№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше өңір басшысы Серік Біләлов алдағы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай осы салада жемісті еңбек етіп жүрген мамандарды қабылдап, оларды биыл бірінші рет аталып өткелі отырған мерекемен құттықтады, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.
– Бұл мереке – шығармашылықпен айналысатын кәсіп иелеріне көрсетіліп отырған зор құрмет. Сіздер өз еңбектеріңізбен басты құндылығымыз саналатын ана тілі мен әдебиеттің, салт-дәстүр мен ата-баба мұрасының құдіретін танытуға, мәдениет пен рухани әлеуетті дамытуға ерекше үлес қосып жүрсіздер, – дей келіп, кездесуді ашқан облыс әкімі Серік Біләлов өңірімізде 1 мыңнан аса мәдениет нысандары жұмыс істейтіндігін, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, концерт пен гастрольдік қызметті дамытуға 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгендігін атап айтты. Тек үстіміздегі жылы ғана 9 мәдениет нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 165 млн. теңге жұмсалды. Облыс әртістері республикаға ғана емес, одан тысқары жерлерге де танымал. Шығармашылық ұжымдар Түркияда өткен фестивальда жақсы өнер көрсетті, Франциядағы фольклорлық ансамбльдер байқауына қатысты. Дарынды да өз ісіне шынайы берілген шығармашыл адамдардың арқасында мыңдаған бала өнер, музыка және би мектептерінде тәлім-тәрбие алып жүр. Осы жағдайларды тілге тиек ете келіп, Серік Сұлтанғазыұлы мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңіріміздің мәдени дәстүрін сақтау мен еселеу жолындағы игілікті істеріне сәттілік, отбасыларына амандық тіледі.
Кездесудің соңында өңір басшысы Серік Біләлов 8 қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасын, 10 адамға Алғыс хат, 30 қызметкерге ақшалай сыйлық табыс етті.