«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ 2019 ЖЫЛҒЫ ҚАҢТАР-ЖЕЛТОҚСАН АЙЛАРЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі” атты Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы облыс экономикасының серпінді дамуына мүмкіндік беруде. Нәтижесінде 2019 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң өсім байқалды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, тұрғын үй салу – 15, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 8,8, құрылыс жұмыстарының көлемі – 7,6, өнеркәсіп өндірісі – 2, ауыл шаруашылығы – 0,4, көтерме сауда – 1, ал бөлшек сауда 0,4 пайызға өсті. 

Өнеркәсіп

Соңғы жылдары облыстық өнеркәсіп кәсіпорындары серпінді дамуда. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 254,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, қайта өңделген өнімнің көлемі 186,8 млрд. теңгені құрады. Оның 64,1 пайызы азық-түлік өнімдерін өндіру саласына тиесілі. 2018 жылмен салыстырғанда бұл саладағы өсім 110 пайызға жетті. Макарон өнімдерін шығару көлемі – 40,4, тазартылмаған өсімдік майы – 23,5, сүт өнімдері – 14,1, ұн үктіру 9,3 пайызға өсті.
Ағаштан жасалған бұйымдар – 2,8, сусындар шығару – 18,5, ал металл емес минералды өнімдер өндіру өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға артық орындалды. Металлургия өнеркәсібінің өндіріс көлемі 1,7 есе, жеңіл өнеркәсіп – 23,9, металдан жасалған бұйымдар көлемі 23,6 пайызға артты.
Қаңтар-желтоқсанда 320,5 мың тонна ұн, 166,4 мың тонна сүт және кілегей, 26,4 мың тонна макарон, 2,6 мың тонна сары-май және спред, 1,5 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 3,2 млн. литр алкогольді сусын, 2,7 млн. литр минералды су және алкогольсіз сусындар шығарылған.
Былтыр біздің облысымыз макарон өнімдері өндірісінің үлес салмағы бойынша еліміздің барлық өңірлері арасында бірінші орынға көтерілді. Сүт өнімдерінің өндірісі бойынша екінші, ұн үгу-жарма өнеркәсібі бойынша төртінші орындамыз.

Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Бүгіндері ол өңір экономикасының жетекші саласы болып табылады. Оны дамытуға қаңтар-желтоқсанда 107,6 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 26,5 пайызға артық.
Өткен жылдың он екі айында 633,8 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсу қарқыны 0,4 пайызды құрады.
2019 жылы 97,2 мың тонна (103,5 пайыз) мал мен құс еті дайындалып, 567,7 мың тонна (102,3 пайыз) сүт сауылды, 802,9 млн. дана (99,2 пайыз) тауық жұмыртқасы алынды.
2020 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша барлық мал түрінен өсім тіркелді. Атап айтқанда, ірі қара – 3,1 пайызға (366,5 мың бас), қой мен ешкі – 3,7 пайызға (419,3 мың бас), шошқа – 16,3 пайызға (174 мың бас), жылқы – 5,7 пайызға (131 мың бас), көбейген. Құс 4,6 млн. басты құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егістік алқаптарды әртараптандыру жұмыстары сәтті жүргізілді. Нәтижесінде дәнді дақылдар себілген алқаптар 62 мың гектарға ұлғайтылып, майлы дақылдар алқабы 15,7 мың гектарға азайтылды.
Облыста ауыл шаруашылығы жерлеріне суару жүйесі енгізілуде. Атап айтқанда, 2019 жылы суарылатын жерде өсірілген картоп (318,9 ц/га.) пен сәбіздің (743,9 ц/га.) түсімі артты. Бұл суару жүйелері пайдаланбаған жерде өсірілген дақылдардың түсімінен 1,8 және 2,2 есе жоғары.


Құрылыс

2014 жылдан бастап облысымызда “Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасы cәтті жүзеге асырылуда. Осылайша 2030 жылға қарай тұрғын үй құрылысын бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізуді қамтамасыз ету көзделуде. Бүгінгі күнге бұл көрсеткіш облыс бойынша 21,4 шаршы метрді құрайды.
Құрылыс саласын дамытуға өткен жылы 1,5 млрд. теңге инвестиция бағытталды. 2019 жылғы аталмыш кезеңде облысымызда тұрғын үй құрылысында 29,2 млрд. теңгенің қаражаты игерілді.
Облыс аумағында тұрғындар мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жалпы ауданы 250,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 2573 пәтер пайдалануға берілді. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда өсім қарқыны 115 пайызды құрады. Тұрғын үйлердің 48,3 пайызы, яғни 121,1 мың шаршы метрі – тұрғындардың өз қаржысы, 28,4 пайызы, яғни 71,2 мың шаршы метрі – бюджет қаражаты, ал 23,3 пайызы, яғни 58,2 мың шаршы метрі кәсіпорындардың қаражаты есебінен тұрғызылды.
Облысымызда өткен жылы жол құрылысы жұмыстарын жүргізу барысында 34,3 млрд. теңге игерілді. Бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,3 есеге артық.

Инвестициялық қызмет

Облыс экономикасына инвестициялар оң әсерін берді. Былтырғы жылдың 12 айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 8,8 пайызға өсіп, 235,6 млрд. теңгеге жетті. Барлық инвестицияның 53,6 пайызы машиналар мен жабдықтар сатып алуға, 37,8 пайызы құрылысқайта құру жұмыстарын жүргізуге бөлінді.
Облыс бойынша негізгі капиталға салынған жекеменшік инвестициялар көлемі 193,8 млрд. теңгені құрады. Өсім – 21,9 пайыз.
Мамлют (1,9 есе), Тайынша (30,9 пайыз), Жамбыл (29,4 пайыз) аудандарында жекеменшік инвестициялардың өсу қарқыны байқалды.

Сауда

Бөлшек саудада физикалық индекс көлемі 100,4 пайызды құрап, 252,3 млрд. теңгенің тауары сатылды. Оның ішінде сауда жасайтын кәсіпорындар – 109,1 млрд. теңгенің, жеке кәсіпкерлер 143,2 млрд. теңгенің тауарын сатты.
Бөлшек сауда жүйесі арқылы азық-түлік емес тауарлар көп сатылуда. Бұл көрсеткіш 190,7 млрд. теңгені, яғни бөлшек сауданың жалпы көлемінің 75,6 пайызын құрады.
2020 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауар қорларының көлемі 11,2 млрд. теңгеге жетті.
Қаңтар-желтоқсандағы көтерме сауда көлемі 346,5 млрд. теңгені құрады. Өсім – 101 пайыз. Көтерме саудадағы тауар айналымында азық-түліктік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге басымдық берілген (79,6 пайыз).

Шағын және орта кәсіпкерлік

Шағын және орта бизнес облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады. 2019 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында 107 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,9 пайызға жоғары.
Шағын және орта кәсіпкерліктің 2019 жылғы қаңтар-қыркүйектегі жалпы қосымша құны 281,9 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде қаңтар-қыркүйек айларында 472,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17,3 пайызға артық.

Еңбек нарығы

2019 жылы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есептемегенде, жалдамалы қызметкерлер саны 119 мың адамды құраса, ірі және орта кәсіпорындарда 72,5 мың адам еңбек етуде.
Жұмыспен қамтудың салалық құрылымында аздаған өзгеріс бар. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығында 93,2 мың адам (31,4 пайыз), білім беру саласында 36 мың адам (12,1 пайыз), өнеркәсіпте 24 мың адам (8,1 пайыз), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 15,4 мың адам (5,2 пайыз) еңбек етеді.

Халық табысы

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруға, табыстың тұрақты өсуіне және тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық берді. Өңірімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Үй шаруашылықтарының табыс деңгейін есептеу үшін статистика департаментінің мамандары әр тоқсан сайын іріктемелі зерттеулер өткізеді.
Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша бір адамның атаулы ақшалай табыстары облыс бойынша 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте орташа есеппен айына 87 764 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға өскенін көрсетті. Халық табысының 55,4 пайызы еңбек етуден түскен табыстар болса, 39,8 пайызы әлеуметтік трансферттер (зейнетақы, шәкіртақы, мемлекеттік әлеуметтік көмек, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі), 3 пайызы – туыстарының материалдық көмегі, ал 1,8 пайызы – алименттер және өзге табыстар (жекеменшіктен түскен табыс, өзге ақшалай түсімдер).

Еңбекақы

Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда) 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте 126 181 теңгені құрады. Бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16,1 пайызға көп.
Қаржы және сақтандыру қызметкерлерінің жалақысы – 218 240 теңгені, құрылыста – 151 022 теңгені, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде – 124 074 теңгені, өнеркәсіпте – 121 220 теңгені, білім беруде 112 111 теңгені, саудада 103 598 теңгені құрады.
Облыста ең жоғары жалақы Ғабит Мүсірепов атындағы (118 604 теңге) және Қызылжар (117 558 теңге) аудандарына тиесілі. Ең төменгі жалақы Айыртау (105 556 теңге) және Ақжар (105 757 теңге) аудандарында тіркелген. Облыс орталығында жалақы 145 431 теңгені құрады.

Баға

2019 жылы облыс бойынша инфляция деңгейі 5,5 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары – 9,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 4,4 пайызға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 1,9 пайызға қымбаттады.
Өткен жылы ұнның бағасы – 25,4 пайызға, жұмыртқа – 22,7, нан – 21,1, күріш – 15,8, жармалар – 14,2, макарон өнімдері – 10,6, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері – 9,5, кондитер өнімдері 8,3 пайызға өскен.
Жемістердің бағасы 7,3 пайызға артса, көкөністер 8,7 пайызға арзандады. Атап айтқанда, ет (ет өнімдерін қоса алғанда) – 10,8 пайызға, сүт өнімдері – 10,5, темекі өнімдері – 10, балық және теңіз өнімдері – 9,7, алкогольді ішімдіктер – 8,9, алкогольсіз сусындар – 8,6, май және тоңмайлар 2,5 пайызға қымбаттады. Ал қант 19,6 пайызға арзандады.
Азық-түлік емес тауарлардың ішінен газет, кітап және кеңсе тауарларының бағасы – 6,9 пайызға, аяқ киімнің жекелеген түрлері 6,7 пайызға қымбаттады. Жуу және тазалау құралдары – 6, жуғыш және тазалағыш құралдар мен дәрі-дәрмек – 5,5, демалыс, спортқа арналған тауарлар мен жабдықтар – 5, жеке бас гигиенасына арналған тауарлар, бұйымдар – 4,7, үй тұрмысына қажетті заттар – 4,3, дыбыс- бейнежазу жабдығы 2,6 пайызға қымбаттады. Бензин бағасы – 1,1, ал қатты отын 0,8 пайызға арзандады.
Былтыр тұрғын үй-коммуналдық тарифтерінің бағасы төмендеді. Атап айтқанда, суық су бағасы – 9,2 пайызға, электр энергиясы – 6,8 пайызға, қоқыс шығару – 5,2 пайызға, тарату жүйесі мен келетін газ 1,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар медицина қызметтері – 9,5 пайызға, салт-жора қызметтері – 6 пайызға, сақтандыру қызметтері – 5,1 пайызға, білім беру – 3 пайызға, байланыс 1,7 пайызға арзандады.
Киімді тазалау, жөндеу және жалға беру бағасы – 10,7 пайызға, аяқ киім – 2,8 пайызға, тұрмыстық құрал-жабдықтар 1,8 пайызға көтерілді. Пәтерді жалға беру бағасы 2,4 пайызға өсті. Бағалар деңгейі мейрамхана және қонақүй қызметтерінде – 8,6 пайызға, демалыс, көңіл көтеру және мәдениет саласында – 5,5 пайызға, шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелерінде 4,2 пайызға қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ түсірді.
Бұдан бөлек темір жол көлігімен жол жүру – 3,4 пайызға, автомобиль қызметі 2,4 пайызға қымбаттады.

Демографиялық ахуал

2019 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша облыс тұрғындарының саны 549,2 мың адамды құрады. Оның 46 пайызы (252,9 мың адам) қалалықтар болса, 54 пайызы (296,3 мың адам) – ауыл тұрғындары.
2019 жылдың қаңтар-қараша айларында облыс халқының табиғи өсімі 216 адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 617 адам болған еді.
Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 6364 сәби дүниеге келсе, 6148 адам өмірден озды. Былтыр өңірімізде 3143 шаңырақ көтерілді. Дегенмен, жыл соңына дейін 1833 отбасы ажырасқан.
Халықтың негізгі өлім-жітім себептерінің ең көбі қан айналымы жүйесінің ауруларына (16,3 пайыз), тыныс алу органдары ауруларына (14,5 пайыз) тиесілі.
Облыстағы демографиялық жағдайға көші-қон өз әсерін тигізуде. 2019 жылдың қаңтар-қарашасында барлық көші-қон ағымдары бойынша 6742 адам көшіп келсе, 8871 адам өзге өңірлерге қоныс аударды.

Марал НҰРЖАУЫПОВА,
облыстық статистика департаментінің басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp