«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ БАС ПОЛИЦЕЙІНЕ – ЖАҢА ШЕН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери атақ алған қызметкерлердің тізімі жарияланды. Бұл тізімде облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев та бар. Өңіріміздің бас тәртіп сақшысына полиция генерал-майоры арнаулы шені  берілді.

Марат Сағынтайұлы 1992 жылы Ішкі істер министрлігінің Алматы арнайы орта милиция мектебін тамамдаған. Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілінен бастап  Қостанай облысындағы Наурызым аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарына дейін жеткен. Ішкі істер министрлігі академиясының басшы құрамды даярлау факультетін аяқтаған соң, 2004 жылы Астана қалалық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасында бөлім бастығы лауазымына тағайындалған. Әр жылдары Астана қалалық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының, екі аудандық бөлімінің басшысы болып қызмет еткен.

Жоғары кәсіби шеберлігі үшін 2016 жылы Қостанай облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдың қарашасынан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болды. Содан бері өңіріміздің полиция ведомствосына жетекшілік етуде.

Марат Төлебаев —  өңір тұрғындарының қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне ғана емес, руханияттың дамуына да үлес қосып жүрген азамат. Жүз жылдан астам тарихы бар қарт басылым «Солтүстік Қазақстан» және қалалық «Қызылжар нұры» газеттерінің таралымына үнемі қолдау көрсетіп келеді. 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай Президентіміздің қолынан жаңа қызметтік шен алып отырған өңіріміздің бас полицейіне осынау мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp