«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ТАРИХЫ — АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕ

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әр аймақ өзінің тарихын зерттеуге ерекше құлшыныспен кірісті ғой. Өлкеміздің сан ғасырлық тарихындағы қатпарлы құпияның бетін ашып, жабулы жұмбағын шешу, шыңырау түбінде қалған шындықты шығару – әрқайсысымыздың перзенттік борышымыз, ұрпақ алдындағы парызымыз.

Мемлекеттiң басқару органда­ры халықтың тiршiлiк әрекетiнің қолайлы жағдайлары үшiн тиiмдi әкiмшiлiк-аумақтық құрылымды қамтамасыз етуі керек. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылымының мәнін аша­тын негiзгі ұғымның бiрi – әкiм­­шi­лiк-аумақтық бөлiніс болып табылады. Әкімшілік-аумақтық бө­лі­ніс – республиканың бiрнеше ел­дi мекендерi енгiзiлетiн, оның мүд­десi үшiн құрылатын және басқа­рылатын республика аумағының бiр бөлiгi.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1936 жылдың 29 шілдесінде БОАК Төралқасының Қаулысымен Қа­зақ АКСР құрамында жаңа облыс­тар пайда болды. Осы қаулының не­гізінде Қостанай облысы Ақтө­бе облысының құрамынан бөлініп шығып, Қарағанды облысы ық­шам­далып, Солтүстік Қазақстан облысы атты жаңа облыс пайда бол­ды. Қарағанды облысының ор­талығы 1934 жылдың ақпанында қала мəртебесіне ие болған, ин­дустрия орталығына айналған – Қа­рағанды қаласына көшірілді, ал Петропавл қаласы жаңадан ашыл­ған Солтүстік Қазақстан об­лы­сының орталығы болып қалды.

Əкімшілік-аумақтық жаңа бөлі­ніске байланысты бұрынғы Қара­ғанды облысына қараған Пресно­горьков ауданы жаңадан ашылған Қостанай облысының құрамына бе­рілді. Солтүстік Қазақстан об­лы­сының кұрамына 16 аудан өтті. Облыстың аумағында барлығы 25 аудан болды және сол құжат бойынша Солтүстік Қазақстан об­лысында Келлеров және Соколов аудандары құрылған еді. Қаулыға БОАК-нің төрағасы – М.И. Кали­нин, БОАК-нің хатшысы – А. Кисе­лев қол қойған.

1934-1937 жылдары Қазақстан Компартиясы облыстық комите­ті­нің және Петропавл қалалық ко­ми­тетінің бірінші хатшысы, іс жү­зіндегі ең жоғарғы билік иесі Мак­сим Кирович Аммосов (1897-1938 ж.ж.) болды. М.К. Аммосов Яку­тия­ның Намск ұлысындағы Ха­тырык елді мекенінде туған, якут ұлтының перзенті еді. Облыстың және тұтастай Қазақстан эконо­микасының дамуына үлес қосқан, қазақ тілінде еркін сөйлеп, жер­гі­лікті тұрғындардың құрметіне бө­ленген қайраткер болса керек. Тіп­ті, өз кезінде Қазақстанды жеке-дара билеген Ф. Голощекиннің со­дыр саясатына қарсы шыққаны ту­ралы деректер бар. Ол тоталитар­лық жүйенің құрбанына айналып, 1938 жылы жазықсыз жауапқа тар­тылып, атылып кеткен.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның аумағы енді құрылған шақта 200.115 мың шаршы шақырым жер­ді құраған, 882 мың тұрғыны болған. Құрамына: 25 аудан, 5 қа­ла, 425 ауылдық кеңес, 28 сов­хоз, 60 МТС, 1113 кеңшар енген.

Облыстың құрамына енген ау­дан­дар мыналар: Айыртау ауда­ны, орталығы – Володаровка ауы­лы; Арықбалық ауданы, орталығы – Арықбалық ауылы; Атбасар ау­даны, орталығы – Атбасар қала­сы; Бейнетқор ауда­ны, орталығы – Шолақ-Досжан ауы­лы; Булаев ауданы, орталығы – Булаево ауы­лы; Есіл ауданы, орталығы – Қима ауылы; Зеренді ауданы, орталығы – Зеренді ауы­лы; Калинин ауда­ны, орталығы – Журавлевка ауы­лы; Келлер ауда­ны, орталығы – Кел­лер ауылы; Қы­зылту ауданы, орталығы – Қы­зылту ауылы; Көкшетау ауданы, орталығы – Көкшетау қаласы; Крас­ноармейск ауылы, орталығы – Новосухотин ауылы; Ленин ауданы, орталығы – Явленка ауы­лы; Макин ауданы, орталығы – Воз­несенка ауылы; Мамлют ау­даны, орталығы – Мамлют ауылы; Молотов ауданы, орталығы – Бал­қашино ауылы; Полудин ауданы, орталығы – По­лудино ауылы; Преснов ауданы, ор­талығы – Прес­нов ауылы; Прии­шим ауда­ны, орталығы – Бо­голю­­бово ауы­лы; Рузаев ауданы, ор­талығы – Рузаев ауылы; Соко­лов ауданы, орталығы – Соколов ауы­лы; Ста­лин ауданы, орталығы – Алексеев ауылы; Төңкеріс ауда­ны, орта­лығы – Марьев ауылы; Щу­­чинск ау­даны, орталығы – Щу­чье ауы­лы; Еңбекшілдер ауданы, орта­лығы – Казгородок кенті.

Сонымен қатар облысқа қала санатындағы Степняк қаласы да қарады.

Негізінен облыста егін, мал ша­ра­уашылығы дамыды. “Биыл көк­темгі егіс жақсы дайындықпен бас­талып, қысқа мерзімде аяқталды. Барлық егістік алқабының 35,6 пайызына сортты және сапасы жо­ғары тұқым себілді. Егін шаруа­шы­лығында тракторлар пайда­ла­ну жөнінде одақ бойынша тоғы­зыншы орынға шықтық. 1935 жы­лы 82 мың.га. егін комбайнмен жи­налған болса, 1936 жылы 336 мың га. яғни барлық дәнді дақылдың 41,3 пайызы комбайнмен орыл­ды, әр комбайнның өнімділігі нау­қан бойына 373 га. келді”, – делін­ген жыл қорытындысына арнал­ған есепті баяндамада.

Қарағанды облысында 1934-1935 жылдары егін шығымы жақ­сы болған. Ал 1936 жылы қыста қар аз жауып, маусым-тамыздың ба­сында құрғақшылық орын ал­ды. Осыған байланысты астық тү­сі­мі аз болды. Алдын-ала есеп бойынша, астық шығымдылығы­на қарап, әр гектардан 4,3 ц. дән түседі деп есептелгенімен, нақты түсім 3,1 ц. ғана болған. “Сөйтіп, был­тыр­ғы 52,5 миллион пұттың ор­ны­на 27,4 милллион пұт неме­се 52,5 пайыздай ғана астық ал­дық, мем­лекеттік жоспар орындалған жоқ”, – деген көңілсіз деректер де кел­тірілген.

Облыс еңбеккерлерінің мал ша­руашылығы саласында мемле­кет­тік және жеке меншікті қоса ал­ғанда, мал басын өсіру жоспары асыра орындалған. Жыл соңын­да­ғы санақ бойынша малы жоқ же­ке шаруашылықтардың саны 341 ғана болып, 0,4 пайызға азайған, 2002 шаңырақтың сиыры жоқ, 18422 отбасында қой жоқ. “Демек, алдағы 1937 жылы ауылдағы әр­бір еңбекші отбасының қорасын­да сиырдың болуын қадағалай­мыз, қой санын көбейтеміз”, – деп сендірген облыс басшыларының уағдасы орындалмай қалған еді.

Ауа райы қолайсыз болып, егін шықпай қалған жылы совхоздар бойынша жағдай мәз болмаған. Баяндамада: “Жүз сиырға шақ­қан­да 79,9 бұзау алынды. Колхоз­дар бойынша мемлекетке сүт тап­сыру жоспары 77, ет жоспары 95,8 пайызға орындалса, совхоздарда бұл көрсеткіш 70,6 пайыз мөлше­рінде ғана. Мал тұқымын асыл­дан­дыру үшін 1936 жылы колхоз­дарға сырттан асыл тұқымды 5385 бұқа жеткізілді, олардың ішін­де герефорд (етті сиыр тұқы­мы), немістің қызыл сиыры, пре­кос (биязы жүнді қой) тұқымдары бар”, деген деректер кездеседі.

Мал азығын дайындау жөнін­де: “Қолдағы мал үшін жоспар ар­тық орындалып, 956 мың ц. пішен дайындалған. Астық шықпай қал­ғандықтан құрама жем жетіспей, соның салдарынан шошқа саны азайған.

Сол 1936 жылдағы ұйымдас­ты­ру-басқару жұмыстарының сыр-сипатына келер болсақ, “Ауыл шаруашылығын ұжымдас­тыру деңгейі 96,2 пайызға жетті. Облыста 1154 колхоз болса, оның ішінде малсеріктестіктері 143. Биыл 1933 ж. дейінгі асыра сіл­теу­шілік зардаптары жойылды деуге болады. Әрбір ұжымдық шаруа­шылықта 1934 ж. орта есеп­пен 11,2 га. жері және 0,7 аты бол­са, қа­зір 1,6 аттан келеді”. Осы де­ректер қазіргі ұрпақ үшін түсінік­сіздеу болса да, кезінде бұл көр­сеткіштер көңіл марқайтқанға ұқ­сайды.

Шаруашылық жүргізудің негізгі түрі – ұжымдық меншікке негіз­делсе де, мынадай кемшіліктерге жол берілген: “Колхоз жарғысын бұ­зу көріністері әлі жойылған жоқ. Мысалы, “Революция жалыны” кол­хозы ауылшаруашылығы ма­ши­на­ларын сатып аламыз деп, 1200 пұт астық сатқан да, түскен ақ­ша­ны орынсыз жұмсап жібер­ген. Ста­лин атындағы колхоз әкім­шілік-ша­руа­шылық шығындарға деп 1700 сом жоспарласа, жарты жыл­дың ішін­де 1802 сомды жұм­сап үлгерген. Полуден ауда­нын­дағы “Красный боец” колхозының төр­ағасы Удар­цев “колхоздан қа­шу ке­рек” деп өтініш берген. Оның со­ңы­нан 13 колхозшы қашып кеткен”.

Баяндамадағы мына деректер­ге көңіл аударсақ, біраз жағдайды түсінеміз: “Үлкен кемшілік, жел­ден қорғайтын орман алқаптарын отырғызу болып отыр. Айталық, жос­пардағы 1223 гектардың ор­нына 558 гектарға ғана шыбық отыр­ғызылған. Есіл өзенінің жаға­сындағы талды шауып, құрту – об­лыстағы жалғыз су қоймасына ерек­ше зиян келтіруде.

Аспаннан бұлт шақыратын көл­деріміз жыл сайын кеуіп барады, кейбіреулері мүлде құрғап кет­кен”. Сол кезде, ата-бабала­ры­мыздың қолымен отырғызылған орман алқаптарын қазір қалай сақ­тап, байытып келеміз? Міне, бұл да ойланатын мәселе.

Қай заманда да барлық игілік атаулы тек қана еңбекпен келетіні мәлім. Еңбек адамы қашан да құр­метке бөленбек. Яғни, осыдан 85 жыл бұрын жемісті еңбегімен аты аталған азаматтар бүгінгі ұрпаққа да жақсы өнеге ғой. “Облыста жақ­сы еңбек ететін озаттар бар. Мы­салы, “Тоқшын” совхозының “Құр­мет белгісі” орденін алған сауын­шысы Мариям Темірбаева 1935 жылы әр сиырдан орта есеппен 2000 литр сут сауса, 1936 жылдың 8 айында 3120 литр сүт беріп отыр­ған. Онымен жарысушы М. Шматова әр сиырдан 1849 литр сүт сауса, оның “Бражка” деген сиы­рының өзі 1320 литр сүт берген”.

Шаруашылықтағы кемшілік­тер­дің орын алуының бір себебі “тап жауларының бүлдіруші әре­кеті” болуы мүмкін деген қауіп ара­лас күдік те қылаң береді… “Одақ­тағы аса ірі кәсіпорындардың қа­тарына жататын Петропавл ет ком­бинаты жоспарын 88,3 пайызға ғана орындады, оның ішінде кон­серві жөнінде 50 пайызға ғана. Се­бебі – қаңылтыр жетіспейді. Ет ком­бинатында консерв торабы­ның бастығы Шмовский бастаған “зиянкестер” тобы анықталды. Ом­бы теміржолында револю­ция­шыл-диверсиялық ұйымдар бар екен”. Бірнеше айдан кейін жап­пай қуғын, жазықсыз айдау-атуға ұласқан қанды қасаптың басталар алдындағы қоғам мінезі осындай болды.

Большевиктер партиясының 1925-1937 жылдардағы ұлт сая­сатын Кеңес одағында тотали­тарлық басқару жүйесі орнаған жағдайдағы ұлт саясаты деп ба­ғалаған жөн. Ұлт мәселесінің тео­риялық жақтары В.И. Лениннің ең­бектерінде, большевиктер пар­тия­сының 1917 жылғы сәуір кон­ференциясында, VIII, X және XII съезінде, ұлт мәселесі жөніндегі IV Кеңесте шешімін тауып қойған, енді бұдан былай ұлт мәселесін тәжірибелік, дәлірек айтқанда, ста­линдік тұрғыдан шешу деп баға­лауға болады. Осы тұрғыдан кел­генде, 1936 жылғы КСРО-ның жа­ңа Конституциясында бірнеше ав­тономиялы республикаларға одақ­тас республика мәртебесін бергендей кейбір жетістіктері де болғанын мойындау қажет.

Тарихқа үңілер болсақ, 1936 жылы шілде айында КСРО-ның жаңа Конституциясының қабыл­дануы Қазақ мемлекеттілігі тари­хындағы бір елеулі кезең болды. Барлық елдер сияқты, Солтүстік Қа­зақстан облысында да жаңа Кон­ституцияның жобасын талқы­лап, көптеген жиналыстарда об­лыс­тың еңбек қауымы жобаны дұ­рыс деп қабылдап, өздерінің пікір­лері мен ұсыныстарын қосып отыр­ған. Мәселен, 1936 жылғы 17 қараша­да Кеңестердің Төтенше III облыс­тық съезі Конституцияның жаңа нұс­қ­асын толық қолдап, Ке­ңес­тердің КСРО Төтенше VIII съезі мен Кеңестердің Бүкілқазақ­стан­дық Төтенше X съезіне деле­гат­тарды сайлаған. Кеңестердің КСРО Төтенше VIII съезіне сай­ланған делегаттардың құрамын­да: Нұрымов – еткомбинатының ста­хановшысы, Рузаев – жүргізу­ші-стахановшы, Ермакова – са­уын­шы-стахановшы және т.б. болған.

Осы орайда, 1936 жылдың 5 жел­тоқсанында Кеңестердің Тө­тен­ше VIII съезінде қабылданған КСРО-ның жаңа Конституциясы негізінде Қазақ АКСР-і РКФСР құ­рамынан шығып, Одақтық респуб­лика (Қазақ КСР) болып қайта құ­рылды. Сәйкесінше облыс атауы былайша өзгеріп отырған:

Қазақ АКСР Солтүстік Қазақ­стан облысы (29 шілде 1936 – 5 желтоқсан 1936 ж.);

Қазақ КСР Солтүстік Қазақстан облысы (5 желтоқсан 1936 – 26 желтоқсан 1960 ж.);

Қазақ КСР Тың өлкесі Солтүстік Қазақстан облысы (26 желтоқсан 1960 – 19 қазан 1965 ж.);

Қазақ КСР Солтүстік Қазақстан облысы (19 қазан 1960 ж. – 16 жел­тоқсан 1991 ж.).

1937 жылы Қазақ КСР Кеңесте­рі­нің кезектен тыс V съезінің ше­шімімен бекітілген Қазақ КСР Конституциясына сәйкес Қазақ­станның Орталық және жергілікті билік органдары жаңаша түзілді. Барлық деңгейдегі өкілетті орган­дар жұмысшы, шаруа және қы­зыл­әскер депутаттарының Кеңес­тері деп аталды. Тиісінше, Сол­түс­тік Қазақстан облысының ең жо­ғарғы билік және өкілетті органы облыстық атқару комитетінің төр­алқасы болды да, ол 1939 жылғы сайлаудан кейін облыстық ат­қару комитеті деп аталды.

Алматы қаласында 1937 жыл­дың 21-26 наурызында өткен Ке­ңестердің Бүкілқазақстандық тө­тен­ше Х съезі Қазақ Ке­ңестік Со­циалистік Республи­ка­сының Конс­ти­туциясын бекітті. Ке­ңес­тер­дің Бүкілқазақстандық төтенше Х съезінің делегаттары И. Ста­линге алғыс хат жолдап, ке­йін хат­тың мәтінін баспасөзде жа­рия­лаған. Сталиндік Конститу­ция­ның жетістігін халыққа түсін­діру нау­қаны мерзімді басылым­дарда жалғаса берді. КСРО Конс­ти­туциясы мен Қазақ КСР Конс­ти­туциясы КСРО-да социалистік қо­ғамдық қатынастар жойылып, ка­питализмнен социализмге өту кезеңі аяқталды деп бекітті. Бірақ, Конституцияда жарияланған со­циа­листік демократия принцип­тері аяқ асты болып, сөз бен істің арасы алшақтады. Қоғамның да­муына “жазылмаған” заңдар үс­темдік ете бастады. Оның арты би­ліктің солақай саясатын сынап, тұйықтан шығудың жолдарын көр­сеткен мемлекетшіл азаматтарды қуғын-сүргінге ұшыратудың жаңа кезеңіне, жаппай “халық жау­ларын” ұстау науқанына ұласты.

1937 жылы 12 желтоқсанда облыстың жұмысшылары КСРО Жо­ғарғы Кеңесіне депутаттар сайлауына қатысып, коммунистер мен партияда жоқтардың кан­дидаттарын сайлады. Солтүстік Қа­зақстан облысынан КСРО Жо­ғарғы Кеңесіне сайланған бірінші депутаттар: Н.С.Кузнецов (обком­ның хатшысы), Я.А.Тертычный (орден иегері, Красноармейск ау­данының “Северная звезда” ұжым­шарының мүшесі), А.Д.Ми­хин (орден иегері, Приишим МТС-ның комбайнері). Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау 24 мау­сым күні өтіп, Солтүстік Қазақстан облысынан 45 депутат сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне сияқты Қазақ КСР-нің сайлаушылары де­путаттыққа коммунистер мен пар­тияда жоқтардың блогын сайла­ған. Депутаттыққа сайланғандар­дың ішінде: И.Г. Шеренгин – об­ком хат­шысы, Ш. Ажибаев – Қия­лы кең­шарының тракторшысы, А.В. Ма­матов – Петропавл стан­циясының вагон учаскесінің инже­нері, М.Д. Долгушева – Ленин ау­данының Красноармейск етком­бинатының қызметшісі болған.

Елде тыныштық пен бейбітші­лік орнап азаматтық келісім сал­танат құрған кезде қоғам өмірінде жаппай террордың басталуы, ХХ ғасырдың 30-жылдардағы билік­тің жүгенсіздігі халықтың басына қара бұлт үйірді. Бүкілодақтық Ком­мунистік (большевиктер) пар­тиясы Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумы ке­ңестік қоғамды кең ауқымда та­зар­ту жұмысын бастауға тапсыр­ма беріп, елдегі саяси қуғын-сүр­гінді барынша күшейтіп жіберді. Дегенмен, жаппай саяси қуғын-сүргіннің нақты бастау алған уа­қыты мен дерегі ретінде зерттеу­ші­лер КСРО Ішкі істер халық ко­миссариатының 1937 жылғы 30 шіл­деде шығарылған №00447 бұй­рығын атайды. Осы кездегі үлкен террор кезеңі, алапат зобалаң шақ 1937 жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созыл­ды. Оның нәтижесін (сондай-ақ, ұжымдастырудың да салдарын) зерттеушілер өз халқына қатысты жасалған геноцид деп атауда. Ұл­тымыздың қаймағын сыпырып ал­ған жаппай саяси қуғын-сүргінді (сондай-ақ, халқымыздың жалпы санының жартысын қына­дай қыр­ған ашаршылық апатын) біздің ел­де де осылай бағалау керек.

1937 жылдың сәуірінен қара­ша­сы­на дейін – БКП (б) Солтүстік Қазақстан облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы қызметін Сұлтан Се­гізбаев атқарған, екінші хатшы М.А.Бай­бол­сынов болды. С. Сегіз­бай­ұлы Түркістан өлкесі, Ташкент уе­зі, Аққорған болы­сының Жағал­байлы қыстағында туған, қазақ. Жоғарғы Кеңестің депутаты және 1-ші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесі (1937-1938 ж.ж.) Ұлттар Ке­ңесі төрағасының орынбасары болды. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған. Көп ұза­май оның орны­на 1937 жылғы 3 қа­рашада бірінші хатшылыққа комипермяк ұлты­ның өкілі Николай Кузнецов (1898-1967 ж.ж.) тағайындалған.

Н.С. Куз­нецов 1936-1937 жыл­да­ры Қа­зақстан КП (б) Қостанай ау­дандық және облыстық коми­тет­теріне басшы болды. Облыс бас­шысы қызметінде жүріп аза­мат­тардың, соның ішінде комму­нистердің жаппай қуғын-сүргінге ұшырауы жөнінде елдің басшы­ла­рына (И. Сталин мен Г. Маленков­қа) ауызша және жазбаша арыз­данады. Заңсыз тұтқындалған­дар­ды жергілікті Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшесі қа­пастарынан босатуға тікелей ат­са­лысады. Солтүстік Қазақстан об­лысынан бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депута­ты болып сайланады (1937 жы­лы). Алматыға қызмет бабымен бар­ғанда Ішкі істер халық ко­мис­сариатының (НКВД) органдары тұтқындап, ұзақ уақыт бойы түр­ме­ге қамалған. Кейін 1938 жыл­дың 2 шілдесінде Петропавл қа­ла­лық комитетінің шешімімен “ха­лық жауы” ретінде пар­тиядан шы­ғарылған.

Партия басшыларына қарсы жаппай репрессияны айғақтайтын партиялық ор­гандардың құжатта­ры, асығыс қа­былданған шешім­дер, тұтқынға алу, жұрт ал­дын­да кінәлау және басқа ны­шан­дағы білек күші мен рухани тер­рорлар туралы нақты деректер пар­тия ор­гандарының құжатта­рында сақ­талған.

1937 жылдың 1 мамыры мен 1938 жылдың 1 мамыры аралы­ғын­да 629 адам партиядан шыға­ры­лып, 567 адамға “халық жауы” деген айдар тағылған. Барлығы 7 мыңнан астам солтүстікқазақ­стан­­дық саяси қуғын-сүргіннің құр­баны болды. Олардың қатарында: В.Г. Барлебен, А.Н. Сырғабеков, С. Сейфуллин, Ә. Әйтиев, М. Жұ­ма­баев, Ф.Т.Рузаев, П. Лазутин, М.К. Аммосов және т.б. көптеген қызметкерлер болған. “Рассвет” кол­хозында Д. Левухин, А. Бур­сов, С. Проскурин, “Қызыләскер” совхо­зы­ның саяси бөлімінің бас­тығы Пущин, колхоз күзетшісі Не­те­сов қа­мауға алынған. Петро­павл де­по­сының барлық басшы­лары, ин­женерлер – Павлов, Му­жиков, Лив­шиц, Мецлер және басқалары тұт­қындалған. Қатар­дағы, шала са­уатты коммунис­тер­дің кейбіреу­ле­рі күшті насихаттың алдауына еріп, жазықсыз жан­дардың қаны тө­гілуіне себепкер болған. Ауыл­дардағы партия жи­налыстарында коммунистер егін жиналмай қал­са, сүдігер жырту ұзаққа созылса, бұған “халық жау­лары” кінәлі деп, оларды әшкере­леуге шақырды. Ендігі жерде ша­руашылықтағы кемшіліктің қан­дайы болсын зиян­кестік деп қа­ралды.

Насихат құралдарының барлы­ғы да ішкі істер органдары халық­тың зұлым жауларымен аяусыз кү­рес жүргізіп жатыр деп, қоғамдық пі­кір туғызуға бағыт ұстады. Об­лыстық “Ленин туы”, “Ленинское знамя” газеттері 1937-1938 жыл­дары “Фашистік жалдамалылар­дың жан түршіктірерлік қылмыс­тары”, “Петропавл депосындағы троцкизмнің тамырына балта ша­былсын”, “Жау қолындағы мек­теп”, “Отанға опасыздық жасаған­дарға өлім кесілсін” деген сияқты тағы басқа тақырыптармен мақа­лалар беріп тұрды. Газет беттері қа­лалар мен ауыл-селоларда пар­тия органдарының ұйымдасты­руы­мен көп адам қатысқан ми­тин­гілер өткені туралы хабарларға толы болды. Пима басу зауыты ұжы­мының жиналысында қабыл­данған қарарда: “Фашистік жалда­малылардың өлтірілуін талап ете­міз”, делінген. Ет комбинатында болған митингінің қарарында: “Ең жоғары жазалау шарасын талап етеміз”, – деп айтылған. Колхоз­шы­лар колхоз құрылысы жау­ларының атылуын талап еткен.

Адамдардың көңіліндегі күдікті сейілту және Ішкі істер ХКК-ның органдары тек қана “халық жау­ла­рын” жазалайды деп көрсету үшін, Мәскеудің өнегесімен Қазақстан­да бүкіл республиканы шулатқан үш бірдей – Қарағанды, Үржар жә­не Преснов ашық сот процестері ұйымдастырылды.

1937 жылы 22 мамырда Сол­түс­тік Қазақстан облыстық ІІХК-ның Солтүстік Қазақстан басқар­масы Преснов ауданының бір топ жауапты қызметкерлерінің үсті­нен: В.С.Конюхов – аудандық пар­тия комитетінің бұрынғы бірінші хат­шысы, Кәрім Қапаров – аудан­дық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы, Нияз Оразбаев – аудан­дық оқу бөлімінің бұрынғы мең­герушісі, Қасен Фазылов – аудан­ның бұрынғы прокуроры, Әлімбек Майкетов – бұрынғы халық соты, Савелий Калугин – аудандық жер бөлімінің бұрынғы меңгерушісі, А.М.Гоменюк пен И.И. Гребешок бұрынғы колхоз төрағаларына қыл­мыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу кезінде бұлардың барлы­ғы­на да Кеңес үкіметін құлатуға, капитализмді қайта орнатуға, Қазақстанды Кеңес одағынан бөліп әкетуге бағытталған контр­революциялық, ұлттық-фашистік жұмыс жүргізді деген айып та­ғыл­ды. Жауап алу хаттамаларынан, сотталушылардың сот үстінде жа­саған мәлімдемелерінен көріне­тін­дей, жендеттер ұрып-соғу, қор­қытып-үркіту сияқты тәсілдердің барлығын да қолданып баққан. Алайда, тергелушілер көрген қор­лықтарының барлығына да ер­лікпен шыдап, өздеріне тағылған былғанышты айыптауларды мо­йын­даудан бас тартқан. Әсіресе, ерекше рөл Қапаровқа дайында­лып қойылды. Түрлі қинау бары­сында оған жолдастарына жала жабуды ескертті. Бірақ сот үстінде Қапаров не болса да жала жабу­дан бас тартқан. Сот жоспарлан­ғаннан бұрын өтіп, облыстық сот­тың арнайы алқасының сессиясы 1937 жылы 3 қазанда үкім шығар­ды. В.С. Конюховқа, К. Қапаровқа, Н. Оразбаевқа, К. Фазыловқа ең жо­ғарғы жаза – ату жазасы беріл­се, қалғандарын 8-10 жыл мерзім­ге түрмеге қамады.

КСРО Жоғарғы Сотының 1959 жылғы 23 қазанда өткен пленумы КСРО Бас прокурорының наразы­лы­ғын қарай келе, В.С. Конюхов, К. Қапаров, Н. Оразбаев, К. Фазы­лов, Майкетов, Калугиннің, Го­менюк­тің, Гребешковтың ісі бо­йынша олардың әрекеттеріне қыл­мыс құрамының болмауы себепті Солтүстік Қазақстан облыстық со­тының 1937 жылғы 3 қазанда шы­ғарған үкімінің күшін жойды. Контрре­во­лю­циялық, ұлтшыл-фашистік ұйым­дар облыстың және Қазақ­станның бірде-бір ау­данында бол­ған емес, мұны 1957-1990 жыл­да­ры қаралған қылмыс­тық істер дә­лелдеп отыр. Өкінішке қарай, бұ­лардың барлығы да дер­лік көз жұмғаннан кейін ақталды.

Қайран қалатын оқиға, мыса­лы, 1938 жылғы 1 маусымда бас­талған Солтүстік Қазақстан об­лыстық партия конференциясы­ның облыс басындағы бір топ “ха­лық жауларының” әшкереленуі­мен, Қазақстан К(б)П ОК “Облыс­тық партия комитеттің бірінші хат­шылығына Королевтың ұсыны­луын тежеп, ал обкомның бұ­рын­ғы үшінші хатшысы Патлицынның тұтқындалуына” байланысты кон­ференция жұмысы тоқтатылған. Ал “қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.П. Целыхтың “халық жауы” екендігі туралы факті болмағандықтан”, сонда да, оның мандатын тартып алып, өзін зал­дан шығарып жіберген. Сол үшін делегаттардың бәрі дауыс беріп, ұсынысты қабылдаған.

Обком аппаратында жұмыс іс­теген 11 адам “халық жауы” ата­нып, сотталған. Олардың ішінде ұйым мен сектордың 6 меңгеру­шісі (Га­леев, Гуляев, Копылов, Қай­­сар­беков, Чимбулатов, Зен­цов); үш нұсқаушы (Сағындықов, Ильин, Гуськов); обком хатшысы­ның кө­мекшісі Вишенчук болған. Партия­дан ұйымның үш меңге­ру­шісі (Айтқожин, Качаганов, Осин) шет­тетілген; бөлім меңгерушісі Гри­­бовқа, бұрынғы хатшы Паты­ли­цынге саяси сенімсіздік біл­ді­рілді, нәтижесінде бюро мүшесі Целых жұ­мысынан босатылып, обком ап­паратынан саяси сенімге лайық­сыз үш адам (Трацевская, Нико­лаева, Швем) іссапарға жі­берілді. Облыстық “Ленин туы” газеті ре­дакциясының 12 адамы, оның ішін­де 4 редактор “халық жауы” ата­нып, сотталған. Обком­дар мен рай­комдар аппаратын “халық жау­ларымен” былғау, партиялық ұйым­дарының “халық жауларын” әш­керелеу мен тазалау жұмыста­рын тежеді. Керісінше олар “халық жауларын” түрлі шаруашылық, кеңес және мәдени жұмыстарға белсене қатыстырған” – деп ай­тылған.

1937-1938 жылдары болған заң­сыздықтар шаруашылық және мәдени құрылыс дамуының түпкі­лікті тежелуі, қоғамның мораль­дық-психологиялық ахуалын қиын­­датты. 1938 жылы 1-9 шілде аралығында IV облыстық партия конференциясы өтті. Партияның облыстық комитетінің бірінші пле­нумында Қазақстан БК(б)П Сол­түстік Қазақстан облыстық және Петропавл қалалық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Иван Шеренгин (1938-1940 ж.ж.), екінші хатшысы болып – Н. Бозжанов сайланды. Н.С. Бо­голюбов үшінші хатшы болды.

Қуғын-сүргіннің жаппай сипат алуына байланысты басшы қыз­мет­керлерге “халық жауы” деген жала жабылып, елді мекендерге есім­дері берілген кеңес қайрат­кер­лерінің аттарын өшіру науқаны басталып, Солтүстік Қазақстан облысының топонимикасында бір­қатар өзгерістер байқалды. Мы­салы, Беккер атындағы үш село­лық кеңес, Құлымбетов, Елтай Ерназаров атындағы екі селолық Кеңес, Блюхер, Қазақстан Үкі­ме­тінің төрағасы болған Ораз Исаев атындағы төрт селолық кеңес, Ф.И. Голощекин атындағы екі се­лолық кеңес, Л.И. Мирзоян т.б. атаулары өшіріліп, жедел түрде бас­қаша атала бастағанын көре­міз. Солтүстік Қазақстан облат­ко­мы төралқасының қаулысымен 1938 жылғы 3 тамызда Рузаев ау­данының Исаев ауылкеңесі, Кага­нович ауылкеңесі және Ок­тябрь ау­данының Исаевский ауылке­ңесі, Ле­нин ауылкеңесі деп қайта аталды.

“Халық жауы” атанғандардың соты болып, тиісті жаза тағайын­дал­ған соң олардың есімі беріл­ген елді мекендердің атын өзгерту туралы көптеген құжаттар қабыл­данған. Мысалы, 1938 жылы 14-15 қарашада Ленин ауданындағы Исаев ауылкеңесін Ежов ауылке­ңесі деп, Бейнетқор ауданындағы Исаев селсоветін Каганович сел­советі деп қайта атау туралы Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диу­мының қаулысы қабылданды. Сол­түстік Қазақстан облыстық ат­қару ко­митеті төралқасының 1939 жы­лдың 13 қаңтарындағы Бей­нет­қор ау­даны Голощекин ауыл­сель­со­ветін Амангелді ауылсель­советі деп қай­та атау туралы қау­лысы шық­ты. Сол сияқты 1939 жы­лы 20 сәуірде Солтүстік Қазақстан об­лысындағы бұрынғы Крас­но­ар­мейск совхо­зынан Дмитриев, Ок­тябрь, Ком­сомол және Вороши­­­лов сельсо­веттерін құру тура­лы Қа­­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының жарлығы жарық көр­ген.

Әкімшілік-аумақтық бөлудегі өзгерістер әр жылдары көрші об­лыстар құрамына бірнеше село­лық кеңестерді беру, жаңа аудан­дарды құрып, бұрынғы аудан­дарды қысқарту, басқаруды жақсартуға, экономикалық мақсатқа сәйкес қажеттіліктен туындаған қайта ұйымдастыру және бөлек­теу есебінен болды. Өлкенің өн­діріс күштерінің дамуы жаңа әкім­шілік-аумақты құруды талап етті. Атап айтсақ, 1939 жылы 14 қазан­да КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының жарлығымен Қазақ КСР-ның құрамында Ақмола, Семей, Жамбыл облыстары құ­рыл­ды. Жарлыққа сай, Солтүстік Қазақстан облысының Степняк қаласы мен Арықбалық, Атбасар, Есіл, Зеренді, Калинин, Макин­ский, Молотов, Рузаев, Ста­лин, Щу­чинск, Еңбекшілдер аудан­­да­ры жаңа құрылған Ақмола облы­сына берілді. Қайта құрулар­дан кейін өңір территориясының кө­лемі 83667 шаршы, 1940 жылғы 1-ші шілдесіндегі мәлі­меттер бойынша халқының саны 600.768 адам болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының 1939 жылғы 16 қа­зан­дағы “Қазақ КСР-нда жаңа ау­дандар құру туралы” жарлығына іштей өзгерту енгізіп, Солтүстік Қазақстан облысының Красноар­мейск ауданына үш колхоздан (Чкалов ауданына қосылған Сәу­ле, Жаңаталап колхоздарынан басқа) беру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуымы­ның жарлығы қабылданды.

Жарлықтардың қабылдануы­мен қатар, жаңа Конституция бо­йынша еңбекшілер депутаттарын жер­гілікті кеңеске алғаш сайлау 1939 жылы желтоқсан айында жүргізіл­ді. Облыстық кеңеске 91 депутат сайланып, оның 29-ы әйел адам болды. Жергілікті кеңеске сайлау кезінде Мамлют ауданының Кол­доман селосының ұжымшары, бұрындары Киев пе­хото училищесінің курсанты бол­ған Гуденко Сергей Гаврилович Киев қалалық кеңесіне депутат­тыққа кандидат ретінде ұсы­нылған. Ол 1938 жылы Хасан кө­лінің бойын­дағы шайқастарда ер­лік көрсетіп, Солтүстік Қазақстан облысынан бірінші болып Кеңес Одағының Батыры атағына ие бол­ған. (Ұлы Отан соғысы жыл­да­рында қаза тапқан).

Социалистік құрылыстың соң­ғы 1940 жылы да таяп келді. Сол жылдың қазан айында Қазақ КСР еңбеккерлері республи­ка­ның 20 жылдығын атап өтіп, эко­номика мен мәдениет саласында­ғы жетістіктерінің қорытындыла­рын жасаған. Барлық республи­камен бірге облыста бірқатар же­тістік­терге жеткені айқын көрінді. Сол жылдары (1940-1944 ж.ж.) Қазақ­стан Компартиясы Солтүстік Қа­зақстан облыстық және Петро­павл қалалық комитетінің бірінші хат­шысы қызметінде Василий Фе­дорович Николаев болған.

Облыстың әкімшілік-аумақтық бөлінісін ретке келтіру 1940 жылы одан әрі жалғасты. Мысалы, сол жылдың басында КСРО Ішкі істер министрі болған Ежовтың өзі тұтқындалып, одан кейін ату жа­за­сына бұйырылған соң, Ленин ауданындағы бұрынғы Ежов ауыл­советі Арал ауылсоветі бо­лып қайта аталатын болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның тиісті жарлығы бойынша 21 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Төңкеріс ауданының аты Октябрь ауданы болып өзгертіл­се, 31 шілдеде 1940 жылы Бей­нет­қор ауданы Совет ауданы деп қайта атала бастады. Сол жар­лыққа сәйкес, 30 қарашада Прес­нов ауданындағы Буденный ет-сүт совхозы Островский сельсо­ветінің әкімшілік қамтылуына бе­рілді.

1942-1943 жылдары да облыс­тың әкімшілік-аумақтық бөліні­сінде бірқатар өзгерістер орын алды. Мысалы, Қазақ КСР Жо­ғарғы Ке­ңесі Төралқасының жар­лығы бо­йынша Солтүстік Қазақ­стан об­лысы Петропавл селолық ауданы мына құрамда құрылды: орталы­ғы Петропавл қаласы. Архан­гельск, Бескөл, Кривозерск, Ново-Каменка, Ново-Павлов, Пе­тер­фельд және Плоское селолық со­веттері. Совет ауданының орта­лығы Шолақ Досжан ауылынан Смирнов селосына көшірілді. 1944 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиу­мының Жарлығына сай, орталығы Көкшетау қаласы болатын Көк­шетау облысы құрылып, оның құ­рамына: Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Айыртау, Келлер, Қы­зылту, Көкшетау, Красноармейск, Чкалов аудандары және Ақмола облысы құрамынан Арықбалық, Зеренді, Рузаев, Шучинск, Еңбек­шілдер аудандары берілетін бол­ды.

Әкімшілік-аумақтық бөлудегі өзгерістер әр жылдары көрші об­лыстар құрамына бірнеше село­лық кеңестерді беру, жаңа ау­дандар құрып, бұрынғы аудандар­ды қысқарту, басқаруды жақсар­туға, экономикалық мақсатқа сәй­кес қажеттіліктен туындаған қайта ұйымдастыру және бөлектеу есе­бінен болды. Облыста Конюхов ау­даны құрылып, құрамына Булаев ауданының Березняк, Воскре­сенскі, Заросленский, Камышлов, Колосов, Конюхов, Куломзин, Ле­бяжі, Ново-Успенск, Октябрь, Про­летар, Суворов, Чистянск сель­советтері берілді.

Облыстағы әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде, 1944 жылы 15-17 ма­у­сымда ҚК(б)П Солтүстік Қа­зақстан облыстық комитетінің ке­зекті XI пленумы болып өтті. Ал 1945 жылы облыстық драма теат­рында облыстық VII конферен­циясы ашылды. Конференция­ның президиумында ҚК(б)П ОК хат­шысы Яковлев, Мельник, ҚК(б)П обкомының хатшылары Нечаев, Конин, Пильгук, облыс­тық совет ат­комының төрағасы Мұстафин, ҚК(б)П Петропавл қалалық коми­тетінің хатшысы Суриков, ҚК(б)П Совет аудандық комитетінің хат­шысы Әбдрах­манов, ҚК(б)П По­лу­ден аудандық комитетінің хат­шысы Дворников, партиялық бақылау комиссия­сының Солтүстік Қазақ­стан облы­сындағы өкілінің орын­басары Буценец тағы басқалар болды. Конференцияның Прези­диумына партия мен үкімет бас­шылары, Сталиннің даңқты серік­тері Мо­лотов, Калинин, Вороши­лов, Ан­дреев, Каганович, Микоян, Жда­нов, Хрущев, Маленков, Швер­­ник, Берия, Вознесенский, Щербаков сайланды. Одан кейін, ҚК(б)П облыстық комитетінің сек­ретарі Нечаев облыстық пар­тия ко­митетінің VI партия конференция­сынан VII конференцияға дейінгі уақыт ішінде атқарылған жұмыс­тар жө­нінде есепті баяндама жа­сап, со­нымен конференцияның алғашқы мәжілісі аяқталды.

Облыстық партия конферен­ция­сының 6 наурыз күнгі мәжі­лісінде Нечаевтың баяндамасы бойынша жарыссөз басталды. Жарыссөзде ҚК(б)П Октябрь ау­дандық комитетінің хатшысы Ва­сильченко, Суворов МТС-ның ди­ректоры Слажнев, облыстық “Ле­нинское знамя” газетінің редак­торы Кияница, ҚК(б)П Булаев ау­дандық комитетінің хатшысы Жан­ғозин, облыстық соғыс комис­са­риатынан Голосов, Совет ауда­ны­ның Киров атындағы колхозының хатшысы Мүрсәлімов, Мамлют МТС-ның директоры Буркалев, Петропавл қаласындағы Темір­жол аудандық партия комитетінің хатшысы Макарев, Торанғұл мал кеңшарының директоры Сқақов және өзге басшылар сөз сөйледі.

Мәжілісте мандат комиссия­сы­ның төрағасы Козик баяндама жа­сады. Конференция делегаттары мандат комиссиясының баянда­ма­сын бір ауыздан бекітті.

Облыстық VII конференция­ның 8 наурыздағы мәжілісінде ҚК(б)П обкомының пленум мүше­лері мен кандидаттары және тек­серу ко­миссиясы мүшелерінің құ­рамы­на кандидаттар ұсынылып, әр­бір кандидат жеке-жеке тал­қы­ланды. Жабық, жасырын дауыс бе­ру жо­лы­мен ҚК(б)П обкомының мү­ше­лігіне 63 адам, 11 адам ҚК(б)П об­комының пленум мүшелігіне кан­ди­дат­ болып К.Ағажанов, Б. Ай­на­ғұ­лов, С.В. Голосов, И.Ф. Зен­чен­ко, А.И. Куш­­нир, М.А. Лопат­кин, П.Д. При­сич, Ф.Е. Севицкий, Ш.М. Тас­бо­ла­тов, Д.Н. Ткачов, И.П. Шу­хов және тексеру комис­сия­сына 5 адам сайланды. Конферен­циядан кейін ҚК(б)П обкомының 1-ші пленумы өт­ті. Пленум ҚК(б)П обкомының бі­рін­ші хатшылығына Г.А. Мельникті, екін­ші хатшы­лық­қа Н.Е. Конинді, кадр жө­ніндегі хат­шылыққа А.С. По­­цел­уевті, үгіт-насихат жөніндегі хатшы­лыққа Я.Е. Пильгукті бе­кітті.

1947 жылы VIII облыстық пар­тия конференциясында Г.А. Мельник­пен қатар Қазақстан Компар­тия­сы Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық партия комитетінің екін­ші хат­шысы болып Николай Боб­ров сайланды. Ол 1948-1953 жыл­да­ры бірінші хатшы қызметіне де­йін көтерілген. Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының жарлы­ғы­мен 1948 жылы 16 нау­рызда ор­талығы Совет ауданын­дағы Совет астық совхозы болған селолық со­вет Булаев ауданының қарауына берілді, ал сол жылдың 7 шілде­сінде Петропавл қаласындағы Же­лезнодорожный, Про­мыш­ленный, Центральный ау­дан­дары тара­тылды.

Келесі жылдары, яғни 1950-1953 ж.ж. облыста елді мекендер бір сельсоветтің құрамынан алы­нып, сельсоветтерді тарату неме­се совхоздардың орталық қоныс­та­рында сельсовет құқында пос­совет құру жұ­мыстары жүргізілді. Оның бар­лығы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының жар­лығына сай іс­ке асырылып оты­рылды. Мысалы, 1950 жылы Ок­тябрь ауданындағы Есіл ауыл кеңесін “Өрнек” кол­хо­зымен бірге Солтүс­тік Қазақ­стан облысы Ле­нин ауда­нындағы Арал ауылсо­ветіне беру туралы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Төр­алқасы­ның жар­лығы шықты.

1953 жылғы атақты қыркүйек пленумы деген атпен тарихта қал­ған Компартия орталық комитеті­нің үлкен жиынында Кеңес ода­ғында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралып, ас­тық өнімдерін молайтудың бірден-бір көзі – тың және тыңайған жер­лерді жыртып, дәнді дақылдар өсі­ру деген шешім қабылданды. Кейін “Тың эпо­пеясы” деген даң­ғаза науқанға бас­тама болған осы оқиға Солтүстік Қа­­зақстан об­лысына үлкен өз­ге­рістер әкелді. Бұл саясаттың түп­кі мақсаты ха­лықты азық-түлік өнім­дерімен қам­тамасыз ету бол­са, ол шын мә­нін­де көп­теген ауыл ша­руашы­лы­ғы­ның мә­селелерін ше­шуге мүм­кін­діктер жа­сады. Сол кез­дегі ха­лықтың ерен еңбектерін және оның ауқымды нә­тижелерін атаған жөн. Деген­мен осы ау­қымды бо­лып көрінген же­тіс­тік­тердің таса­сында қазақ ұлты үшін мән-ма­ғы­насы мол зардап­тар да қалыптас­ты ғой. Әсіресе 1954 жылы өңірдің әкімшілік-ау­мақтық бөлінісі түбірі­мен өзгеріп, елді ме­кендердің аты өз­гертіліп, жаңа­дан құрылған кең­шарлар мен ұжым­шарларға идео­логиялық тұр­ғыдан “жағымды” атаулар қойыла бас­та­ды. Сол жыл­дары совхоздар “За­ря”, “Молодая Гвардия”, “Алек­сан­дров”, “Тихо­океанский”, “Озер­ный” т.б. атау­лар­ға ие болды. “Булаев”, Ма­лень­ков атын­да­ғы, “Жданов сов­хозы”, “Украи­на”, “Интерна­цио­нал”, “Жамбыл”, “Мо­ло­догвар­дей­ский”, “Восход”, Дзер­жинский атын­дағы, “Доку­чаев”, “Ишим”, “Москворецкий”, “Ти­­­ми­рязев”, Хру­щев атындағы сов­­хоз­дардың құ­ры­лысы бастал­ды.

Солардың ішінде, тыңда жоға­ры көрсеткішпен алға шыққан Жда­нов кеңшары еді. Оның сол кез­дегі директоры Николенко, ал пар­тия комитетінің хатшысы Сергеев бол­ды. Тағы бір мысал, “Восход” ша­руашылығында тыңның алғаш­қы жылдарында 22,5 мың гектар жаңа жер жыртылып, совхоз ал­ғашқы екі жылда мемлекетке 20,8 мың тонна астық тапсырды. Бұл көрсеткіштер облыстың дамуына септігін тигізген.

1957 жылы 11 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуы­мы­ның жарлығымен біздің өңірдің және Көкшетау облысының әкім­шілік бөлінісіне көптеген өзге­ріс­тер енгізілді. 1957 жылы 23 нау­рыз­да және 30 шілдеде қатары­нан бір­неше жарлық қабылданды. Осын­дай сапырыстырулар Кеңес ода­ғының бірінші басшысы Н. Хру­щев­тің атына айып болып тағыл­ған. Шын мәнінде ұсақ ұжымшар­ларды ірілендіру, ауыл өмірін тү­бегейлі өзгерту арқылы халықты ұжымшарлардан бас тартпай, ең­бек етуге және шаруа еңбегін бір орталыққа бағындыруды көздеген еді, бірақ бұл шаралар кері нә­тиже берді. Алғашқы болып эко­номикасы өте нашар дамыған, ең­бек көрсеткіштері өте төмен, мем­­лекетке қарызы көп, шаруа­лар­ға еңбекақысын төлей алма­ған ұжым­­­шарлар кеңшарларға айнал­дырылды. 1950 жылдары ауыл-село тұрғындарының 65 па­йызға жуығы ұжымшарлықтар бол­ған. Тың және тыңайған жерлерді иге­рудің нәтижесінде тың игеріл­ген жерлерде астықты, мал ша­руа­шылығы бір жолға қойылған сов­хоз­дар ұйымдас­ты­рылып, кең кө­лем­ді күрделі құ­рылыстар са­лын­ды. Совхоз құры­лысы 1954-1961 жылдары кеңінен дамыды. Сол жылдары Қазақстанда 800-ден астам жаңа совхоз құрылды.

1957 жылы 6 тамызда “Афана­сьев­ский”, “Благовещенский”, “Дуб­­­ровный”, “Заречный”, “Загра­дов­ский”, “Миролюбовский”, Ка­линин, “Николаевский”, “Новоми­хай­ловский”, “Образцовый”, ВЛКСМ 50-жыл атындағы, “Се­вер­ный”, “Семипольский”, “Смирнов­ский”, “Ульяновский” совхоздары пайда болды. 1960 жылы 21 қа­занда “Озерный” (Бескөл ауданы) совхо­зы құрылды. 1958-1963 жыл­дар аралығында Қазақстан Ком­пар­тия­сы Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық комитетінің бірінші хатшы қыз­метінде Николай Нико­лае­вич Журин болған. Ол – сегізінші ша­қыры­лым­­дағы КСРО Жоғарғы Ке­ңе­сі­нің де­путаты, үшінші-төр­тін­ші ша­­қыры­лым­дағы Қазақ КСР Жо­ғарғы Ке­ңесінің депутаты. Екі мәр­те Ле­нин орденімен, Октябрь ре­во­люция­сы, үш мәрте Еңбек Қы­зыл Ту, “Құрмет Белгісі” орденде­рімен, медальдармен марапат­талған.

Орталықтың Қазақ­стан туралы ұстанған саясаты қа­зақ мемле­кеттілігіне, бірлігіне қа­уіп төндіріп, тұтастығына көз тіге бас­тады. Мысалы, Н.С. Хрущев Қа­зақстан­ға алты рет келіп, келген сайын тыңға ат басын бұрып, ақы­рында оның ұйғаруымен Қазақ­станның Солтүстігіндегі бес облыс тың өлкесіне біріктірілді. Сол кез­де құрылып, кейін тарап кеткен Тың өлкесінің құрамына Ақмола, Көк­шетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын беру туралы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының жар­лығы шықты. Онда Ақмола қа­ласын Тың өлкесінің орталығы етіп бекіту және Ақмола облысын та­ратып, оның аудандарын өл­ке­лік орган­дарға тікелей бағын­дыру туралы айтылған. 1960 жылы Көк­шетау, Қостанай, Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстары­ның, сондай-ақ таратылған Ақмо­ла облысының өнеркәсібі мен құ­рылысын біріктіретін Тың экономи­калық әкімшілік аймағын құру, Қостанай және Солтүстік Қа­зақстан облыстарының эконо­ми­калық әкімшілік аймақтарын та­рату көзделді.

1961 жылы Тың өлкесінің құра­мындағы (орталығы – Целиноград қаласы болатын) Ақмола облысы құрылды. Н.С. Хрущев сол кезден бас­тап Қазақстанның тың айма­ғын Ресей құрамына біртіндеп ен­діру әрекетіне белсене кірісті. Ол Қа­зақстан Компартиясы Тың өл­келік комитетінің бірінші хат­шы­лығына Соко­ловты тағайындап, ал ол бол­са “Тың өлкесі” 16-шы одақтас рес­­пуб­лика құру идеясын ұсыну­мен болды. Дәл осы кезде Тың өлке­сіне біріктірілген Сол­түстік облыс­тарды Ресейге, Оң­түстік Қа­зақ­стан­ның мақта егетін ауданда­рын Өзбекстанға беруге Жұ­ма­бек Тәшенев ашық қарсы шықты. Ол: “Мұндай теріс ше­шім­ге қазақ халқы қарсы бо­лады, он­да КСРО Конститу­ция­сы­на өзгер­ту енгізу керек!” деп, Мәс­кеу төрін­де батыл сөйледі. Қазақ хал­қының жері мен елі үшін күресе біл­ген Алаш­тың адал ұлы­ның ар­қа­сын­да Тә­уелсіз Қазақ­станның бес об­лы­сы рес­пуб­лика құрамында қалды.

Ұлтымыздың біртуар азаматы Жұмабек Тәшенев халқының бүгі­ні мен ке­ле­шегі үшін белсене ең­бек етті. Коммунистік идеология­ның қатаң партиялық қысым жағ­дайында ол өз ұстанымынан тай­мады.

1962 жылдың көктемінде Қа­зақ­станда өзгерістерге ілікпеген бірде-бір облыс, аудан және ауыл қал­ған жоқ. Өзгертулер осымен тоқтамай, Қазақстандағы селолық аудандарды ірілендіру шаралары жалғасын тапты. Мысалы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның жарлығымен 1963 жылы 2 қаң­т­арда Көкшетау облысындағы аудандардың орнына селолық ау­дандар құру жұмыстарына бай­ла­нысты Володар, Қызылту селолық аудандарына және Қазақ КСР әкімшілік-аумақтық бөлінісіне өз­ге­ріс­тер енгізілді.

Конюхов, Полудин, Приишим, Со­колов аудандарын таратып, Ти­мирязев ауданын құру, Октябрь ау­данын Сергеев деп қайта атау ту­ралы жарлықтар шықты. Солтүс­тік Қазақстан облысындағы бұ­рын­ғы бар аудандардың құрылы­мын, бағыныштылығын өзгертіп, олардың орнына “селолық аудан­дар” құрыла бастады. 1962 жыл­дың қараша айында Мәскеуде КОКП ОК пленумы партиялық бас­қаруды қайта құру туралы шешім қа­былдады. 1963 жылдың басын­да партиялық басқару жүйесінің өнеркәсіп пен ауыл шаруашылы­ғы­ның ыңғайына қарай екіге бө­лін­ді. Сол кезде, яғни 1963-1965 жылдары Қазақстан Компартиясы Солтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшысы болған орыс ұл­тының азаматы – Подгорбунский Кузьма Захарович еді. Бұған дейін ол 1956-1963 жылдары Солтүстік Қазақстан облаткомының төраға­сы қызметін атқарған. Қазақ КСР-нда өнеркәсіп аймақтарын құру және кейбір қалалардың, қалалық поселкелер мен елді мекендердің әкімшілік бағыныштылығын өз­гер­ту туралы қаулыға сәйкес, Көк­шетау, Шучинск, Красноармейск, Петропавл, Макинск қалалары өл­кеге бағынатындар санатына жат­қызылды. Бұдан былайғы 1963 жылдары селолық кеңестерді та­рату, елді мекендерді беру шара­лары жалғаса берді. Осы кезде Н.С. Хрущевтің саясатына билік ба­­сындағылар батыл қарсы шығып, 1964 жылы 13 қарашада оны тақтан тайдырып, мемлекеттің бі­рінші басшысы етіп Л.И. Брежнев­ті сайлайды. Ол жаңа өзгерістер ен­гізе бастады. КСРО-ның, оның ішінде Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөліністерін бұрынғы қал­пына қайта келтіру әрекеті қолға алынды. Л.И. Брежневті сайлаған Кеңес одағының ең жоғарғы сая­си және әкімшілік билігі шоғыр­лан­ған КОКП ОК 1964 жылғы қа­раша пленумының шешімдеріне сай елдегі жағдайларды 1965 жыл­дың басынан-ақ оңтайлы шеше бас­тады.

1964 жылы желтоқсанда Мәс­кеу­дегі ең жоғарғы билік деңгейінде мынадай құжаттар қабыл­дан­ды: Қазақ КСР-нда еңбекшіл­дер депутаттары кейбір “өнеркә­сіптік және селолық” кеңестердің ат­қару комитеттерін біріктіру, кей­бір қалалардың, қалалық посел­ке­лердің басқа да елді мекендердің әкімшілік бағыныштылығын өзгерту туралы шешім қабылда­ды. Көкшетау облысынан Көкше­тау және Щучинск, Солтүстік Қа­зақстан облысынан Петропавл қа­лаларын өлкелік бағынышты­лық­тан облысқа ауыстырды. Соны­мен қатар селолық аудандар жо­йылып, қайтадан бірыңғай аудан­дар құрылды.

Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 19 қазандағы жарлығына байланыс­ты Қазақстанда Тың өлкесі тара­ты­лып, құрамындағы Көкшетау, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан және Целиноград облыс­тары Қазақ КСР-ның мемлекеттік органдарына тікелей бағынатын болды. 1965-1981 жылдары Қа­зақ­стан Компартиясы Солтүстік Қа­зақстан облыстық комитетінің бі­рінші хат­шысы қызметін Васи­лий Петрович Демиденко атқар­ды.

Облыста Возвышен, Бес­көл (1967), Жамбыл (1970) және Мәс­кеу (1972) аудандары мен “Пол­­тавский”, “Рассвет” совхозда­ры құрылды. 1969 жылы 9 мау­сым­­да Солтүстік Қазақстан об­лы­сында жаңадан құрылған се­ло­лық кеңес­терге атау беру туралы Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумы­ның жарлығы шықты. Орта­лығы Ан­дреев селосы бол­ған Бес­көл ау­да­нындағы селолық кеңес­тің атауы – Андреев; орталығы Фур­манов се­ло­сы болған Бу­лаев ау­да­нын­дағы селолық ке­ңес­тің ата­уы – Фур­ма­нов; орталығы Ленин се­лос­ы бол­ған Мамлют ауданын­да­ғы се­лолық кеңеске Ленин село­лық ке­ңесі деп атау беру ұйға­рылды.

1970 жылы Ленин, Сергеев жә­не Тимирязев аудандарының әкім­шілік-аумақтық бөлінісіне өз­герістер енгізілді. Ал сол жылы шілдеде Солтүстік Қазақстан об­лыстық атқару комитетінің 1970 жылғы 10 маусымдағы шешімімен құрылған селолық кеңестерге атау беру туралы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының жар­лығы шықты. 1970 жылы Жам­был ауда­ны, іле-шала “Авангард”, “Астра­ханский”, “Медвеженский”, “Пок­ровский”, “Ступинский”, “Юби­­лей­ный” кеңшарлары, бір жыл­дан соң “Қайранкөл” кеңшары құрылды. Бескөл, Булаев, Воз­вышен, Жам­был, Ленин, Мамлют, Преснов, Сергеев, Совет, Соко­лов және Ти­мирязев аудандары елді мекен­дерінің атауын өзгерту туралы шешім шықты.

Қазақ КСР құрамында жаңа ау­дандар құру және республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісіне кей­бір өзгерістер енгізу туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президи­умының жарлығы бойынша Көк­шетау облысында орталығы Тал­шық қалалық поселкесі болатын Ленин ауданы мен Петропавл қаласында Киров және Куйбышев аудандары, Булаев, Мамлют жә­не Соколов аудандарының құра­мында жаңа селолық кеңестер құрыл­ды. Володар ауданындағы елді ме­кендердің атауын орысша дұрыс жазу туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлы­ғы шықты. Бұл құжат бұрын жі­берілген өрескел қателерді тү­зе­туге жасалған алғашқы қадам еді. 1976 жылы шілдеде Солтүстік Қа­зақстан облыстық атқару ко­мите­тінің шешімімен Бескөл ауда­нында орталығы Новокаменка селосы болған – Новокаменский селолық кеңесі, Мәскеу ауданын­да орталығы Новоузенка селосы бол­ған – Новоузенский және т.б. 1977 жылы Возвышен, Жамбыл, Совет аудандарының аумағында жаңа се­лолық кеңестер құрылды. Ал 1978 жылы Бескөл, Булаев, Воз­­­вы­шен, Жамбыл, Ленин, Мам­лют, Преснов, Совет, Мәскеу, Со­ко­лов, Тимирязев аудандарында жойыл­ған елді мекендерді есеп­тен шы­ғару туралы Солтүстік Қа­зақстан об­лыстық атқару коми­те­тінің ше­ші­мі қабылданды. 1979 жы­­­лы қыр­күйекте Бескөл, Булаев, Возвы­шен, Преснов, Сергеев, Ти­миря­зев аудандарында жаңа се­ло­лық кеңестер құру туралы Сол­түс­тік Қазақстан облыстық ат­қа­ру коми­тетінің шешімі шықты. Ке­йін 1981 жылы Арықбалық, Уә­лиха­нов, Во­лодар және Зеренді ау­данда­рының құрамында жоқ елді мекен­дерді есептен шығару тура­лы Көкшетау облыстық ат­қару ко­ми­тетінің шешімі күшіне енді.

Қазақстан Компартиясы Сол­түс­тік Қазақстан облыстық коми­тетінің бірінші хатшылық қызметін 1981-1988 жылдары Владимир Тимофеевич Степанов атқарған. Оның тұсында жойылған елді мекендерді аудандардың есе­бінен шығару, аудан селолық кеңестерінің әкімшілік-аумақтық бөліні­сіне, елді мекендердің ба­ғыныш­тылығына, есеп-қисап мағ­лұмат­тарына өзгерістер енгізілді. Бұл қызметті 1988 жылдан 1991 жылға дейін он бірінші шақы­ры­лымдағы КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депу­таты – Святослав Алек­сандрович Медведев жалғас­тырды.

Петропавлда Киров және Куй­бышев аудандарын, сонымен қа­тар Целинный ауданы тараты­лып, Ақсуат, Белоградов, Дзержин­ский, Ишимский, Ленинский, Ми­чу­рин селолық кеңестері Тими­рязев ауданының құрамына; Го­ро­дец, Октябрь, Юбилейный, Интернациональный селолық ке­ңестері Сергеев ауданының құра­мына берілді. Дәл сол жылы Бу­лаев ауданы Красное селосын На­дежда селолық кеңесінің құрамы­нан алып, Булаев ауданы Қара­қоға селолық кеңесінің құрамына өтті.

1990 жылы 13 қыркүйекте бұ­рын таратылған аудандар қал­пына келтіріліп, Қазақ КСР-ның әкімшілік-аумақтық бөлінісіне өзгерістер енгізілді. Көкшетау облы­сында әкімшілік орталығы Тал­шық аудандық поселкесі болған Ленин ауданы қалпына келтіріліп, оның құрамына Горький, Қазан, Колос, Қулыкөл, Май, Ново­сельский, Тельман, Ұялы селолық кеңестерін беру ұйғарылды. Көк­ше­тау облыстық атқару коми­те­тінің шешімімен 1991 жылы Уә­лиханов ауданында Ақбұлақ селолық кеңесі құрылды.

1991 жылы Кеңес одағы ыды­рап, Қазақстан тәуелсіздігін жа­риялады. Тәуелсіздік жылдары Қа­зақстан өз көшбасшысының ба­тыл­дығы мен даналығы, халық­тың ынтымақ-бірлігі арқасында ғасырға бергісіз кезеңнен өтті. Қаншама қиындықтарды артқа тастап, аяғынан нық тұрған рес­публиканың келешекке деген се­німі зор. Осы жылдар шешімін тап­пайтын мәселе мен қол жетпейтін мақсаттың болмайтындығы анық дәлелденді.

Бүгінде облыс құрамында 13 аудан, 689 елді мекен бар. Соның 237-сі немесе 34 пайызы қазақша атауға ие. Соңғы жылдары 59 елді мекеннің атауы өзгертілді. Облыс мұрағат­тарындағы 1,5 млн-ға жуық құжат­та аймақтың өткен тарихы туралы бай дереккөздер сақталған. Теріс­кейдің өткенінен сыр шертетін та­рихи құжаттар да жеткілікті.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp