
Жамбыл ауданы Благовещенка ауылының тұрғындары үшін кезекті сапарлары сәтсіз болды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан төрт көлікпен қайтып келе жатқан ауылдықтарға Айтуар ауылының маңындағы қар құрсауы бөгет болды.
Оның үстіне ұйытқып соққан боран кедергі келтірді. Жолаушылар төтенше қызметке хабарласқан. Архангелка ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Атығай Темешев, ауылдық округтің әкімі Алтын Ташенова, жүргізушілер Владимир Борисов пен Артем Суров батып қалған көліктерді итеріп, жолды қардан аршып, біраз уақыттарын шығындады. «Мұндайдада ауылдықтардың ұйымшылдығының маңызы зор, олар қиын жағдайға тап болған адамдардан қолдан келген көмектерін аямайды. Бастысы – қыстың көзі қырауда адамдардың үсіп қалуына жол бермеу. Осы жолы көліктегі жолаушылардың арасында бала да болды», – деді Атығай Темешев.
Есіл ауданында автожол бойында кезекшілікте жүрген патрульдік полиция батальонының инспекторлары балықшы мен оның 14 жасар баласын қар құрсауынан құтқарды. Кенеттен басталған боран салдарынан “Митсубиси Паджеро” автомобилінің жүргізушісі көлдің басынан кетіп үлгермей қалған. Құтқарылған Денис Беляков полиция кіші лейтенанттары Данияр Жақыпов пен Нұрсұлтан Аушахмановқа, учаскелік полиция инспекторы Денис Войцеховкийге және жергілікті серіктестікке алғыс білдірді.
Полицейлер тұрғындарға синоптиктердің, төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің хабарламаларына құлақ асып, ауа райы қолайсыз күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.