«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨККЕН ШАҚТА ҚУЫРШАҚҚА ҰҚСАЙСЫҢ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Шөкімдей болып әбден шөккен адам қуыршақ сияқты екен ғой: көзі жаудырап, сөзі аузынан шықпай, сілейеді де отырады. Құдайдан тілеп алған кәріліктің езгісі етің түгіл, сүйегіңнен де анық аңғарылады: екі иығыңды қойып, басың да кішірейіп кетеді. Аузыңда ақ тіс қалмағанына қамығып жүргеніңде, құлағыңды қаңылтырмен қаптағандай естуден қаласың. Тым қартайғаның қолыңнан көрінеді: терісі қырыс-тырыс. Тамақ ішуің шоқыған тауық сияқты. Белің болса бүкірейіп кеткен…
Тоқсаннан асып, жүзге қарай жылжыған кез келген қарияның ортақ портреті осылай болып келеді. Келмеске кеткен Кеңес Одағымен бірге өсіп, біте қайнаған бұл жастағылар не көрмеді: аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да. Міне, осындай жаны сірі ақсақалдар бірен-саран ғана: соғыстан аман-есен келген майдангерлердің қалғандары осы-ақ. Әдетте отағасыларынан көбірек жасайтын әжелер болса әр жерде ағараңдап жүр, әйтеуір.
Бір ғажабы – қазір жүз жастың бер жағынан өтіп, ар жағына шыққан әжелер ондап саналады. Сіріңке бір тиын болған кеңестік заманда әжелеріміздің бірде-біреуі ғасыр жасқа жете алмап еді. Зейнетақылары 30 мың теңгенің ар жақ-бер жағындағы қазіргі әжелеріміздің кавказдықтарға ғана бұйырған екі нөлі бар ерекше жастың күймесіне отырғандарына кейде күмәнданып та қараймын. Десе де, таңдай қақпай қоймайсың: ақиқатын айтқанда, жүзге жетпегенмен, тоқсаннан асқан солардың жер басып жүргеніне сүйсінесің. Аналардың мықтылығының бір-бір ескерткіші сияқты үн-түнсіз отыратын оларды аялаудан жалықпайық.

 

Міне, осындай әзіз әжелердің бірі – Қадиша Уажанова. Оның туған жері, жастық шағын өткізген жері Омбы демесеңіз, көрген бейнеті қазақстандық тұрғыластарынан артық болмаса, кем емес. Күйеуі соғысқа кеткенде оны ФЗО-ға алады. Одан кейін Омбының зауытында күні-түні тер төгеді.
Соғыс кезінде әжелеріміз қандай мехнат шексе, бұл кісі де сондай бейнет көріпті. Өгізбен жанармай тасымалдап жүргенде, көрген қиындығын жыр қылып айтқан аналарымыздың ерлігін Омбы жерінде осы кісі де қайталапты. Бір рет оны қасқыр қамағанда, ажалы жоқтығынан аман қалған екен. Және де өзі қара күштің иесі болған көрінеді. Кез келген жігіттің қабырғасын қайыстыратын жетпіс кило қантты көтергеніне илануға болады: қолдары оның күректей, иығы да қушиған емес.
Иә, ол бейнетке толы жылдарын Омбы жерінде өткізді. Ал қызыққа толы жылдары Қазақстан жерінде басталды. Тың игеру басталған 1953 жылы ойдағылар да, қырдағылар да Қазақстанға қарай ағыла бастағанда, жұбайы Ахметжан екеуі ұл (Мұрат) мен қызды (Ғазиза) салып алып, тиіп тұрған Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданына көшіп келді. Олар “Бидайық” кеңшарының Жұмысшы ауылында еңбек етті. Қадиша сауыншылық жұмысқа тұрды. Ерте тұрып, кеш жатуды, оның үстіне төзімділікті талап ететін бұл кәсіпті қуана-қуана меңгерген келіншек қашан зейнеткерлікке шыққанынша, сүт бұлағын селдетуден жалыққан жоқ…
Туған өңіріміздің кең көйлегінің бір етегі сияқты дөңгеленген Уәлиханов ауданы – қазақ жерінің кеңдігі көрінетін тұс. Ғұмырының алпыс жылға жуық кезеңін сайын дала төсінде өткізгеніне әжей өкінбейді.
Жалғыз ұлы мен келінінің қолында тұратын ол түсінде ылғи кең далада жүреді. Қалаға көшіп келгендеріне екі жыл болған оның есілдерті – дала…
СУРЕТТЕ: Қ.УАЖАНОВА.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp