
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, төтенше жағдай Тайынша ауданында орын алған.
Осы аудан аумағында орналасқан Шағылытеңіз көлінде 1,5 тонна сазан балығының қырылып қалғанын тұрғындар хабарлаған. Оқиға орнына жедел жеткен инспекция, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен экология департаменті, «Қазгидромет» облыстық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінен құралған комиссия мүшелері тексеріс жүргізіп, фактінің орын алғанын растаған. Зерттеу барысында су құрамындағы күкірт сутегінің нормадан бірнеше есе асып асып кеткені белгілі болған. Аталмыш көл облыстық аңшылар және балықшылар қоғамына тиесілі.
Балықтың нақты қырылу себебі ресми түрде жарияланбаса да, алдын ала болжам бойынша су астындағы өсімдіктер шіруінің салдарынан күкіртсутек концентраты пайда болғанға ұқсайды. Сөйтіп, балықтардың улануына себеп болған секілді. Бұлай дейтініміз, мұндай келеңсіз жайт көлдің қамыс өсіп тұрған бөлігінде ғана байқалған. Бұл аумақта былтырғы қамыс шірінділері көп кездескендіктен, күкіртсутек газы орасан мөлшерде бөлінгені байқалады, дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері.
Сурет: https://egemen.kz/