№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына арналған шаралар басталды. Ғабеңнің туған жеріндегі тойын солтүстікқазақстандықтармен бірге атап өтуге көркемсөз зергерінің қыздары Гауһар мен Гүлнәр және жиендері арнайы келді. Құрметті қонақтарды жазушының есімі берілген Ғабит Мүсірепов атындағы аудан құшақ жая қарсы алды. Ең қуаныштысы – Новоишим ауылында салынған жаңа ықшамауданның бір көшесіне жазушының есімі берілді.
Бұл салтанатты сәт түстен кейін облыс орталығындағы Ғабит Мүсіреповтің ескерткіші алдында болған салтанатты жиынмен жалғасты. Қала әкімі Болат Жұмабеков пен жазушының туыстары бастаған зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ескерткіштің артына орнатылған тас қабырғаға жазушының “Тек ірілік қана аңызға айналады” деген бірауыз сөзі жазылған. Аталарының мерейтойына арнайы келген жиендері Сәуле мен Жанна Мүсіреповалар елдің көрсетіп жатқан осы құрметіне өз алғыстарын білдірді.
Ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада екі жаңа басылымның тұсаукесері өтті. Облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мұрындық болған “Ғабит Мүсірепов. Данадан қалған рухани дүние” және Роллан Сейсенбаев құрастырған “Ұлпан” туындыларымен танысуға зиялы қауым өкілдері, жастар мен зейнеткерлер жиналды.
Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы елімізде кеңінен зерттелген. Оған көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалар арналған. Дегенмен, Ғабеңнің рухани әлемін танытатын, оның ой-санасы мен қоғамдық және жеке өмірінен сыр беретін хаттары жинақталған жеке кітап бұрын-соңды болмаған. Жаңа туындыда атақты жерлесіміздің 166 хаты, қойын кітапшасына жазып алған қанатты сөздері мен ойлары топтастырылған.
Ал екінші “Ұлпан” кітабын халықаралық “Абай” клубының төрағасы, жазушы Роллан Сейсенбаев құрастырған. Аталмыш туынды “Қызылжар кітапханасы” сериясымен басылып отыр. Облыс әкімі Серік Біләловтің алғысөзімен ашылатын кітапқа жерлес жазушының романы, пьесалары мен әңгімелері енгізілген.
Кешкілік құрметті қонақтар С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қыз Жібек” спектаклін тамашалады.
Ал бүгін мерейтой жазушының туған ауылы Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында жалғасады.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.