Облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дастан Исмаилов биылғы жылы жұрттың жағасын ұстатқан ауыр қылмыстардың бірі – кісі қолынан қаза тапқан такси жүргізушісінің өліміне қатысты істі қарады.
Оқиға былай өрбіген: 25 наурыз күні облыс орталығының тұрғыны Мұрат Аннангельдыев алдымен қаладағы дәмханалардың бірінде ішімдікке сылқия тойып алғаннан кейін пневматикалық қару қолданып, шу шығарады. Кейін такси көлігін шақырады. Жүргізушінің ақшасын иелену мақсатымен Петропавл-Долматово тасжолына шыққаннан кейін такси қызметінің ақысын төлеуден бас тартып, жәбірленушіні қолындағы қаруымен қорқытады. Басынан соққы алғаннан кейін есінен танып қалған жүргізушіні зорламақшы болады. Кейін арам ойын жүзеге асырып, 28 жастағы қызды аяусыз жәбірлейді. Күдікті айуандық әрекеттерінің әшкере болуынан қорқып, жәбірленушіні соңынан тұншықтырып өлтірген. Онысымен қоймай, марқұмның иелігіндегі “Daewoo Matiz” автокөлігін мініп кетіп, оқиға орнынан бой жасырады. Әріптестерінің хабарсыз кеткеніне алаңдаған такси жүргізушілері полицияға хабарласып, кейін тәртіп сақшылары қала сыртынан марқұмның өлі денесін тапқан.
Сотталушы еліміздің Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 18 жылға бас еркінен айыруға үкім шығарды. Кінәлі азаматтың жеке иелігіндегі мүлкі тәркіленіп, ол жазасын қатаң режімдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.