
Өңір полицейлері Армения Республикасынан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі 1 қыркүйек күні аяқталатынын ескертеді.
1 маусымнан бері 193 солтүстікқазақстандық мүмкіндікті пайдаланып, өз автокөліктерін тіркеді. «Белгіленген мерзімнің аяқталуына 2 аптадан да аз уақыт қалды. Армения Республикасында тіркелген көлік иелерін 1 қыркүйекке дейін өз мәселелерін шешуге шақырамыз. Тіркеу үшін небары 11 946 теңге қажет. Мамандандырылған ХҚО-да құжаттард сағат 9-дан 18-ге дейін қабылданады. Қысқа мерзімде «сары нөмір» алу үшін барлық жағдай жасалған», – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Полицейлер армян нөмірлері бар көлікті тіркеу үшін төмендегідей құжаттарды ұсыну қажеттігін еске салады:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) мемлекеттік тіркеу жарнасын төлеу туралы құжаттар;
3) Армения Республикасының уәкілетті органы берген көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі;
4) көлік құралының қауіпсіздігі туралы сертификат.
Облыстық полиция департаменті процессинг орталығының қауырт желісіне 32-00-19, 32-00-22, 8-776-297-84-32 телефон нөмірлері арқылы хабарласып, кеңес алуға болады.