№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қызылжар өңірі екі күн бойы әлемнің үздік травматолог және ортопед дәрігерлері жиналған орталыққа айналды. Германия, Ресей, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінен келген ақ халатты абзал жандар “Жол-көлік оқиғалары кезінде медициналық көмекті ұйымдастыру, жарақатты және ортопедияны диагностикалаудағы және емдеудегі инновациялық технологиялар” тақырыбын арқау еткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу үшін жиналды.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында алдымен травматология және ортопедия саласындағы қазіргі заманғы ота жасаудың озық құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектердің көрмесіне назар аударылды. Буындарға жоғары технологиялы ота жасауға арналған протездердің түр-түрі, жақпа майлар мен ортопедияны емдеуде қолданылатын аяқкиімдерге дейін қойылған көрме буындар мен жарақаттарды емдеудегі әлем ғалымдарының жеткен жетістіктерінің көрінісіндей еді.
Конференцияны ашқан травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Батпенов ғылыми конференцияны жыл сайын еліміздің әр аумағында өткізу дәстүрге айналып отырғанын, бұл жергілікті мамандардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік тудыратындығын айтты. Конференцияға қатысушыларды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Анатолий Ко құттықтады.
“Ғылым мен медицинада шекара жоқ” деген ұранмен өткізілген конференцияның мақсаты шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасып, еліміздегі травматология мен ортопедия саласындағы күрделі мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастыру, заманға сай технологияларды пайдалану арқылы емдік-хирургиялық тәсілдерді жетілдіріп, медициналық көмектің сапасын арттыру болып табылады.
Конференциядағы алғашқы баяндама еліміздегі травматологиялық қызметтің ахуалына қатысты болды. Баяндама жасаған травматология және ортопедия ғылыми институтының директоры Нұрлан Батпенов отандық медицинаның жеткен жетістіктеріне тоқталып, бағындыратын асуларының әлі да баршылық екендігін атап өтті. Еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, аудандық әрі аумақтық медициналық орталықтардағы тиісті жабдықтандырудың жоқтығын жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімнің көбеюінің себептеріне жатқызған Нұрлан Батпенов осы мәселелерді шешу мақсатында бүгінгі күні еліміз бойынша аудандық ауруханалардың 148 дәрігері мен 80 медбикесі тәжірибе жетілдіргенін, ендігі кезеңде еліміздің күре жолдарында орналасқан аудандық ауруханаларды тиісті құралдармен жабдықтау үдерісі басталатындығын айтты.
Конференциядағы ең қызықты баяндамалардың бірі Германия елінің Гессен қаласындағы университет ауруханасының травматология клиникасының жетекшісі, профессор Рейнер Шнетлердікі еді. Жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын жарақаттарды емдеуде уақыт пен жылдамдық үлкен маңызға ие екендігін айтқан ол Германия елінің медицина саласындағы ерекшеліктерге тоқталды. 1995 жылдан бастап травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыстағы профессор Рейнер Шнетлер қазақстандық көптеген травматолог және хирург дәрігерлердің Германияда тегін тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызып, осы жылдар аралығында еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі еленіп, “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қолы қойылған дәл осындай төс белгілерді Познань клиникасының директоры Лешек Романовский және Ресей Федерациясы Ғылым академиясының орталық клиникалық ауруханасының травматология және ортопедия клиникасының жетекшісі, медицина ғылымының докторы Валерий Голубев иеленді.
Салтанатты марапаттау рәсімі аяқталысымен баяндамалар тізбегі өз жалғасын тапты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандарды санамағанда конференцияға жақын және алыс шет елдерден келген ортопед және травматолог дәрігерлер саны 150-ге жетті.
Ауқымды іс-шараның екінші күні №3 қалалық аурухананың негізінде “Тізе мен иық буындарының жарақатын артроскопиялық тәсілдермен емдеу”, “Жамбас буынын травматология және ортопедия зерттеу институтының эндопротезімен эндопротездеу”,“Омыртқа жарақатын емдеудегі инновациялық технологиялар” тақырыптарында шеберлік сыныптары өтті.