«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ АЛТЫ НЫСАНМЕН ТОЛЫҚТЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – дей келе, “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасын жасау қажеттігін айтқан болатын.

Көп ұзамай ұлан-ғайыр жері мен аса бай тарихы бар Ұлы даланың қасиетті орындарының картасы жасалып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған тарихи-мәдени ескерткіш пен өзге де қастерлі орындар енгізілді. Аталмыш бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру аясында біздің өңірімізде де жергілікті тұрғындар құрмет тұтатын киелі жерлерді анықтау жұмыстары жоспарлы түрде қолға алынғаны белгілі. Бүгінгі күні мұрағат құжаттарының негізінде облысымыздағы 19 киелі жер картаға енді. Облыс орталығындағы “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешені, Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі, ежелгі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысы (б.д.д 4-3 мыңжылдық), Айғаным қонысы, Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау мазары, Есіл ауданындағы Құлсары батыр кесенесі – республикалық маңызға ие нысандар саналады. Бұлардан басқа Қызылжар өңірінің картасына Шал ақын ауданындағы б.д.д. V ғасырда негізі қаланған Байқара ескерткіші, Жамбыл ауданындағы Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов мұражайлары, облыс орталығындағы “Қызылжар” мешіті, апостолдар Петр мен Павел шіркеуі, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші, М.Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайы сияқты нысандар да еніп отыр.

Жуырда жобаны жүзеге асырушы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы жанынан белгілі тарихшылардан, ғалымдар мен өлкетанушылардан құрылған арнайы комиссия өңіріміздің киелі жерлеріне тағы алты нысанды қосты. Мамандар ұсынылған әрбір орынды тарихи негізге, ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып біраз уақыт зерттеді. Киелі орындар картасына енген алты нысанның үшеуі – Ақан сері, Ноғайбай би мен Тоқсан би бабаларымыздың мазарлары республикалық комиссия мүшелеріне ұсынылып, “Қазақстанның киелі жерлері картасына” енгізілді. Ал Сары мен Сүйір батырлардың мемориалдық кешені, Жансүгір батырдың ескерткіші және Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекмағамбет Жұмабаевтың мәңгілікке жайғасқан жері киелі орындардың өңірлік картасынан орын тапты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қызылжарлықтар үшін киелі саналатын алты нысан жайдан-жай таңдалып алынған жоқ. Олар бүгінде жергілікті тұрғындар ерекше қастерлеп, тәу ететін орындарға айналған. Солардың әрқайсысына қысқаша тоқталып өтсек, артық болмас.

Тоқсан би мазары Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Западное ауылының жанында орналасқан. Тоқсан би Жабайұлы ХVIII ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген. “Дала данышпаны” атанып, туралығымен, әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен. Әкесі Жабай Абылай ханның батырларының бірі болған, керей тайпасының басшысы. Тоқсан бидің тұлға ретінде танылуына керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал етті. Ол немересін шешендік өнерге баулыды. Даңқты тұлғаның мазары 2000 жылы салынып, басына тас қойылды.

Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылынан 5 шақырымдай жерде “Сары оба” қорғаны орналасқан. Дәл осы қорғанда Сары батырдың мәйіті жатыр. Сары батыр 17 жасынан шапқыншыларға қарсы күрестерге қатысқан. “Ақтабан шұбырындының” қасіретті жылдарында ержүректілігі мен жауынгерлік қабілеттерімен ерекшеленген. Осы обаға жақын жерде тағы бір қорған көтерілген. Бұл – “Сүйір батыр обасы” деп аталады. Оған Ер Сарының тумаласы Сүйір батыр жерленген. Қос батыр да – халықтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ержүрек жандар.

Өңір жұртшылығы Қожаберген, Бөгенбай батырлардың жасағы құрамында қалмақтарға қарсы жорықтарға қатысып, мыңбасы болған, ержүректілігімен, шешендігімен көзге түскен Жансүгір Баубекұлының есімін ерекше қастерлейді. Әйгілі батырдың кесенесі жергілікті кәсіпкерлер Біржан Шәймерденов пен Елтай Зікіриннің демеушілігімен былтыр Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылы маңында ашылған болатын. Жансүгір батырға арналған зәулім кесененің биіктігі 15 метрді құраса, мәрмәр тастар Ақтаудан арнайы алдырылды.

Қазақ даласын әнімен тербеткен ақтаңгер әнші Ақан серінің мазары Айыртау ауданындағы Мәдениет ауылынан бірнеше шақырым қашықтықта. 1993 жылы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жөнделген.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылында Ноғайбай би мазары бар. Сол кездегі Петропавл уезінде жазылған құжаттарға, тарихи оқиғаларға қатысына қарағанда Ноғайбай би – 1830-1910 жылдар арасында өмір сүрген үлкен тарихи тұлға. Ноғайбай Батырбекұлының болыстық қызметі облысымыздың шұрайлы жерлеріне орыс шаруалары шұбап келіп орналасып жатқан өте бір қиын уақытқа тұспа-тұс келеді. Орыс старшындарының жергілікті халықтың атамекенін тартып алған, шектен тыс озбырлық өршіп тұрған аласапыран уақыт еді. Осындай қиын уақытта болыстық қызметін пайдаланып, сол өңірдегі тұрғындарға пана болды. Толып жатқан ел дауын, жер дауын халық пайдасына шешіп, Петропавл, Омбы уездеріне аты жайылды.

Біздің өңірімізде халқымыздың тарихында ойып тұрып орын алатын киелі жерлер аз емес. Оларды “Қазақстанның киелі жерлері картасына” енгізу жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

Сәуле МӘЛІКОВА, облыстық мемлекеттік архивтің директор

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp