
Солтүстік Қазақстан облысында колледж студентінің жалға алған пәтерінен 2 мың доза есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының орталығы Бескөлдің 19 жастағы тұрғыны Петропавл колледждерінің бірінде оқиды. Жақсы отбасынын шыққан. Жігіттің облыс орталығында жалға алған пәтерін тексерген кезде, 341,1 грамм ұнтақ зат салынған бірнеше целлофан пакеті табылды.
Ұнтақ зат сараптамаға жіберіліп, оның «тұз» деген атпен белгілі «альфа-PvP» есірткісі екені анықталды. Бұл адамға қатты әсер ететін синтетикалық психобелсенді зат.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі, яғни, аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Қазіргі уақытта бұлтартпау шарасы таңдалды. Ұсталған жігіт осы ірі көлемдегі есірткіні өзім қолдану үшін сақтадым деп отыр. Ол есірткіге тәуелді ретінде есепте тұрған жоқ. Жалға алынған пәтерден «тұздан» бөлек орайтын материал мен грамдап өлшейтін таразы табылып, заттай айғақ ретінде алынды. Басқарма қызметкерлері қазір оның есірткіні өткізуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Сонымен қатар, тергеу әрекеттері барысында тыйым салынған затты сатумен айналысқан интернер-ресурс тексеріледі», — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
https://www.inform.kz/