«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР БРЕНДІ БОЛАРЛЫҚ ӨНІМДЕРІМІЗ БАР

Сейсенбі күні “Виктория” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен республикалық “Қазақстанның үздік тауары – 2015” байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі өтті. Аталмыш шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, бизнес өкілдерінің кәсібіне сәттілік тіледі.Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі өңірлік байқау-көрменің “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымына – 18, “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымына – 11, “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымына 4 кәсіпорын қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұйымдастыруымен 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқан “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқау-көрмесі шығарылатын өнімнің сапасын көтеруде кәсіпкерлер үшін зор ынталандыру болып табылады, сонымен бірге нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуге, жергілікті тауарларды тұрғындарға өткізуге жағдай жасайды. Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы аясында, сол сияқты Қазақстанның Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы арқылы еліміз әлемдік экономикаға барынша кіріге түседі. Кәсіпкерлер үшін жаңа өндіріс орындарын құруға, өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік жасалады және бір мезгілде тауарлардың сапасына жоғары талап қойылады. Біз жаңа жағдайда жұмыс істеуге, бәсекеге қабілетті және қажет етілетін өнім шығаруға әзір болуға тиіспіз. Мемлекетіміз бизнес ахуалын қалыптастыруға жағдай жасайтындай әртүрлі қолдау шараларын көрсетіп, кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесі жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға оң серпін береді. Арасында шағын бизнес өкілдері бар байқауға қатысушылар санының жыл сайын толығып келе жатқаны қуанарлық жағдай. Биыл осынау игілікті шараға облыстың 33 кәсіпорны қатысып отыр, олардың 14-і – жеке кәсіпкер. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары елордасы – Астанада өтетін республикалық “Қазақстанның үздік тауары – 2015” байқау-көрмесіне қатысып, облыс намысын қорғайтын болады. Байқауға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін! Тауарларыңыз бәсекеге қабілетті, кәсіптеріңіз табысты болсын! – дей келіп, Ерік Хамзаұлы байқау-көрмеге қойылған тауарлармен танысты.

Петропавлдық жеке кәсіпкер Зарема Попова өңір басшысына өзі басқаратын “Печенькино” кондитер фабрикасының 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, бүгінгі күні 100-ден астам кондитерлік өнім шығаратынын айтып берді. Кәсіпорында печеньелер, пряниктер, кекстер мен басқа да тәтті тағамдар өндіретін жаңа желі орнатылған. Жергілікті тауарлар Қазақстаннан ғана емес, Ресей мен Қытайдан да өз тұтынушыларын тауып отыр. Фабрика өз өнімдерімен “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесіне, Қазақстан мен Ресей (Омбы, Новосібір), Қазақстан мен Қырғызстан (Бішкек) арасындағы сауда миссияларына белсене қатысады. Кәсіпорын негізінен СТ-KZ сәйкестік сертификатымен расталған отандық шикізаттарды (75%) пайдаланады.

Тайынша ауданындағы Ерлан Алпысов басқаратын “Алабота” асылтұқымды мал зауыты” ЖШС 5 түрлі мәрмәр ет өнімін, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы тұтынушыларға танымал “Пальчик” ЖК 12 түрлі сүт өнімін әкеліпті.

“Пасека Қызылжар” ЖШС-нің директоры Олег Гаврилов 100 бал арасы ұясын ұстайды екен. Аталмыш байқау-көрмеге Олег Анатольевич бал арасы шаруашылығының 20-дан астам өнімімен қатысуда. Солтүстікқазақстандық делегациямен Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, сол елге бал экспорттауға келісім жасаған да – осы кәсіпкер.

Он адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған серіктестік экспорт мәселесін күзге қарай түбегейлі шешетін көрінеді.

“С.М.Киров атындағы зауыт” ЖШС жерсеріктік қабылдағыштарды, бескөлдік “Ахмутдинов О.С.” ЖК ағаш өнімдері мен отындық түйіршіктерді, тимирязевтік “Королев С.Н.” ЖК темірден жасалған бұйымдарды “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымына ұсынды.

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесі мен “Парыз” байқауына қатысып, үздік нәтиже көрсеткен кәсіпорындардың басшыларына дипломдар мен медальдар табыс етті.

– Біз байқау-көрменің өңірлік кезеңіне қатысқан 33 кәсіпорынның өнімдерімен таныстық. Олардың әрқайсысы халық тұтынатын, нарық қажет ететін тауарлар шығарып жатыр. Біз өз ісін дамытқысы, алдыңғы қатарлы тәжірибе мен заманауи технологияларды өндіріске енгізгісі келетін кәсіпкерлердің барлығына қолдау көрсетуге әзірміз. Бүгін қатарынан оза шапқан кәсіпорындар мен бизнес өкілдері үздік деп танылып отыр, – деді өңір басшысы.

Ерік Хамзаұлы “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесінің “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымы бойынша І дәрежелі дипломды қалдықтарды пайдалануға арналған жабдығы үшін “TEMA SUPPER” ЖШС-іне табыс етті. Жеке кәсіпкер Боштай Жұнысов жылутиімділікті блогы үшін – ІІ, ал жеке кәсіпкер Андрей Стрелец органикалық тыңайтқыштар өндіргені үшін ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

“Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымында “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ сандық теледидарға арналған жабдығы үшін – ІІ, жеке кәсіпкер Сермұхамбет Ахмутдинов отындық түйіршіктері үшін – ІІ, “Домашний мастер” ЖК үйге арналған сапалы жиһаздары үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

“Үздік азық-түлік тауарлары” аталымында “Атай-СК” ЖШС тағамдық жұмыртқа өндірісі үшін – І, “Петропавл арақ зауыты БН” ЖШС – ІІ, жеке кәсіпкер Зарема Попова кондитерлік бұйымдарының жоғары тұтынушылық қасиеті үшін ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді.

“Парыз” өңірлік байқауының “Үздік әлеуметтік-жауапкершілікті кәсіпорын” аталымында – ірі кәсіпорын субъектілері арасында “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, орта кәсіпкерлік субъектілері арасында – Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Қарақоға” ФШҚ, шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында – Есіл ауданындағы “Бай Еңбек” ЖШС, “Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын” аталымында – “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС (орта кәсіпкерлік), Айыртау ауданындағы “Агроком Мәдениет” ЖШС (шағын кәсіпкерлік); “Үздік ұжымдық келісімшарт” аталымында – жұмабаевтық “Жұмабеков У.Ш.” ФШҚ, уәлихановтық “Қызылту көлік” ЖШС, “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында – “Сұлтан ЭДМК” ЖШС (ірі кәсіпкерлік), петропавлдық “Жуков” ЖК (шағын кәсіпкерлік) жеңімпаздар деп танылды.

– Сіздер енді “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” байқауларының жеңімпаздары ретінде Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде өз кәсіпорындарыңыз бен біздің облыстың намысын қорғайтын боласыздар. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңызға, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысқандарыңызға, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылғандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Осынау еңбектеріңіз өндірісті өсіру, жұмыспен қамту және бюджеттік түсімдерді көбейту үшін маңызды. Бәріміз бірлесе отырып қана облыс экономикасына үлес қоса аламыз, – деді қорытынды сөзінде өңір басшысы.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp