Облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімнің жанындағы тәжік-ауған шекарасында қаза болған 17 жауынгерге арналған ескерткіш қойылған шағын бақта салтанатты митинг өтті. Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
ТМД елдері қабылдаған “Ұжымдық қауіпсіздік туралы” халықаралық келісімшартқа сәйкес Қазақ елінің бітімгершілік батальоны 1993-1999 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасын күзетуге жұмылдырылған болатын. Осы уақыт ішінде 2 мыңнан астам қазақстандық жауынгер тәжік халқының тыныштығын сақтауға атсалысты. Сегіз жылдың ішінде 54 қазақ жауынгері шейіт болса, мүгедек атанғандар мыңға жуық.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов қаза тапқан қазақстандықтардың есімдері ойып жазылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Салтанатты шараны жергілікті билік өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, қала тұрғындары мен Ұлттық ұлан жауынгерлері жалғастырды.
– Ұлттық ұлан тарихында мәңгіге сақталған бұл оқиға 1995 жылдың 7 сәуірінде болған еді. Дәл сол жылы Памир тауының Пшихвар асуы арқылы өтіп бара жатқан сол кездегі ҚР ІІМ Ішкі әскерінің бітімгершілік колоннасы тұтқиылдан ауған моджахедтерінің шабуылына ұшырады. Төрт сағатқа созылған қанды ұрыста ішкі әскердің 17 жауынгері оққа ұшып, отыз үш әскери қызметші түрлі дәрежедегі жарақат алды. Міне, сол қайғылы күннен бері жиырма жыл өтті. Ерлік пен өжеттілік танытқан отандастарының рухына тағзым ету – игі дәстүр, – деді №6637 әскери бөлiм командирінің тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс бойынша орынбасары Сартбай Нүкеш.
Шайқаста қаза болған Ұлттық ұлан жауынгерлерінің есімдері олар қызмет еткен әскери бөлімнің жеке құрамының тізіміне мәңгілікке алтын әріптермен жазылған. Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде оларға ескерткіштер орнатылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.