«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТАРДЫҢ ШАҒЫМДАРЫН УАҚТЫЛЫ ҚАРАСТЫРМАҒАН 252 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалық етуімен облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Алдымен мемлекеттік органдардағы есепке алу-тіркеу тәртібін, сонымен бірге “Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарастыру тәртібі туралы” заңды сақтау мәселесі қарастырылды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқарма бастығының орынбасары Асан Мәткәрімовтің айтуынша, өткен алты айда 48 тексеріс өтіп, аудандық және қалалық әкімдіктерде 28 мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде 369 заң бұзушылық анықталыпты. Ұсынымдар мен ақпараттарды қарастыру барысында 252 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылған. Әкімдіктерде негізінен мынадай кемшіліктер байқалған: жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын мәліметтер базасына уақтылы және дұрыс енгізбеген; ай сайын ақпарат ұсынбаған; қала, аудан және ауыл әкімдері азаматтарды жеке қабылдауды жүргізбеген. Өткен мерзімде 235 шағым уақтылы қарастырылмаған. Бұған негізінен Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тимирязев аудандары жол беріп отыр.
Жол полициясы органдары қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде СҚО ІІД ЖПБ бастығы Ақпан Дүкетбаев хабарлама жасады. 2012 жылдың 8 айында жол полицейлері үстінен 300-ден астам жасырын тексеріс жүргізіліп, 72 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 19 адам тәртіптік жазаға тартылған. Бұдан басқа бүгінгі күні жол полицейлерінің патрульдік көліктеріне бейне-тіркеу орнатылған. Бұл құрал автокөліктің іші-сыртынан бейнежазба жүргізіп, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір жол полициясы басқармасында 54 инспектордың орны бос тұр. Бірақ Ақпан Дүкетбаевтың айтуынша, үміткерлер бар, оларды қызметке алу үшін іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Аттестаттау қорытындысы бойынша 4 жол полицейі дене салмақтарының артық мөлшерде болуына байланысты (100 килограмнан жоғары) жұмыстан кеткен. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қолға түскендері де, олардың тікелей басшылары да жауапқа тартылыпты. Облыс орталығына орнатылған жылдамдық өлшеуіштер бойынша жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерге 120 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. “Қазір соның 50 миллионы өндірілді. Ресейден келіп, тәртіп бұзғандармен сот орындаушылары жұмыс жүргізуде. Келесі жылы Петропавлда осындай тағы үш құрылғы орнату жоспарда бар”, – деді СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов.
Отырыста Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдері жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша қабылдаған шаралары және осы мәселемен айналысатын өңірлік комиссияның атқарған жұмысы туралы есеп берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp