№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл
Олег БЕСПАЛОВ,
облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының м.а.
Аумақтық орман және аңшылық шаруашылығының қызметкерлері жүргізген рейдтік шаралар барысында заңсыз аңшылықты кәсіп етіп жүрген браконьерлерді ұстады. Жамбыл ауданының Есперлі елді мекенінің аумағында Петропавл қаласының төрт тұрғыны қанды қасап жасапты. Айғақ ретінде олардың мініп келген “Ауди-80” автокөлігінен екі сібір елігінің еті, үш аңшы мылтығы тәркіленді.
Бұл фактілер бойынша жалпы келтірілген зиян 323 мың теңгеден астам соманы құрайды. Жамбыл АІІБ-нің шақырылған жедел-тергеу тобы браконьерлерді аудандық бөлімге жеткізді. Заңсыз аңшылықпен айналысқан аңшылар ешқайда кетпеу жөнінде қолхат толтырды. Осы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін, орман және аңшылық шаруашылығының мамандары “Тимирязев” резервтік қорының аумағында “ВАЗ-2107” автокөлігін тоқтатып, оның артқы жүксалғышынан екі еліктің етін тапты. Көлік иесінде еліктерді атуға рұқсат беретін құжаттары болған жоқ. Сөйтіп, Тимирязев ауданының аумағында заңсыз аңшылық жасау фактісі бойынша әшкереленген Новоишимка және Қайранкөл ауылдарының тұрғындары жануарлар әлеміне 323 600 теңге көлемінде зиян келтірді.
Заң бұзушылардан тәркіленген қару-жарақтары, айғақ заттарының бәрі Тимирязев аудандық ішкі істер бөліміне өткізіліп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр.