Аудан, қала әкімдерінің, департамент, басқарма басшыларының, агроқұрылым жетекшілерінің, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысын кіріспе сөзбен ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов 2024 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмалардың орындалу жайына қысқаша тоқталды.
Көрсеткіштер көңілден шығады
«Былтырғы су тасқыны көп қиындықтар келтіргеніне қарамастан, облыс экономикасының тұрақты дамуына қол жеткіздік. Инфрақұрылым қалпына келтіріліп, «Бірлік» шағынауданы бой көтерді. Рекордтық астық жиналып, жаңа кәсіпорындар, сүт фермалары, маңызды әлеуметтік нысандар ашылып, құрылыс қарқын алды. Жол мен су жүйесі жаңартылды. Соңғы он жылда қысқамерзімді экономикалық индикатор 120 пайызға жетіп, республика бойынша алдыңғы орынды иелендік. Аграрлық салаға әлеуетті инвестор тарту мақсатында Қытайдың Шэнси провинциясымен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды», – дей келіп Ғауез Торсанұлы алғашқы сөзді орынбасары Қанат Дүзелбаевқа берді.
Оның айтуынша, барлық салада ілгерілеу байқалады. Жалпыұлттық пулға 754,5 млрд. теңгенің 46 озық жобасы енгізіліп, былтыр 32,8 млрд. теңгенің 15 жобасы іске асырылды. Республикалық және облыстық қазынадан қарастырылған қаражатқа 208 шақырым республикалық, 630 шақырым жергілікті маңыздағы және 163,6 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың техникалық жағынан қанағаттанарлық деңгейі 84 пайызға жетті. 280,9 шақырым су жүйесі жаңартылып, 257,9 мың адам немесе ауылдықтардың 97,5 пайызы сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді. 1,5 мың шақырым электр, 10,5 шақырым жылу жүйесі ауыстырылды. 330 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, 7 мың отбасы баспанасын жаңартты.
Алға басқан ауыл шаруашылығы
Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов еліміз бойынша жетекші орын алатын, өңірлер бойынша өнімнің төрттен бірін құрайтын агроөнеркәсіп саласында қол жеткізілген жетістіктермен, енгізілген озық жаңалықтармен бөлісті. Өткен жылы 936,8 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 2023 жылға қарағанда көрсеткіш 180 млрд. теңгеге көбейді. Егіншілікті әртараптандыру жанданып, майлы дақылдар егістігі 760 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Агроқұрылымдар астық өсірудің интенсивті әдістерін қолдана отырып, жоғары өнім алудың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып келеді.
«Президенттің диқандарды 80 пайыз отандық тұқыммен қамтамасыз ету жөніндегі талабына сәйкес, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының базасында «Семеновна» деп аталатын жергілікті бидай сұрыбы аудандастырылып, жоғары нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда өңірде 35 тұқым шаруашалығы жұмыс істейді. 5 ақпанда өткізілетін «Тұқым–2025» атты халықаралық конференция мен көрмеге шетелдік, отандық ғалымдар қатысып, тәжірибелерімен бөлісетін болады. Былтыр 68,9 млрд.теңгеге 2998 техника сатып алынып, машина-трактор паркі 6,1 пайызға жаңарды», – деді Марат Иманбайұлы.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде сүт өндірісі жылдам қарқын алуда. Өңір сүт өндіру бойынша республикада екінші, агроқұрылымдар арасында бірінші орында. Бүгінде 42 заманауи тауарлы-сүт кешені жұмыс істейді. Әрқайсысында 400- 1800 сиырдан бар. Былтыр елімізде 39 сүт фермасы іске қосылса, 17-і – өңірімізге тиесілі, бұлардағы мал саны 10 мың бастан асады. Осылайша қосымша 65 мың тонна сүт өндіріледі. Әр сиырдан орташа есеппен жылына 6582 литр сүт сауылады. Көрші Ресей мен Еуропа елдерінен 3 мың басқа жуық асыл тұқымды ірі қара әкелінді.
«Зенченко және К» КС 8 мың бас сиырға лайықталған Орталық Азиядағы бірегей сүт кешенін тұрғызуға кірісті. Инвестиция мөлшері – 9 млрд.теңге, жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна. Онда жасанды интеллектке негізделген цифрлық технология қолданылады. «Аманат» ШҚ 5 мың бас қойға арналған асылтұқымды репродуктор мәртебесін алды. «Екпін–2002» ЖШС қой фермасын 10 мың басқа дейін кеңейтпек. Құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан Петропавл бройлер құс фабрикасының қуаттылығы 10 мың тоннаға жобаланған. «Масло Дел» ЖШС жылына 370 мың тонна майлы дақыл өңдеп, 120 мың дайын өнім шығара алады.
Өнеркәсіпте өнімділік жоғары
Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов инвестициялық жобаларды іске асыру, индустриялық даму мәселелерін баяндады. Өнеркәсіп өндірісінде 705,2 млрд. теңгенің түрлі бұйымдары мен жабдықтары шығарылса, 85 пайызын өңдеуші сала иеленеді. Оның ішінде тамақ және машина жасау өндірісінің үлесі басым. Машина жасау кәсіпорындарының тапсырысы 20 пайызға артып, 262,6 млрд. теңгеге жетті. «ЗИКСТО» зауыты 122 жолаушылар вагонын құрастырды. Алдағы уақытта вагон-платформалар шығаруға 24,3 млрд. теңге жұмсалмақ. Киров атындағы зауытта өндіріс көлемі 45 пайызға өсті. Ағаш жаңқаларын тереңдеп өңдейтін фабрикаға 8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Мұнда жылына 50 мың текше метр өнім дайындалады. Тайынша ауданында макарон цехы бар диірмен кешені, Есіл ауданында асфальт-бетон зауыты пайдалануға берілді. Былтыр 19 млрд. теңгенің 11 жобасы қолданысқа беріліп, 532 жұмыс орны ашылса, биыл 96 млрд. теңгенің 13 жобасы игерілмек. Оның ішінде «Евразиан Милк» ЖШС-ның қою сүт өндіретін цехын айрықша атауға болады. Оған 11,3 млрд. теңге қарастырылған.
Биыл жыл аяғына дейін 750 млрд. теңгенің өнімдерін шығару белгіленген. «Ультрадекор» компаниясы «Қызылжар арнайы экономикалық аймағында ағаш өңдеу өндірісін одан әрі кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтпек. «IKEA», «Байкертон» сияқты ірі компаниялар 37-80 млрд. теңге инвестиция құюға бейіл. Аспанасты елінің кәсіпкерлерімен бірлескен меморандум негізінде 93 млрд. теңгеге агропарк салу келісілген.
Әлеуметтік салаға – ерекше қолдау
Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов әлеуметтік сала бірнеше бағытты қамтып, жұмысшы мамандарын даярлауға ерекше екпін түсірілгенін жеткізді. 24 колледжде 11 мыңнан астам студент білім алса, 13 білім ошағы 3 мыңға жуық жұмысшы мамандарын даярлауға бағдарланған. Әлі де екі мыңдай тракторшы-машинист, электрик, дәнекерлеуші, сантехник сияқты кәсіп иелері жетіспейді. Осыған орай бұл мамандықтар бойынша қабылдау үлесі 39 пайыздан 54, дуалды оқыту көрсеткіші 25 пайыздан 27 пайызға дейін арттырылмақ.
947 білім беру ошағында 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді, 100 мыңнан астам шәкірт білім алуда. Былтыр «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасы аясында және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе отырып, 10 білім ордасы жаңартылды. Бір мектепке құйылған инвестиция мөлшері 250 млн. теңгеге жуық.
Азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту мақсатымен 4512 жаңа жұмыс орны ашылды. 30 мың адамға әлеуметтік көмек берілді.10 мың адам қайта сауықтырудан өтті. Басқа өңірлерден көшіп келген 2547 адамның 78 пайызы жұмысқа орналастырылды. Баспана сатып алуға 1 млрд. теңге бөлінді.
Алқалы басқосуда қала әкімі Серік Мұхамадиев, Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров, «Радуга» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Дәурен Қатрановтың есептері тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Жолдауда айтылған іргелі міндеттерді табандылықпен жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктерді жұмылдырып, түпкі мақсат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиістілігін атап көрсетті.
«Алда экономика өсімін кемі 6-7 пайызға арттыру, инфрақұрылымдардың тозу көрсеткішін азайту, озық бағдарламаларға қолдау көрсету, инвестициялық әлеуетті тиімді пайдалану талаптары тұр. Тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау жоғары жауапкершілік пен зор ұйымдастырушылықты қажет етеді», – деді Ғауез Торсанұлы сөзінің соңында.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.