«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

№2 ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ 10-шы қазандығын қосып, қуаттылығын арттырды

“СевКазЭнерго” АҚ 2-ЖЭО-дағы қайта жаңартылған қазандығын іске қосты. Бұл шара облыс әкімі Серік Біләловтің қатысуымен өтті.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Шекті тарифті бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы қаулысы нәтижесінде еліміздегі энергия өндіретін ұйымдар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алған болатын. Осы орайда “СевКазЭнерго” АҚ үш жарым миллиард теңгеге №7 стансасының қазандығын қайта жаңартты. Бұл – аталмыш АҚ-ға тиесілі 10-шы қазандық. Мамандардың айтуынша, қазандықтың қайта жаңартылуы сағатына 270 тонна бу өндіруге мүмкіндік беріп, электр энергиясын өндіруді 53-тен 65 мВт-қа арттырған.

 

 

Қазандықтың жұмыс істеу режіміндегі өзгерістерге сәйкес жағылған отыннан бөлінетін азот тотығының көлемі 6 есеге азайтылып, қоршаған ортаға тигізер залалы төмендетілген.

– Қазіргі таңда біз сегізінші қазандықты қайта жаңарту жұмысын қолға алдық. Алдағы уақытта осындай жөндеу жұмыстары жалғастырылатын болады. Ендігі жылы №4, №8 қазандықтарды іске қоспақпыз, – деді №2-ЖЭО-ның директоры Виктор Бармин.

Облыс әкімі Серік Біләлов №4 стансаның қазандығын жөндеу жұмысын өз көзімен көрді. Осы жылдың ақпан айында басталған жұмыс жоспар бойынша 2013 жылдың шілдесінде аяқталмақ. 4,5 миллиард теңгеге жүзеге асырылып жатқан жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін, стансаның қуаттылығы 60 МВт-ға артпақ. Бұдан кейін №2-ЖЭО-ның басқару қосынына барған өңір басшысына энергия өндіруші ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылды. Қазіргі таңда №2-ЖЭО қайта жаңарту жұмыстарының арқасында қуаттылығын арттырған. Егер №2 жылу-электр орталығы пайдалануға берілген кезде қуаттылығы 250 МВт-ны құраса, бүгінде 340 МВт-ны өндіруге қауқарлы. Ал облыс орталығы өндірілген электр энергиясының тек 157 МВт-сын тұтынады екен. Яғни, электр энергиясы қоры жеткілікті.

– Соңғы жылдары “СевКазЭнерго” АҚ негізгі қондырғыларды қайта жаңартуды инвестициялауға он екі жарым миллиард теңге жұмсады. Бұл “Шекті тарифті бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының және акционерлердің шетелдік, отандық банктерден кредиттер тартуының арқасында мүмкін болды. Мұның барлығы ЖЭО-ның өнімділігін арттыруға, облыс орталығын жылумен, энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жасалуда, – деді “Сев-КазЭнерго” АҚ-ның басқарма төрағасы Игорь Татаров.

№2-ЖЭО-дағы тың өзгерістермен танысқан облыс әкімі Серік Біләлов негізгі қондырғыларды жаңғыртуға қомақты қаржы құйып жатқан АҚ-ның бұл жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта электр энергиясын өндіру, жылумен қамту жұмысының жаңа деңгейге көтерілетіндігіне сенім білдірді. Облыс орталығындағы жылу жүйелерінің 70 пайызының ескіргендігін тілге тиек еткен өңір басшысы осындай жұмыс арқылы олар да бірте-бірте жаңартылатындығын айтты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp