
Қара аспан қақ айрылып, зымыран сынықтары жаңбырша жаууда… Тарс-гүрс… Ұшақтар көз ілеспес жылдамдықпен зу етіп аспанға көтеріледі де, төмен қарай құлдилап, жерге тиер-тиместен жарылады. Көзі атыздай болып, кереуеттен түсе алмай отырған мұны анасы қапсыра құшақтай алды.
“Әкем қайда?”. Бір уақытта атыс-шабыс сап тыйылып, сұр шинелі бар ер адам үйге кіріп келді. Сұңғақ бойлы, аққұба жігіт баласынан көз алмай анадайдан үнсіз қарап тұр. “Әке, әкетай! Сені сағындым ғой!”. Үндемейді. Жақындамайды. “Әке!”. Тарс-тұрс, у-шу… Шошып оянды. Қара терге малшынған екен. Тұра бергені сол, біреу төбеден ұрғандай тарс еткен дыбыс шыққанда, тәлтіректеп қалды. Не болып кетті? Өң-түсін ажырата алмай, кереуетін жиектей жүріп, терезеге үңілді. Жаңажылдық отшашулар көпқабатты үйлердің төбесін көмкеріп, түрлі- түсті жұлдыздардай самсаған сайын, төмендегілер шу ете түседі. “Мыналардың естері дұрыс па өзі? Жеті түнде жын ойнақ құрып”.
Әлгі түс ше?.. Жүрегі ноқташыға бой бермеген тентек құлындай тулай жөнелді. Әке бейнесін елестету үшін көздерін қайтадан жұма қойды. Сырттағы шудан түс көру түгіл, қайта ұйқыға бату мүмкін емес. 80 жасқа жеткенге дейін бірде-бір рет әке-шешесінің бейнесін өңінде түгіл, түсінде де көрмеген Сансызбай ақсақал таусыла күрсінді. Әкесі майданға аттанғанда бұл жөргектегі сәби еді. Ал үш жасқа толғанда анасының ауыр дерттен көз жұмғанын кейін туысқандарынан естіген. Соғыстан кейінгі елдегі тұралаған тұрмыс өз алдына, жетімдер үйінде көрген қорлығы, асырап алған туыстарының әлімжеттігі, олардан қашып кеткеннен кейінгі адам төзгісіз өмірі өзіне ғана аян.
Кейін жоғары білім алып, қызмет етіп, отбасын құрып, жұрт қатарлы өмір кешті. Қызмет бабымен басқа қалаларға барған сайын кітап сатып алатын әдеті болатын. Ұлы классиктердің көптомдық туындылары, шетел әдебиеті дейсіз бе, тіпті, Маркс пен Энгельстің еңбектерін де сатып ала берген ғой. Жас кезде кітап оқуға уақыт табылған ба?! Өмір бойы жинаған бұл байлығын зейнет демалысына шыққан соң қыстың ұзақ кештерінде ермек етермін деп ойлады. Алайда, тағдыр кімнің жоспарымен санасқан, зейнеткерлік демалысқа шығар-шықпастан миына қан құйылды. Қимылы шектелді, сөзден жаңылды, төсекке таңылды. Кейде баспаханадан шыққан бойы тірі жан парақтамаған кітаптарды әрі-бері аударып қарайды. Сарғайған беттердегі сансыз әріптер мұны мазақ қылатындай: бірде шеру құрады, бірде бытырап қашады.
Қаракөлеңкеде өткен өмірін еске алған қарияның ойы кітаптарға ойысқан кезде баяғыда солардың біріне жаңа аяқ киім алу үшін еңбекақысының тең жартысын салып қойғаны есіне сап ете түсті. Төсегінен атып тұрған қарт енді қалың көрпенің астында алаңсыз ұйықтап жатқан кемпірін жұлқылай бастады. “Кітаптардың қалғанын қайда қойдың? Маған барлығын дәл қазір тауып бер!”. “Бар болса, қайда қашар дейсің, таң атсын, табылады”, – деп кемпірі сабырға шақырды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.