Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Парламент депутаттары он күн бойы елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік нысандардың жұмысымен, құрылыс барысымен танысты.
Жұмыс сапарының соңғы күні Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қоғам өкілдерімен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, депутаттармен кездесудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қалай орындалып жатқанын тілге тиек еткен халық қалаулылары үстіміздегі жылдың басынан қолданысқа енген заңдардың ұтымды тұстарымен таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай әсері болатынын түсіндірді. Өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар қос депутат атқарылған істерге оң бағаларын беріп, алдағы жоспарларға қатысты өз ойларын білдірді. Бүгінгі таңда елімізде Nur-Sultan мен Алматы қалалары, Маңғыстау, Атырау облыстарынан басқалары республикалық бюджетке иек артып отырған өңірлер екені белгілі. Біздің өңірдің табысы өз шығынының тек 17 пайызын өтейді. Биыл республикалық бюджеттен өңірімізге 142 млрд.теңге бөлінген. Сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, өңірлерге қаржы бөлер кезде солтүстік облыстардағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы, ішкі жалпы өнім көлемі, шағын жинақты мектептердің жағдайы, өңір аумағының көлемі назарға алынған. Өңірімізге бөлінген қомақты қаржының тиімді жұмсалып жатқанын айтып өткен сенаторлар игілікті істің жалғасын табарына сенім білдірді.