«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ ЖЫЛНАМАСЫ

Қазақ баспасөзі – ұлтымыздың ұлы тұлғаларының арманы еді, өзге озған жұрттармен қазақ баласының терезесін теңестіруге ұмтылысы еді. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дегенге иманынан бетер табынған халық ауызекі тілден гөрі сауатты, тасқа басылған әріптермен әдіптелген кітап сөзіне зәру екенін ерте түсінген Алаш ғұламалары қараңғылықтың шеменіне шегенделген халықтың рухани бостандығын, сана сілкінісін баспасөз ғана оятатынына сенді. Сөйтіп, шетсіз-шексіз сайын далада бұқаралық үнжариялар шығаруға ұмтылыс көбейді. Кешікпей «Айқап», «Тіршілік», «Жас азамат», «Қазақ» сияқты қазақ баспасөзінің қарлығаштары өмірге қанат қағып, ел-жұрттың көкірегіне сәуле шашты. «Soltüstık Qazaqstan» газетінің жолы да осындай ұлы рухани ұмтылыстардан бастау алды.

«Soltüstık Qazaqstan» газетінің арғы тегі – 1920 жылғы 22 ақпанда Омбы қаласында шыға бастаған «Кедей сөзі».

Басылым ол кезде Омбы губерниясына қарайтын Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар және Омбы уездеріндегі қазақ еңбекшілерінің тұрмысын көрсетіп отырды, Новосібір облыстық партия комитетінің мұрағатындағы құжаттарға қарағанда, 1920 жылы «Кедей сөзінің» редакторы большевиктік партияның байырғы мүшесі, Омбының мұғалімдер семинариясын бітірген Мұқан Әйтпенов болған. Газеттің одан кейінгі редакторы – Әбілқайыр Досов, хатшысы – Махмуд Фазылов, әдеби қызметкері – Бекмұхан Беркенбаев, әріп теруші Кәрім Балтабаев деген азаматтар. Сол жылдың аяғына қарай газет редакторы қызметін Темір Телжанов атқарған. Редакцияда Әбдірахман Айсарин, Смағұл Сәдуақасов, Бекмұхамед Серкебаев, Шәпен Бисатов қызмет еткен. Осы жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет еткен қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев газет ісіне белсене араласқан.

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясы құрылуына байланысты Омбы губерниясының әкімшілік аумағында өзгерістер болды. Қазақстанның құрамында Ақмола губерниясы ұйымдастырылып, оның орталығы Петропавл қаласы болып бекітілді. Осыған байланысты «Кедей сөзі» газеті РКП(б) Ақмола губерниялық комитеті мен губревкомның органы ретінде «Бостандық туы» деген жаңа атаумен Петропавлда шығарыла бастады. Бұл кезеңде газетті Петропавлға көшіру, қағаз тапшылығы сияқты күрмеуі көп мәселелерді шешу керек болды. Осындай кезде Жанұзақ Жәнібеков, одан соң Сабыр Айтқожин сияқты азаматтар газетті басқарды. Жалпы жеті жыл жарық көрген «Бостандық туына» жауапты редакторлар ретінде Ж.Сұлтанбеков, Ш.Ералиев, Ж.Жәнібеков, С.Сапарбеков, Ж.Тілепбергенов, Ж.Тәттібаев, М.Қайыпназаров қол қойған.

1928 жылдың күзінен 1932 жылдың көктеміне дейін Петропавл округтік партия және атқару комитеттерінің үні болған «Кеңес ауылы» газетін басқару, уақытында шығарып тұру жеңіл болған жоқ. Бұл – Сталиннің партиядағы, сонымен бірге бүкіл елдегі билікті қолына алып, тізгінді сыңар езулете тартқан қанкешті тұсы еді.

Осы төрт жылға жуық мерзімде сол кездегі саясатқа сәйкес газет беттерінде «Астық дайындау науқанында», «Партия тіршілігі», «Комсомол жастар тіршілігі», «Кеңес сайлауы» сияқты айдарлармен бай-кулактардың астығын тәркілеу, алғашқы бес жылдық жоспарлардың орындалуы, елдегі саяси оқиғалардың барысы туралы сан алуан материалдар беріліп тұрған. Газет әйел теңдігі мен қалың мал мәселесін көп көтерген. «Денсаулық істері» деген айдармен мақалалар жиі жарияланған. Халықтың сауатын ашу мәселесіне белсене атсалысып, қазақ тілінің араб әліпбиінен латын әрпіне көшуі кезеңінде «Жаңа әліппе» деген айдармен сабақ ұйымдастырған. Одақтағы және шетелдегі оқиғалар да қамтылған. «Кеңес ауылы» газетіне С.Баймаханов, Ж. Баймағанбетов, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов редакторлық еткен.

Алпыс жылдан астамғы белестің айнасы болған «Ленин туы» соқадан бастап, аждаһадай зымыранға қол жеткізген заманның бейнесін жасады. Газет елімен бірге жасады. Ол Сталиннің қанды репрессиясын да, Хрущевтің жылымығын да, Брежневтің тоқырауын да бастан өткерді. «Халық жауларын» әшкерелеу кезеңінде «Ленин туының» алғашқы редакторлары Есіркеп Қалымбетов, Елжас Бекенов, Әбдірахман Айсарин, Зәйтүн Сыздықов атылып кетті.

«Ленин туында» сол жылдары өмірдің өзекті тақырыптарын көтерген очерктер, суреттемелер, сыни мақалалар, фельетондар шоғыры пайда болды. Газет тізгінін алған Өміржан Оспанов, Ғалым Мұхамеджанов, Балтабек Асанов, Құрмантай Меңдіғожин, Уәп Рақымжанов – 60-70 жылдардың ауыр жүгін арқалағандар. Мұқамедқали Нұрғожин, Ғазез Нұрмолдин, Рәшид Бәдірленов, Сабыр Сауытбаев, Уәра Нұрсеитов, Сұлтан Темірханов, Бақыт Мұстафин, Серік Қасенов, Тұрысбек Қадіров – осы кезеңдегі кеңес баспасөзінің тайқазанында қайнап-піскен қаламгерлер еді.

Газет 1993 жылғы 1 желтоқсаннан «Солтүстік Қазақстан» деген атпен шыға бастады. Газетке Бақыт Мұстафин, Жарасбай Сүлейменов, Кәрібай Мұсырман редакторлық етті.

90-шы жылдардағы қаржы тапшылығына, соның салдарынан бір ғимараттан екіншісіне көшіп, әуреге түсулеріне қарамастан редакция қызметкерлері ел басына түскен қиындықтарды, оларды жеңудің, экономиканы жаңа арнаға көшірудің жолдарын, әлеуметтік, мәдени салалардағы өзгерістерді жан-жақты, шынайылықпен көрсетіп отырды.

2018 жылдың наурызынан бастап газет атауы латын қарпімен «Soltüstık Qazaqstan» деп шыға бастады. Халық «қарашаңырақ» деп қастерлейтін, өңіріміздегі белді де, беделді басылымның жүріп өткен жолы осындай. Өткен кезеңнің басты сипаты өсіп-өркендеу болды десек те, оның жұлдызды сәті әлі алда екеніне сенеміз!

Дайындаған

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan» .

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp