
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Оңтүстік Кореяда өткен ХVІІ жазғы Азия ойындарында сәтті өнер көрсеткен жерлес спортшыларды қабылдады.
Салтанатты шара барысында спортшыларды жеңістерімен құттықтаған өңір басшысы Ерік Хамзаұлы үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткенін тілге тиек етіп, спортшылар мен жаттықтырушыларға жетістіктері үшін шын жүректен алғысын білдірді.
– Қазақстан ұлттық құрамасы Азия ойындарында барлығы 84 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 4-ші орынға тұрақтады. Спортшыларымыз ел тарихында алғаш рет 28 алтын медаль алып, Қазақстан мерейін үстем етті. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысының абыройын асқақтатқандарыңыз үшін сіздерге алғысымыз шексіз, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлда Александр Винокуров атындағы Спорт сарайының құрылысы жүріп жатқандығын, аудандарда 5 дене шынықтыру және сауықтыру алаңының және облыс орталығында 15 шағын футбол алаңының пайдалануға берілгенін атап айтты.
Содан соң өңір басшысы ХVІІ жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанып, ел құрамасының қоржынына алтын медаль салған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, велошабандоз Алексей Луценко мен Азия ойындарының жеңімпазы, жеңілатлетші Маргарита Мұқашеваға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ал үш мәрте қарғып секіруде қола медальға ие болған жеңілатлетші Ирина Эктова облыс әкімінің қолынан 500 мың теңгенің сертификатын алды.
Азиада жеңімпаздары болса, ыстық ықылас танытқан Ерік Сұлтановқа алғыстарын жеткізіп, алдағы халықаралық деңгейде өтетін сайыстарда облыс және ел намысын абыроймен қорғауға бар күш-жігерлерін салуға уәде берді.
Әрине, облыс басшысы осындай тамаша шәкірттер тәрбиелеген бапкерлерді де марапаттауды ұмытқан жоқ. Бәсекеге спортшыларды жаттықтырған Владимир Потапов пен Петр Литвиненкоға 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Бапкерлер, өз кезегінде, өңіріміздегі бұқаралық спорттың дамуына ауқымды қаражаттың бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқандығына алғыстарын білдірді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.