«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

181 КУРСАНТ ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан.”

Әскери институттың биылғы жылы қабылданған курсанттары ант қабылдады. Салтанатты рәсімде 181 жас жауынгер өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға, елі мен жеріне аянбай қызмет етуге серт берді. Кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.  

Аталмыш білім ордасына алғашында 700-ге тарта өтініш түскен. Мұның өзі жастардың әскери салаға деген қызығушылығының жылдан-жылға артып келе жатқандығын айғақтаса керек. Іріктеу сыны мен емтихан сынақтарынан сүрінбей өткен 181 жас салтанатты рәсім барысында курсант атанып, Отанға қызмет етуге ант берді.

Жауынгерлік Ту саптық алаңға шығарылған соң әскери рәсім басталып кетті. Іс-шараны басынан аяғына дейін институт бастығы, полковник Жұмабек Ахметов жүргізді. “Әскери антта Отан қорғаудың маңызды белгілері жазылған. Әр азамат оны қабылдар алдында өзіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Әскери анттың негізгі мәні – Қазақстан халқы мен оның заңды түрде сайланған Президентіне адал қызмет ету, Отанның тәуелсіздігі мен бостандығын абыроймен қорғау”, – деді ол.  

Таңсәріден алыстан ат терлетіп келген ата-аналар мен туған-туысқандар жас өрендердің өміріндегі жүрек тебірентер сәтін ерекше ілтипатпен тамашалады. Ата-аналар қауымы атынан сөз алған Рабиға Омарқызы өзінің жүрекжарды лебізін айтып, курсанттардан болашақта мықты офицерлер шығатынына сенімін білдірді. Әскери ант қабылдаған курсанттардың өздері де сөз алып, мемлекет жүктеген сенімді абыроймен ақтайтындықтарын жеткізді.

Бұдан соң шараға қатысқан меймандар мен ата-аналардың назарына Әскери институт әскерилері әзірлеген қойылымдық көрсетілімдер ұсынылды. Саптық қимыл, карабин және шашкамен дефилені сержант Серік Зәкиевтің жетекшілігімен үшінші курс курсанттары сахналаса, 1-курс курсанттары қоян-қолтық ұрыс бойынша қойылымдық көрсетілімді ұсынды.

Қатарға жаңадан қосылған курсанттардың арасында қырғыз және тәжік елдерінен келген 10 азамат бар.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp