Кеше облыстық сотта 2016 жылдың қорытындысын талқылауға арналған кеңейтілген кеңес өтті. Кеңестің жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Абай Рахметулин, облыстық соттың судьялары, қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, судья лауазымына үміткерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кеңейтілген кеңесте облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов сот төрелігін іске асыру бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар, алда тұрған міндеттер мен кездескен кейбір түйінді мәселелерді шешу жолдары туралы баяндама жасады.
– Былтыр Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесін лайықты атап өттік. Қазақстандағы сот жүйесі де ширек ғасыр ішінде елімізбен бірге дамып келеді. 2016 жылғы 21 қараша күні өткен республика судьяларының жетінші съезінде Жоғарғы сот судьялардың кәсіби қызметіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына Жолдауында басқа міндеттермен қатар сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу, судьялардың жұмысына заңнан тыс келетін ықпалдарды жою қажеттілігі міндетін қойды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру біздің негізгі мақсатымыз болып табылады, – деді Ерлан Айтжанов. Одан кейін облыстық соттың төрағасы нақты деректер келтіре отырып өткен жылы өңір судьялары атқарған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Солтүстік Қазақстан облысының соттары еліміздегі он жеті соттың ішінде сот төрелігін іске асыру сапасы бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар 2016 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық соты облыстық және оған теңестірілген соттардың жұмысын ең жақсы ұйымдастыру байқауында бірінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіштер облыс соттарының жұмысын сапалы ұйымдастырудың және тұрғындар тарапынан орнаған сенімнің айқын дәлелі болып табылады.
Кеңейтілген кеңес барысында сот алқаларының төрағалары Владимир Кириленко мен Бақыт Қасейінов бір жыл ішінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін іске асыру сапасы жайлы жиналғандарға хабарлама жасады. Есепті кезеңде судья әдебі бойынша комиссия жұмысы туралы облыстық соттың судьясы Юлия Иванова, облыс соттары әкімшісінің атқарған іс-шаралары жайында соттар әкімшісінің басшысы Оян Мүтәләпов айтып берді. Содан кейін бірқатар қалалық және аудандық соттардың төрағалары мен судьяларының есептері тыңдалды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин өз сөзінде судьялардың сот ісін жүргізудің белгіленген қағидаларын қатаң сақтауын талап етті және қаралатын істердің санаттары бойынша сот төрелігінің жедел және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын және мүдделерін қорғау үшін сапалы іске асыруды мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.
Кеңейтілген кеңесте байқау қорытындысы шығарылып, бітімгершілік рәсімдердің дамуына үлес қосқан судьялар марапатталды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
 
								