Есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру – учаскелік полиция инспекторларының міндеттерінің бірі. Әсіресе, темір тордың арғы жағынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар –ерекше назарда. Бүгінде өңірімізде осындай азаматтардың саны – 336. Олардың көңіл көтеру орындарына баруына, түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруіне, полицияны ескертпей жол жүруіне тыйым салынған. Сондай-ақ, олар ішкі істер органдарында үнемі тіркелуі тиіс.
«Төтенше жағдайға байланысты қазір олар ішкі істер органдарына келмейді. Оның орнына учаскелік полиция инспекторлары оларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексереді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан тұлғаларға карантин кезінде үйге жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға, жұмысқа баруға және қоқыс шығаруға рұқсат етіледі», – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Учаскелік полиция инспекторлары осы санаттағы адамдарды бұрын бір айда үш рет тексерсе, қазір жиілете түсті. Егер бақылаудағы адамдар заң бұзса, тәртіп сақшылары материал жинап, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға құқылы. Жыл басынан бері осындай 15 адам сот шешімімен бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды. Қазір сотталған 1461 адам полицияда есепте тұр.