
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпандағы №32 қаулысымен сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілді. Қаулы биыл 15 ақпаннан бастап күшіне енді. Жаңартылған жүйеге сәйкес жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтар сыйақы алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот үкімі шыққан соң сол дерек туралы хабарлаған адамға параның 10 пайызы сыйақы түрінде төленбек.
Пара мөлшері немесе сыбайлас жемқорлық әрекеті салдарынан келтірілген шығын 1000 айлық есептік көрсеткіштен (2651000 теңге) аспаса, қылмыстың санатына қарай 30-дан (79 530 теңге) 100 айлық есептік көрсеткішке (265100 теңге) дейін сыйақы төленеді. Ал параның немесе шығынның көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса, сол соманың 10 пайызы сыйақы түрінде ұсынылады. Бірақ бұл ретте сыйақы мөлшері 4000 айлық есептік көрсеткіштен (10604000 теңге) аспауы тиіс.
Жемқорлық туралы хабарлаушыларды көтермелеудің осыған ұқсас жүйесі бірқатар шетелдерде (Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг) қолданылып келеді.
Бұл жаңашылдықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталған. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосында жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасын таппақ.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.