
Елбасының Жарлығына сәйкес ауылдық округ және аудан әкімдері жылына бір мәрте тұрғындар алдында есеп берсе, өңір басшылары екі рет атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындайды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайында өңірлік, аудандық мәслихат депутаттарына жыл басынан осы күнге дейін әлеуметтік-экономикалық саладағы тындырылған істерді баяндады. Жиынға Президент Әкімшілігінің инспекторы Олжас Едіресов қатысты.
Жер – игерсең ырыс
Құмар Ақсақаловтың облыс тізгінін ұстағанына үш жылға жуықтады. Осы күнге дейін атқарылған шаруа бір төбе. Атап айтар болсақ, соңғы жарты жылда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында серпін бар. Инвестициялар көлемі 14,4 пайыз өсіммен 88 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіп – 3,6, ал ауыл шаруашылығы саласының дайын өнім шығару деңгейі 2,2 пайызға артқан. Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үй саны өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 12,4 пайызға көп. Сонымен қатар соңғы екі жылда экспорт көлемі 25 пайызға ұлғайғаны да өңірдің экономикалық әлеуетіне оң ықпалын тигізуде. Бұл құр сандар емес, тереңіне үңілер болсақ, жақсы көрсеткіш оңайлықпен келмегенін бағамдаймыз. Облыстың әрбір тұрғынына қолайлы жағдай жасау үшін атқамінерлер аянып қалмайды. Өңір басшысы өз қарамағындағылардан осыны талап етуде. Бұған есеп беру кездесуде де тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
– Мысалы, облысымыздағы “Шағала-Агро” және “Крахмал-Агро” серіктестіктерінің иелігіндегі жер көлемінің аумағы бірдей. Екі шаруашылық та 7 мың гектар алқапқа ие. Алғашқысы гектарына 35 центнерден өнім алса, соңғысының көрсеткіші 33 пайызға төмен. Сондай-ақ, мұнда диқандардың жалақысы да мардымсыз. Нәтижесінде қазынаға түсетін салық көлемі де аз, – деді Құмар Ақсақалов. Халықтың жағдайын емес, қалтасын ғана ойлайтындар жақсылыққа жетпейді. Өңір басшысының сөзінің жаны бар. “Береген қолым алаған” дегендей, жұртшылықпен тіл табыса жұмыс істеу арқылы ырысыңды молайтып, табысыңды еселейсің. Бұл орайда Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай”, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К”, Уәлиханов ауданындағы “Жолдаспай-Агро”, Аққайың ауданындағы “Дайындық-Агро” серіктестіктері өзгелерге өнеге бола алады.
Жұмысшылар маңдай терінің өтеуі үшін жақсы еңбекақы алуы тиіс. Облыс әкімі де бүгінгі кездесуде осы мәселені тағы бір мәрте қайталады.
Сондай-ақ, өңір басшысы әлі де болса қаншама кәсіпкерлер өз иелігіндегі жерлерді мақсатты пайдаланбай, бос жатқанына ерекше назар аударды. Петропавл қаласында коммерциялық мақсатқа берілген 54 гектарлық 37 участок мемлекет меншігіне қайтарылып алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жандана түседі. Өйткені, өңір басшысы Петропавл қаласының әкімі және жауапты мекемелерге игерілмеген жерлер бойынша нақты шешім қабылдануы қажеттігін қатаң тапсырды.
Облыс экономикасын өрге сүйрейтін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Сандық технология қарқынды дамыған қазіргідей заманда жер жыртып, егін егіп жүргендердің бәрі бірдей жаңғырту жұмыстарына ден қойып отыр деп айта алмаймыз. Облыс әкімі де арнайы жүргізілген сараптама нәтижесінде өңіріміздегі 287 шаруашылыққа үш санат бойынша баға берілгенін айтты. Нәтижесінде жеті кәсіпорын жұмысшыларға жоғары жалақы төлеу, қара мал саны, астық шығымдылығы және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ауылдың әлеуметтік дамуына белсенді атсалысу, тағы басқа көрсеткіштер бойынша көш басындағы шаруашылықтар тізіміне енген. Ал Аққайың ауданындағы “Салют”, “Полтавское”, Мамлют ауданындағы “Новомихайловское – 2003”, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Намыс”, “Адани-Агро” және тағы да басқа серіктестіктер өз жұмысшыларына 90 мың теңге көлемінде жалақы төлеп, гектарына 16 центнерден өнім алуда. Облыс әкімі оларға машина-трактор паркін жаңартып, қара мал санын ұлғайтуды тапсырды.
Өңір басшысы есепті кездесуде облысымыздағы 1,7 миллион гектар алқапқа ие 119 шаруашылық мемлекет тарапынан өтемақы алып отырғанымен көрсеткіштері бойынша көш соңында екенін сынға алды. Бұл серіктестіктерде егін шығымдылығы 10 центнерден ғана айналуда.
– Мұндай шаруашылықтардың санын қысқарту бағытында жұмыстар жүргізілетін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мақсат – тұрғындардың тұрмысын түзеу
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамыту, инвестиция тарту, қарапайым заттар экономикасының көрсеткішін арттыру, тұрғын үй проблемасын шешу секілді міндетті межелерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасау жалғасады. Осы күнге дейін 15 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 28 мыңға жетпек.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін тұрмыс деңгейін көтеруді, жалақыларын көбейтуді міндеттеді. Сонымен қатар Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен “Бірге” жалпыұлттық акциясы аясында түскен ұсыныстарды жүзеге асыру жоспары бекітілді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың табысын арттыру, шетелдік инвестицияларды тартуға басымдық берілетін болады, – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы өз сөзінде.
Облыс әкімі, әсіресе, тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін баса айтты. Атаулы әлеуметтік жәрдемақы мұқтаж жандарға кедергісіз берілуі қажеттігін Петропавл қаласының және аудандардың әкімдеріне, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына қатаң тапсырды. Облыс әкімі атап өткендей, бұл мақсаттағы қаржыны талан-таражға салып, алаяқтыққа жол беретіндер табылып жатса, олар қатаң түрде жазаланатын болады.
Бүгінгі күні төрт мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізсе, соның бір мыңнан астамы тұрмысы төмендер санатында. Өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға да барынша қолайлы жағдай жасау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін айтты. Биылғы ақпан айында өткен облыс әкімінің есепті кездесуінде баласы аутизмге шалдыққан ата-аналар Петропавл қаласында сауықтыру орталығы ашылса деген өтініш айтқан. Құмар Іргебайұлы бұл мәселе жақын күндері шешімін табатынын сүйіншіледі. Танымал кәсіпкер Болат Өтемұратовтың “Асыл мирас” қайырымдылық қорымен педагогикалық-психологиялық түзету орталығын ашу жөніндегі келісімге қол жеткізілген. Бұл орталық үшін “Жас өркен” ықшамауданында бой көтеріп жатқан 332 пәтерлік көпқабатты үйдің 1-қабатынан 80 шаршы метрлік баспана бөлінді. Аутизмге шалдыққан балалар биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап арнайы мекемеге келе алады.
Білімді ұрпақ – ел ертеңі
Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы озық мемлекеттердің қатарынан орын аламыз. Жас өрендер үшін елімізде зор мүмкіндіктер жасалуда. Облыстағы кадр тапшылығын жою үшін былтырдан бері облыс әкімінің оқу гранты бөлінуде. Осылайша, шетелде білім алуды қалайтын талапкерлер санын 160 студентке азайтуға қол жеткізілді. Биылғы жылы мектеп түлектері үшін 800 грант бөлінсе, соның 60-ы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына беріледі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жаңа оқу-зертханалық корпус салынатын күн де алыс емес. Мұның бәрі сапалы мамандар даярлауға ықпал ететін маңызды факторлар.
Сонымен қатар үш ауысымда білім беретін мектептер санын азайту мақсатында жаңа оқу ғимараттары бой көтеруде. Қызылжар қаласының өзінде үш жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі таңда соның екеуі салынып жатыр. “Береке” шағынауданындағы мектеп 1 қыркүйек күні пайдалануға беріледі. Бұған дейін осы шағынауданның оқушылары қаладағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп және Сафуан Шәймерденов атындағы классикалық гимназия, басқа да білім беру мекемелеріне қатынап оқитын. Әрине, бұл оқушылар мен ата-аналарға ыңғайсыздық тудырып келді. Биылдан бастап бұл мәселе шешімін табады.
Облыс орталығының іргесіндегі ауылдарда да бала саны жыл санап ұлғайып келеді. Мысалы, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында ұлттық тілде білім беретін жалғыз оқу орны – “Парасат” мектеп-лицейі бар. Қала іргесіндегі елді мекенге қоныстанушылар көп. Мектеп осы күнге дейін оқушыларға тарлық етіп келген еді. Енді бұл мәселенің де түйіні тарқайтын болады. Сонымен қатар Тайынша ауданында екі жаңа мектеп оқушылар игілігіне берілетін күн де алыс емес екенін айтып өткен жөн.
Облыс әкімі білім беру саласына қыруар қаржы бөлініп отырғанын айтты. Биыл өткен жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 18 пайызға ұлғайып, 30 миллиард теңгеге жеткен. Ал бұл көрсеткіш Павлодар және Қостанай облыстарымен салыстырғанда 30 пайызға артық. Жаңа оқу жылы қарсаңында 142 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылдан бастап елімізде “Бақытты отбасы” әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күні біздің өңір бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 61 бала 54 отбасының қарауына берілді. Ата-ана мейіріміне зәру қам көңіл балалар отбасында тәрбие алып, шаңырақ шаттығын сезініп өсуі тиіс.
Заманауи аурухана бой көтереді
Денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жыл сайын медицина мекемелерін қаржыландыру көлемін ұлғайту арқылы мұндағы проблемалар біртіндеп шешімін табуда. Биыл күз айында облыс орталығында 500 кереуеттік жаңа аурухананың құрылысы басталатын болады.
– Заманауи ғимаратты екі жылдың ішінде тұрғызу жоспарланып отыр. Көпбейінді бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңір тұрғындары сапалы медициналық қызмет үшін Ресейдің және еліміздің іргелі медицина мекемелеріне бармай-ақ, осы жерде ем-дом қабылдай алады. Бұған қоса, жаңа нысан медициналық туризмді дамытуға ықпал ететін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Сонымен қатар өңір басшысы жаңа аурухана жанынан медицина қызметкерлері үшін 200 пәтерлік баспана салынатыны жөнінде де айтты. Облыс орталығында екі отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылып, онда ақ халаттылар тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп жатқанынан көпшілік хабардар. Алдағы уақытта осындай тағы үш мекеме Петропавл қаласындағы “Береке”, “Жас өркен” және 20-шы шағынауданда бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің төменгі қабатында ашылады. Ең бастысы, Елбасының тапсырмасымен биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, медбикелер осы күнге дейін орта есеппен 98 мың теңге еңбекақы алып келсе, енді олардың жалақысы 125 мың теңге болды.
– Біздің облысымызда медицина мамандарының тапшы екені белгілі. Осыған орай еліміздің дәрігерлер даярлайтын жоғары оқу орындарымен жүргізілген келісімдер нәтижесінде биылғы тамыз айында облысымызға 169 жас маман келеді. 86 дәрігер ауылдық жерлерде қызмет атқарса, 83-і қала емханаларында еңбек ететін болады, – деп облыс әкімі қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Сондай-ақ, электронды кезек және дәрігер қабылдауына терминал арқылы жазылуды енгізу алдағы уақытта да жалғасын табады деді облыс әкімі есепті кездесу барысында. Әрбір тұрғынның электронды денсаулық төлқұжаты болады. Мұның бәрі сандық технология көмегімен жүзеге асады. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру арқылы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету билік өкілдерінің басты мақсаты. Сондықтан атқарылар шаруа аз емес екені анық.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.