөмірінен байқаймыз, – деді газеттің бұрынғы басшысы, белгілі жазушы- журналист, облысымыздың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов.

Газетті өмірінің мәніне айналдырған еңбек ардагері Тілек Әбдірахманов кезінде редакцияға қызметке шақырғанда бармағанына өкінетінін жеткізсе, күйші Серікбай Құсайынов басылыммен әлі күнге дейін шығармашылық байланыста екенін, «Бір әннің тарихы», «Есте жүрген есімдер», «Тағзым», «Таным» айдарлары арқылы көңілде жүрген ойларды тілшілердің қолдауымен қағаз бетіне түсіретінін атап өтті. Ардагер ұстаз Қымбат Исманова газеттің әр нөмірі кешігіп жатса, тағатсыздана күтетінін, Мағжаннан тәбәрік болған басылымның заман көшіне ілесіп келе жатқанын сүйсіне жеткізді. Жергілікті ақындар Нұрсайын Шәріп пен Аманжол Зағыпар жырдан шашу шашып, отырыстың шырайын кіргізді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp