
Бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысып келе жатқан “Богатырский продукт” ЖШС өткен жылдан бері жаңа инновациялық жобаны жүзеге асыруда. Ол – түрік технологиясымен жұмыс істейтін заманауи бірегей диірмен кешені.
Облыс орталығының шығыс жағындағы өндірістік аумақта, М.Әуезов көшесінде орналасқан бұрынғы “ЗИМ” зауытының екіқабатты асханасында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысатын өндіріс орнын ашқан Анатолий Лукашов кәсіпорын аумағын және өндіретін өнім түрлерін көбейтуді алдына мақсат етіп қойған.
“Богатырский продукт” маркасымен алғашында тұшпара, шекілдеуік шығарып, өз тұтынушыларын тауып үлгерген серіктестік бұл күндері өнімдердің жиынтығын көбейте түсуде. 2013 жылы жаңа ғимаратта 30 түрлі макарон, тәулігіне 10 тонна өнім өндіретін итальяндық екі желіні іске қосты. Олары “Тамерлан” атауымен әртүрлі орамаларда сатылуда.
Өндіріс орнында еттен жартылай дайындалған өнімдер, кондитер, нан-тоқаш бұйымдары, тереңдете салқындатылған торттар, әртүрлі сусындар шығарылады. Және де облыстың ғана емес, еліміздегі басқа өңірлердің сауда орындарына, “Бесбармақ кеспесі” сияқты сұранысы мол тауарлар Ресей Федерациясының Челябі, Омбы, Екатеринбург қалаларына жөнелтіледі. Серіктестіктің фирмалық дүкенінен кәсіпорын шығарған тауарлардың кез келгенін көтерме бағамен сатып алуға болады.
Өткен жылы аталмыш ЖШС индустриялық-инновациялық жоба бойынша жаңа диірмен кешені құрылысын қолға алды. Оның бірінші кезегін биыл күзде пайдалануға беру жоспарлануда. Жаңа өндіріс аумағында бой көтерген бесқабатты диірмен кешенінің іргетасын “Основание” ЖШС атқарса, ал металл құрылғыларын “Промтехмонтаж” ЖШС құрастырыпты. Бүгінгі күні осынау алыстан көз тартатын еңселі де әсем ғимаратқа түріктің “Geng Degirmen” фирмасының құрал-жабдықтары орнатылған.
– Мұндай бірегей диірмен кешені Мамлютка қаласы мен Уәлиханов ауданының орталығында ғана бар. Бірақ оларға шетелдік басқа технологиялар пайдаланылған. Біз әлемдегі ең үздік фирмалардың біріне, түрік диірменіне басымдық бердік. Заманауи қондырғы астық тасымалдау, астық тазалау, астықты жетілдіру, екінші мәрте жетілдіру, ұн үгу, ұн тасымалдау, қаптау, кебек тасымалдау сияқты жеті секциядан тұрады. Кебек түйіршік күйінде де алынады. Диірменнің тәуліктік қуаттылығы – 150 тонна. Он бес түрлі ұн өндіреді. Сонымен бірге, кешен қарақұмық пен жүгеріні де ұқсатады, дәнді-дәндібұршақты дақылдардың түрлеріне қарай әртүрлі жарма да шығарады. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап диірмен, – дейді жобаның жетекшісі Вячеслав Волохин.
Жаңа жабдықты құрастыруға түрік мамандары басшылық жасаған. Осы уақытқа дейін серіктестіктің 24 адамы сол мамандардың күшімен екі айлық курстан өткен. Соның нәтижесінде Александр Александров сияқты ауысым басшылары да белгіленіп қойған. Алдағы аптада жаңа қондырғыны іске қосып, байқап көру шаралары жүзеге асырылмақ. Әзірше ғимарат ішін сырлап-қырнау жұмыстары жүргізілуде.
Диірмен кешенінде инновациялық жоба бойынша 55 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі уақытта диірменге жапсарлас аумағы 1042 шаршы метрлік қойма құрылғысы құрастырылып жатыр. Диірменнен шыққан ұнның бір бөлігі макарон цехына құбырлы желі арқылы тікелей жеткізіледі.
– Ендігі басты жұмыс диірмен кешені аумағын абаттандыру болып тұр. Жаңа өндіріс орнын сумен жабдықтау, кәріз құбырын тарту, кіреберіс жол жасау сияқты шаралар “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Бұл мақсатқа 51 млн. теңге қаражат бөлінген. Оны тендерді жеңіп алған фирма атқаратын болады. Осылардың бәрі – диірмен кешенінің бірінші кезегінің жұмысы. Екінші кезегінде, яғни алдағы жылы кемінде 15-20 мың тонна астық сақтайтын, тазалайтын “OBIAL” фирмасының құрал-жабдықтарын орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонда ғана біздің жаңа жобамыз толығымен жүзеге асқан болып саналады, – дейді Вячеслав Михайлович.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: В. Волохин.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.