«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРДАСТАР АМАН-САУ ЖҮРСІН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

№ 116 (21333) Сенбі, 29 қыркүйек 2012 жыл

Мағжан РАҚЫМОВ,
еңбек ардагері.

Мен өз өмірімде әр саладағы басшылармен қызметтес болдым. Бірақ жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, адамдық болмысыңды сақтай білу әр адамның өзіне байланысты. Біз айтатын сөзімізді, жасайтын ісімізді пайымдап, бағалай білетін халықпыз. Мұндай қасиет бойымызға қанымызбен біткен. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген нақыл сөздің жаны бар. Мұндай ұлағат үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білумен қатар, адам бойына мәдениеттілік, ізгілік сәулесін шашып, жақсылыққа жетелейді.
40 жылдан астам уақыт жауапты қызметтер атқара жүріп, өмірден көргенім, түйгенім аз емес. Сол кездерге ойша оралғанда алдымен бірге қызметтес болған құрдастарымды еске аламын.
1967 жылы Бескөл ауданы құрылғанда, аудандық байланыс торабы 12 пәтерлік үйде орналасқан еді. Бір ғана СТ-35 телеграф аппаратымен жабдықталып, 20 нүктесі бар қол телефон станциясы болды. Пошта жұмысы болса, басқа аудандарға бара жатқандардың жол-жөнекей хат-хабар тастап кетуімен шектелуші еді. Ең бастысы – ұжымдағы қызметкерлердің бірін-бірі түсіне білуі, тіл табыса жұмыс істеуі, қалай болғанда да кешірімді болуы басшының бұлжымас талабы болатын. Біз мұны орындай білдік және басқаларға да жете түсіндіруге тырыстық.

 

Ол кезде аудандық байланыс торабының бастығы Тілек Әбдірахманов еді. Тілек құрдасымның әкесі Ұлы Отан соғысынан оралмады. Сондықтан ол шешесімен бірге еңбекке ерте араласты. Отбасы жағдайына байланысты оқуға түсуге мүмкіндігі болмағандықтан, сырттай білім алды. Еңбек жолын есепші болудан бастаған құрдасым 1969 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірді.
Әрі адал, әрі тиянақты еңбегінің арқасында 1974 жылы оның ұжымы ауыспалы қызыл туға ие болды. 1975 жылы оған КСРО Байланыс министрлігінің “Бүкілодақтық социалистік жарыстың үздігі” атағы берілді.
Оның зайыбы Қапура да саналы ғұмырын пошта байланысы саласына арнады.
Тілек ауданда байланыс саласын түбегейлі өзгертті. Үш қабатты байланыс үйін және оның мамандарына 12 пәтерлі үй салу үшін кезектен тыс қаржы бөлуіне қол жеткізген еңбегін ешкім ұмыта қойған жоқ.
Қоғамдық жұмыстардың белсенді қызметкері, жан-тәнімен жұмысқа берілгендердің бірі – Хабиболла Жақсылықов. Ол Омбы облысында туған. Хабиболланың жастық шағы ауыр болды. Соған қарамастан ол оқуға түсіп, жолдамамен Қазақстанға келген. Еңбек жолын Мамлют ауданында есепші болып бастаған. Одан кейін Булаев ауданына комсомол жұмысына ауысып, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып орналасты. Алматы халық шаруашылығы институтының экономист мамандығына сырттай оқуға түседі. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірінші жылжымалы механикаландырылған колоннаның бөліміне бастық етіп тағайындалды. Одан соң №64 мехколоннада тұрмыстық қызмет көрсету бойынша бастықтың орынбасары болды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандағы құрылысты жандандыруға, еліміздің дамуына өзінің мол үлесін қосты. Адамдардың игілігі үшін қаншама қонысжайлар тұрғызды. Сол кезде аудандағы көптеген өндірістік нысандар Хабиболла Жақсылықовтың тікелей басшылығымен бой көтерді.
Бүгінгі таңда ол зейнеткерлікке шықса да, қоғамның бел ортасында жүрген беделді ақсақал. 1997 жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеп келеді. 2001 жылы сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен облыстың он тоғыз ақсақалдарының бірі – осы Хабиболла Жақсылықов. Еңбек және ҰОС ардагерлерімен жұмысты жақсы ұйымдастырғаны үшін облыстық ардагерлер ұйымдары арасында 1-орынға ие болды. Адал атқарған еңбегі елеусіз қалған емес. Оған дәлел – омырауында жарқыраған медальдар.
Міне, құрдастарымның өмірінен қысқаша үзінді осындай. Әрине, тереңірек үңіліп, ақ қағазға тізбектей берсе, олардың әрқайсысы жайында көсіліп жазуға болады. Себебі, бұл адамдар – адалдықты, адамгершілікті ең бірінші орынға қоя білген азаматтар. Олар қай салада жұмыс істесе де, облысымыздың жан-жақты өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жігерлі жандар болып табылады. Ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен осындай ақсақалдар жастарға үлгі болып жатса, нұр үстіне нұр. Құрдастар туралы ой қозғауымның да басты себебі осы.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp