95 жылдық тағылымды тарихы бар, қай кезде де уақыт талабы мен заман сұранысына сай қоғамдық сананың қозғаушы күші бола білген “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетін мерейтойымен құттықтаймын!
Бір ғасырға жуық уақыт ішінде туған өңірімнің басты газеті қазақ елінің басынан кешкен даму үдерістерін қатар өткеріп келді. Абыз басылым ел басына күн туған кезеңдерде өңір жұртшылығына үзбей ақпарат таратумен қатар, ел азаматтарының рухын қайраттандыра білді. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі қиындық пен қызыққа толы әр күннің куәгері болды.
Бүгінгі таңда ел саясатын насихаттап, өңір тынысын сездіре білген облыстық басылым, шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, “халықтың көзі, құлағы һәм тіліне” айналып отыр. Осы тұрғыда ел Президентінің “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды насихаттауда сіздер үлкен істердің хабаршысы болып отырсыздар. Бұл өте дұрыс.
Редакция ұжымына зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыстар тілеймін!
Зейнолла МОЛДАХМЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Солтүстік Қазақстан облысының
құрметті азаматы.