2015-2019 жылдарға арналған республикалық Индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында биыл облыста 7,4 миллиард теңгенің 16 жобасы жүзеге асырылып, 487 жұмыс орны ашылады. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңірде 4,7 миллиард теңгенің 12 жобасы іске қосылды. Осы орайда 370 солтүстікқазақстандық жұмыспен қамтамасыз етілді.
Индустрияландыру картасы аясында шығарылған “Казтехмаш” машина жасау зауыты ЖШС-нің ауылшаруашылық, көлік тасымалы мен коммуналдық техникалары ең ірі жобалар қатарында. Бүгінгі таңда зауыт 16 “Sampo Asia SR 3085” астық жинау комбайны мен өзге де 59 ауылшаруашылық техникасын шығарды. Техника Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысының алқаптарында сынақтан өткізілді.
Жыл соңына дейін Аққайың ауданында қуаттылығы 120 мың тоннаны құрайтын элеватор-диірмен кешенінің құрылысы мен Тайынша ауданында жылына 480 тоннаға дейінгі сүт өнімдерін өндіру, жүгері таяқшаларын және құрғақ таңғы тағамдарды, сондай-ақ, Петропавлда қабырғалық панельден үйлер салудың құрастырмалы темір-бетон материалдары өндірісін ұйымдастыру қолға алынбақ.
2015-2019 жылдардағы Индустрияландыру картасы аясында барлығы 28,6 миллиард теңгенің 41 жобасы жүзеге асуы тиіс. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өңірде алғаш рет химия өнеркәсібі мен мұнай-химия, металлургия салаларында жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.