«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІ ӨРКЕНДЕТУ МАҚСАТЫНДА туризмді дамытып, қазба байлықты игеру қажет

30 желтоқсанда өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің қорытынды отырысында үш мәселе қаралды. Алғашқысы – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының былтырғы жылы атқарған жұмысы жайында оның басқармасының төрағасы Есжан Оразалин баяндады.

Былтыр жоспарды 3 есеге асыра орындап, 300 миллион теңгенің жұмысын атқарған корпорация бүгінде жер қойнауын пайдалану саласы бойынша 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру ісін қолға алған. “Kyzylzhar Invest – 2014” халықаралық инвестициялық форумда шетел инвесторларымен геологиялық барлау және кен орындарын өңдеуге, кен байыту және тау-металлургиялық кешендер мен зауыттарды салуға қатысты жалпы құны 13,6 миллиард теңге болатын 10 меморандумға қол қойылыпты.

Азық-түлік тауарларын сақтаудағы шығынды үнемдеу мақсатында облыс орталығындағы Егемен Қазақстан №1 “Б” көшесі бойында көтерме-сауда базарын пайдалануға беру жұмыстары ұйымдастырылып жатқанын айтқан Есжан Оразалин аталмыш базар аумағында 25 сауда орны мен 10-нан кем емес сауда нүктесін ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, 2015 жылы облыс аудандарында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған машина-трактор станцияларын ашу жоспарланған.

Облыс әкімі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшысына меморандумдар аясындағы жұмысты жүйелі түрде орындауды тапсырды.

Әкімдік отырысындағы келесі мәселеде облыстағы туристік саланы дамыту жайы сөз болды. Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Еркебұлан Кәменовтің мәлімдеуінше, өткен жылы келушілерді орналастыру нысандарының саны –15 пайызға және қонақүйлер саны 19,4 пайызға өскен. Туристік бизнес саласында 48 жазғы үй салынып, Айыртау ауданында “Солнечный ВИП” демалыс аймағында маралдың мүйізімен емдеу орнын ашу” жобасы қолға алынған.

Өңіріміздегі туризм саласын дамытудың шеберлік-жоспарына сай бірінші кезекте туризм нысандарының жаңғыртылуына назар аударылмақ. Мұндай мекемелердің 38-інің 2-еуінде жаңғырту жұмыстары басталыпты. Былтыр туристік саланың 3 кәсіпкері мемлекеттік қолдауға ие болса, Петропавл қаласында құрылысы биылғы жылы басталғалы отырған 3 қонақүй инвесторлардың қаражатына салынбақ. Ерік Хамзаұлы орынбасары Ерлан Әукеновке қонақүйлердің құрылысын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

“Туризмнен түскен табыс 300 миллион теңге емес, кемінде 1,5-2 миллиард теңге болуы керек. Сонда ғана ілгері басушылық болады”, – деген облыс әкімі жауапты ведомство басшысына шеберлік-жоспарын пысықтап, туризмді дамытудың 2015 жылға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді жүктеді.

2014 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің облыс тұрғындарымен есепті кездесулерін өткізу қорытындысы және азаматтардың өтініштерімен жұмыс жайын облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет хабарлады. Бір жылдың ішінде, негізінен, елді мекендерді абаттандыруға, жолдардың, ауызсудың сапасына, әлеуметтік маңызға ие нысандар құрылысына қатысты өтініштер мен ескертулердің 1079-ы бірден шешіліп, 830-ы бақылауға алынған. Былтыр облыс әкімі 235 адамды қабылдаса, виртуалды қабылдауға жазылған 828 адамның өздерін толғандырған мәселелеріне толымды жауап берілген.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp