Өңір басшысы кезекті жұмыс сапарында Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында болып, салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.
Құрылыстың бас мердігері – «Севимсталькон» ЖШС нысанды жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
– Көзделген жұмыстардың 80 пайызы тындырылды. Қазір ішкі әрлеу, сылау жұмыстары жүргізілуде. Қоймалар мен қазандықтарды салып жатырмыз. Құрылыста 110 адам еңбек етуде. Бірінші қыркүйекке дейін тындырамыз», –деді учаске бастығы Бөгенбай Мұсылманбеков тілшілерге берген сұхбатында.
Ғимарат құрылысын байқап, көрген Ерік Сұлтанов қарқынды шапшаңдатып, нысанды уақытында іске қосуды тапсырды.
Петропавл әуежайының ұшу-қону алаңы мен терминалын қалпына келтіру – өңір басшысының айрықша назарында. Мұнда апта сайын жөндеу жұмыстарының барысын қадағалайтын штабтың отырысы өтіп тұрады. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары тамамдауға жақын. Құрылысшылар абаттандыру, кәріз жүйесін, электр желісін, жылыту жүйесін тарту жұмыстарына кірісіп кетті. Әуежайды күрделі жөндеу 1976 жылдан бері қолға алынбай келгенін атап айту керек.
Өңір басшысының атбасын тіреген келесі жері – облыстық филармония. Оның қасбетін көркейту жұмыстарын «СанТехЭлектроМонтаж» ЖШС-і атқарған-ды. Өңір басшы ғимаратты байқаған соң жіберілген ағаттықтарды жоюды тапсырды.
Бір айдан соң таяу маңдағы аумақтарды абаттандыру жұмыстары тындырылуға тиіс. Бұл жұмысқа «ДорСтройСервис» ЖШС-нің жұмысшылары 28 маусымда кіріскен.
Облыс әкімі жұмыс сапарында салынып жатқан тұрғын үйлерге айрықша назар аударды. Биылғы жылы Петропавлда 11 көпқабатты үй, атап айтқанда 1100 пәтер пайдалануға берілуі керек.
Е. Сұлтанов «Береке» шағын ауданында және Жәлел Қизатов көшесінде болған кезінде мердігерлерге жұмысты жылдамдатып, үйлерді уақытында пайдалануға беруді тапсырды.
Өңір басшысы жұмыс сапарының барысында, сондай-ақ, «Береке» шағын ауданындағы Севастиано-Магдалин православие храмында да болды. Осы уақытқа дейін жұмыстардың 25 пайызы тамамдалған. Іргетасы дайын, кірпіш қалау жұмыстары жүріп жатыр. Нысанды іске қосу 2018 жылға жоспарланған. Айта кетер болсақ, храмда 300-дей адам мінәжат ете алады.
Ал 20-шы шағынауданда 500 орындық мешіт салынуда. Қазір мұнда тұғырлар мен жақтаулар орнату үшін екінші мердігер жұмысқа тартылды. Жоспар бойынша мешіт 2018 жылы ашылады.
Облыс әкімі өзінің жұмыс сапарының барысында «РимКазАгро» ЖШС-нің жылдам пісетін кеспелерді, ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цехында болды. Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының 2016-1019 жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Ол іске қосылса 58 жұмыс орны ашылады.
Ерік Сұлтанов жұмыс сапарының соңында Жамбыл-Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы жатақханаға барды. Мұнда қазір бұрын бос тұрған ғимарат қалпына келтірілуде. 4300 шаршы метрден асатын алаңда 90 пәтерді пайдалануға беру көзделуде. Оның 5-еуі – екі бөлмелі болса, 85-і – бір бөлмелі. Қазір нысан жаңадан жобалап, едендері сылынып алынып, қабырғалары тазартылуда.
Жатақхана үстіміздегі жылдың желтоқсан айында берілмек. Оған «СевКазЭнерго» АҚ» компаниясының жұмысшылары мен тұрмысы төмен отбасылары қоныстанатын болады.
Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында қорытындалар жасап, бірқатар тапсырыстар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.