«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ТАРИХЫНА ҚАНЫҚТЫ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Өңір тарихы – еліміздің тарихы” атты “дөңгелек үстел” өтті. Оған облыстың өлкетанушы, тарихшы мамандары қатысып, студенттерді еліміздің солтүстік қақпасының өткенімен таныстырды.

Жиынды ашқан “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов ақ қайыңдар өлкесінің тарихын әр тұрғыны білуі қажет екендігін айтып, осындай шараларды жиі қолға алу керектігін тілге тиек етті.

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова өткен 80 жылда облысымыз туралы шыққан кітаптар мен ғылыми еңбектерге тоқталып, жастарды өңір шежіресіндегі маңызды оқиғалармен таныстырды.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы өңірдің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Облысымыздың тарихы сонау 1936 жылдан басталады. Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, өркендеу жолына түсті. Бұл жайлы “Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы”, “Облыстың жетекшілері” сияқты түрлі кітаптарда жазылған. Өңір тарихына қатысты көптеген құжаттар облыстық мұрағатта сақтаулы, – деді ол.

Шараға қатысқан өлкетанушы Вера Яворская:

– Мен 1936 жылдың тумасымын. Дәл осы жылы өңіріміз Қарағанды облысынан бөлініп, жеке шыққан еді. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары облыс орталығында бірқатар зауыттар мен емханалар бой көтеріп, қала жедел дами бастады. Мәселен, мұнда тері илеп, аяқкиім тігетін арнайы кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде қала кәсіпорындарының қатары өсіп, жұмысшылар саны артты. Сөйтіп, зауыт, фабрикалар соғыс зардабын тартқан қаланың экономикасын біршама ұлғайтты, – деді.

“Дөңгелек үстел” соңында жиналғандардың назарына облыс орталығындағы мәдени ескерткіштер, тарихи ғимараттардың суреттері ұсынылып, алдыңғы толқын өкілдері жас буынды тарихқа салғырт қарамай, оған әрдайым көңіл бөліп жүруге шақырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp