
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жаңбыры толассыз жауып, адамдарды мезі қыла мазалап тұрған ауа райы “Өңір берекесі” деп аталған күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткен сенбі күні ашық болды. Әдеттегідей М. Жұмабаев көшесінде, яғни К. Сүтішев көшесінен Абай көшесіне дейінгі аралықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы ұйымдастырылды. Осы шараға арнайы 60 шатыр орнатылды. Әр ауданға 3 шатырдан тиді. Бұл жолғы жәрмеңкеде жалпы көлемі 891 тоннадан астам шөптің, азық-түлік өнімдері мен мал-құсқа арналған жемазықтың біраз түрін тұтынушыларға ұсыну жоспарланды.
Жәрмеңке кейбір шатырларда сәл ертерек басталып кетті. Жай күн емес, сенбі сияқты демалыс күні жайланып тұратын тұрғындар бастапқыда аздау болғанымен, одан кейін көбейе түсті.
Жәрмеңкенің аты – жәрмеңке. Ондағы баға нарықтағыдан төмен болуы тиіс. Бұл жағы ескерілді, әрине. Тауарлар 10-12 пайызға түсіріле сатылды. Мәселен, сиыр еті – 950, шошқа – 750, қой – 850, тауық – 500, жұмыртқа (10 данасы) – 170-175, үй сүті – 110, пастерленгені – 130, сүзбе – 300, қаймақ – 600, май – 900, картоп – 40, сәбіз, қызылша – 60, орамжапырақ – 35, ұн (1 сұрып) – 45, бал – 1100, шөп – 6000, сабан – 3000, сұлы, арпа – 10 мың теңге.
Жәрмеңкені облыс әкімі Самат Ескендіров аралап көрді. Ол алдымен Уәлиханов, одан әрі Тайынша аудандары құрған шатырларға бұрылып, сауда ісімен айналысып жатқандармен тілдесті. Қазқатар тізілген шатырларды бойлай отырып, ұйымдастырушылармен де әңгімелесті.
“Есіл” дәмханасының алдында, негізінен, қаладағы тағам өнімдерін шығаратын және ұқсату кәсіпорындары сауда жасады. Солардың арасында “Диқаншы” фирмасын алар болсақ, олар сатып алуға ыңғайлы, қажетінше салынған ұн өнімдерін тұтынушыларға ұсынды.
Жоғары сортты 2 килограмм ұн – 160, 10 килограмм – 350, 50 килограмм – 3300 теңге, 1 сортты 1 қап ұн 2850 теңге сатылды. “Казмясопродукт” ЖШС-нің өнімдері де жаман өткен жоқ. Осы жерде сауда жасаған “Масло-Дел”, “Сүт одағы” ЖШС-лері, Петропавл бройлер фабрикасы құрған сауда сөрелерінің жанынан да сатып алушылар көптеп табылды.
– Біз жәрмеңкеге 2 қара мал, 6 қой, 1 жылқы, 5 шошқа, 10 тонна картоп, 500 килограмм сүт өнімдерін, 100 килограмм құс етін, 10 тонна шөп, осынша сабан және 20 тонна жемазық қалдықтарын жеткіздік. Саудамыз ойдағыдай басталды, солай аяқталуға да тиіс, – дейді Жамбыл аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржан Нұркин. Сол жерде аталған аудандағы Преснов ауылдық округінің әкімі Бақыт Зейнелов өздерінен 300 килограмм шошқа, 5 тонна картоп және тиісінше қырыққабат, сәбіз, қызылша, ал Благовещенка ауылдық округінің әкімі Тұрмыс Иманжанов 150 килограмм жылқы етін (килограмы – 1200 теңге, қазысы – 1400 теңге) әкелгендерін жеткізді.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Жанат Қожахметов та осынау өңір берекесін танытар жәрмеңкеге алдын ала айтарлықтай дайындық жасай келгендерін білдіріп жатты. 3 бас сиыр еті әкелінсе, оның әр килограмы 950 теңгеден сатылыпты. 6 қой – 850, 5 шошқа – 750, тауық – 500, үйрек – 900, қаз – 1000, сүт – 110, жұмыртқа – 175, сәбіз, қызылша – 60, картоп – 40, қырыққабат – 35, қаймақ – 600, май – 900, ірімшік – 600 теңгеден.
Жалпы таңертеңгі сағат 9-дан 16.00-ге дейін өтуге тиіс жәрмеңкедегі сауда түс кезінде саябырси бастады. Міне, осы кезде сөрелерді жағалап, ет іздегендер табылып жатты. Етке қоса, балық та тез өтіп кетті. Мүмкін, аз жеткізілгендіктен болар? “Алекри” ЖШС-і саудаға әкелген жұмыртқаға кезекке тұрғандардың қатары бір азаймады. Оны 1-2 шелектеп алып кетіп бара жатқандарды да көрдік. Мұндайда ақшасы барлар аянып қалмайтыны тағы түсінікті.
Жамбыл ауданынан келгендер саудалап тұрған сойылған қойдың бағасы 22 мың теңге болса, Айыртау ауданынан әкелінгені 38 мың теңге болды. Жамбыл облысынан келгендер пияз сатты. Килограмы – 50 теңгеден. Ол жерде кезек байқалмады.
Жәрмеңке жөнінде аудандардың бірінен келген жауапты қызметтегі азаматтан сыр тарттым. Ол осы сауда-саттыққа бір апта дайындалғандарын, 400 шақырым жерден жеткендерін, қой, шошқа етін табу жеңілдеу болғанымен, сиыр етін табу қиынға соққандығын ағынан жарыла айтты.
Әрине, мұндай көпшілік шара ән-күйсіз бола ма? Облыстың шығармашылық ұжымдары жәрмеңкеде өздерінің мәдени бағдарламаларын ұсынды.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.