«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ — жаһандану әлеміндегі еліміздің жарқын бренді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Биыл Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне және дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдерімен дипломатиялық қатынас орнатқанына 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде Қазақстан сыртқы саясатта орасан жетістіктерге қол жеткізді. Ол – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей еңбегі.


 

Халықаралық қоғамдастық Елбасының әлемде бейбітшілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесін бірауыздан мойындайды. АҚШ Президенті Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтай отырып: “Мен осы мәселелер жөніндегі Сіздің көпжылғы тәжірибеңізді шын жүректен бағалаймын және ядролық қауіпсіздік бойынша ортақ мақсатымызды қамтамасыз ету жолындағы Сіздің ойыңызды естуге мүдделімін”, – деген еді.
Шынында да, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері бүкіл дүниежүзінде қолдау табатындықтай сындарлы саясат жүргізіп келеді. Сондықтан Қазақстан Президенті: “Дүниежүзілік қоғамдастық Тәуелсіздік жылдарындағы жасампаз қызметімізді жоғары бағалады. Бүгінгі күні оның нәтижелерін мақтан етуімізге бізде толық негіз бар”, – деп атап көрсетті.
Қазақстан мен барлық қазақстандықтар алдында ауқымды, соның ішінде жаңа технологиялар негізінде экономиканы жаңғырту және индустрияландыру бойынша еліміздің сыртқы саяси әлеуетін және халықаралық беделін нығайтуға арналған міндеттер тұр. Бүгінгі Қазақстан Елбасымен бірге осызаманғы әлемдік тегеуріндер мен халықаралық стандарттарға сәйкес келу мақсатында білім беруді, ғылымды, мәдениет пен денсаулық сақтауды дамытуға ерекше назар аударатын инновациялық болашаққа ұмтылыс жасап отыр.
Қазақстан кеңестік дәуір кеңістігі, түркітілді және Орталық Азия өңірлері мемлекеттерінің ішінде алғашқы болып өзінің бірегей географиялық өлшемі және саяси мандаты бойынша Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) басшылық жасады.
Барлық осы жетістіктер мен құлшыныстар Батыс мемлекеттерінің көшбасшылары назарынан тыс қалған жоқ.
Еуразияның торапты орталығы, ТМД аумағындағы барынша ырғақты және тұрақты мемлекеттердің бірі, этносаралық және діни толеранттылықтың тамаша үлгісі және “Батыс пен Шығыс арасындағы көпір” ретінде Қазақстан соңғы жылдары Батыстың назарын өзіне аударып отыр. Ұлттық қорларды шеберлікпен пайдалана, нарықты экономика құра және икемді көпвекторлы саясат жүргізе отырып, Қазақстан басшылығы ТМД елдерінің көпшілігі қол жеткізе алмаған істерді атқарды: Шығыстағы одақтастар мен әріптестерді жоғалтпай, Батыстың мойындауы мен қолдауына ие болды.
Бүгінгі күні Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысы ретінде нақты жетістіктерімен еуропалық таңдауды өзінің саяси ұстанымы еткен елдердің көпшілігін осы жолда басып озып, Еуразия кеңістігінде “еуропалану” қарлығаштарының бірі ретінде көрініп келеді.
Осы жағдайда Қазақстан Еуразиядағы тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде бағаланып отыр. Қазақстан өзара түсіністікке, үйлесімділік пен төзімділікке ұмтылған мұсылман әлемі бөлігінің алдыңғы легі ретінде өзін Батысқа таныта білді.
Сондықтан Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі заматта өзгеретін заманда еліміздің рөлінің өсіп отырғандығын лайықты танығандық болып табылады. Қазақстан мұсылман әлемінде де өзінің ұстанымын барынша нығайтып келеді және 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы ұйымының төрағасы міндетін абыроймен атқарып шықты, осының өзі мұсылман мемлекеттерінің көшбасшылары мен халқының Астананың рөлі мен салмағын танығандығы болып табылады.
Осызаманғы Қазақстанда Еуропаның барлық елдерімен сауда-экономикалық, саяси және мәдени байланыстарды дамытуға аса зор мән беріледі. Еуропалық Одақ тұтастай алғанда, Қазақстанның сауда жөнінен маңызды әріптесі болып табылады. Қазақстан Республикасының еуропалық бағыттағы сыртқы саясаты “Еуропаға жол” атты арнайы президенттік бағдарлама арқылы жүзеге асты.
Қазақстан Еуропамен өңірлік тұрақтылық, энергетика, көлік, қоршаған орта, табиғат өзгерісімен, есірткі сату және терроризммен күрес сияқты бірлесе іс-әрекет ету салаларын дамытуда. Бұл фактілер жоғары деңгейдегі әртүрлі кездесулер аясында жиі-жиі дәлелденіп отыр.
Сонымен бірге Қазақстан батыстық сыртқы саясат үрдісінің қарапайым рецептурасы болғысы келмейді, керісінше, елдің сыртқы саясат стратегиясына басқаларға ұқсамайтын субъектілік енгізуге ұмтылады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз көзқарасы және заманауи мәселелерді терең түйсіну тұрғысынан сыртқы саясатқа жүйелі және табанды түрде аса зор мән береді.
Нәтижесінде Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сыртқы саясат тәуелсіз Қазақстанның нағыз брендіне айналды. Елбасының “G-GLOBAL” ұстанымы бойынша жаһандық қатынастарды қайта құру қажеттігі туралы ұсынған жаңа халықаралық бастамасы дәл осындай.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp