Ақсақалдық жасқа жеткен әр адам артындағы өмір соқпағына қарайлап, өз-өзіне есеп беретіні анық. Сондайда бар өмірін бос алыс-жұлыс, пайдасыз іспен өткізгендер бармақ тістеп, қайран уақытты қайтарарға қайрат таппай қалады. Ал бойындағы рух-жігерін, жалынды жылдарын жақсы іске бағыттап, елінің игілігі үшін еңбек еткендер алдыңғы толқынның аманатын орындап, ұрпақтың ертеңі үшін титтей де болсын үлес қосқанына марқайып қалатын болар. Мерейлі сексен жастың биігіне шығып отырған Жамбыл Тасеменов – егде тартқанға дейін еңбектен қол үзбей, өз саласындағы оң өзгерістердің себепшісі болған адам.
Жамбыл Серғазыұлы 1945 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Екі жасында анадан жетім қалған ұл өмірдің қиындығын ерте жастан көріп, есті, епті болып өсті. Мектеп баласының спортқа деген икемін байқаған мұғалімі оны дене шынықтыру сабағында көмекші етіп алады екен. Спортқа деген бейімі ерте танылған Жамбыл Тасеменов мектепте бірнеше спорт түрімен айналысып, үнемі қатарластарының алды болуға тырысты. Буыны қатып, бұғанасы беки бастаған шақта күреспен айналысуға бел буады. Кейін ауыл арасындағы жарыстарда топ жарып, алғашқы жүлделерін иеленеді.
Облыс орталығындағы К.Ушинский атындағы институтқа оқуға түскен жас спортшы мұнда күреспен ден қойып айналыса бастайды. Еңбегі өз нәтижесін беріп, аз уақыттың ішінде облыс чемпионы атанып үлгереді. Ал 1964 жылы әскер қатарына аттанған спортшы Қырғызстан, Өзбекстан чемпионы атанып, көпті таңдай қақтырады. Мәскеуде өткен КСРО халықтарының спартакиадасына Қырғыз елінің атынан қатысып, жүлдегер атанады. Бұл туралы кейін белгілі жаттықтырушы Алексей Катулин «Советский спорт» газетіне былай деп пікір білдіріпті: «Отличился молодой борец из Киргизии. Он кандидат в мастера спорта СССР, выиграл поединки у двух заслуженных мастеров спорта и мастеров спорта международного класса, после чего был включен кандидатом в Олимпийскую сборную СССР».
Өкініштісі сол, әскери борышын өтеп, оқуын жалғастыру үшін туған өңіріне оралған жасты ешкім арқадан қағып, жағдайын жасай қоймайды. Тіпті оқу орнының жатақханасынан орын да бұйырмай, жанашыр бапкерінің арқасында ғана тұратын жер табады. Күреспен өмірін сабақтастырған жан жетпісінші жылдарға дейін бозкілемнен алыстамай, талай байрақты бәсекелерде жүлдегер атанып, өз мықтылығын дәлелдеді.
– Ол кезеңдегі спорттық өмір басқа ша еді. Спортшылардың бүгінгідей шетелге шығып, дайындықтан өтуі сирек болатын. Одақ құрамындағы мемлекеттер өз спортшыларын өздері даярлап, одақтық құрамаға іліктіруге тырысатын. Бәсекелестік те жоғары еді. Спорт – өте ауыр жол. Онда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңген кезде мақтанға салынбай, ұтылған уақытта салыңды суға кетірмеуің керек, – деп еске алады Жамбыл Тасеменов.
Болашақ жеңімпаздарды даярлап шығару үшін өңірге спорт мектебі керек екенін ұққан Жамбыл Серғазыұлы өзі басқаратын орта мектепті жас спортшыларға арналған мектеп-интернат етеді. Бұл жолда Ресейдің көршілес өңірлеріндегі осындай оқу орындарының тәжірибесін зерттейді. Қолдау мен мол қаржының жоқтығына қарамастан, өз табандылығының арқасында жаттығу залдарын жабдықтап, қабілетті оқушылардың басын бір арнаға тоғыстырады.
«Қызылжарда спортқа бейім жастар көп. Ол кезде өңірде әр сала бойынша жекелеген мектептер болғанымен, соның бәрін біріктіретін оқу орнының қажет екенін көрдім. 1997 жылы жалпы білім беретін мектепті спорт интернатына айналдырдық. Бұл білім ордасын 2009 жылға дейін басқардым. Осы уақыт аралығында талай қызылжарлық жас биіктен көрініп, елге танылды. Грек-рим күресінен Ақан Баймағамбетов, жеңіл атлет Маргарита Мұқашева, конькимен жүгіруден Роман Креч, Дмитрий Бабенколар өңір мерейін өсірді. Аудандарды аралап, жас спортшыларды іздейтін кездеріміз есімде. Кейін бұл ісіміз де өз нәтижесін берді», – дейді Жамбыл Тасеменов.
Ақын Абайдың туған күнімен тұспа-тұс мерейлі жасқа жеткен Жамбыл Серғазыұлы жары Сара Қайроллақызымен бірге ұрпағының қызығын көріп отыр. Кейіпкеріміз сексен жастың сеңгіріне жетсе де өзін әлі сергек сезінеді.
Диас АЯҒАН, «Soltüstık Qazaqstan».