«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛЫН — ЖАЙБАРАҚАТТЫҚҚА ЖАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы жылдың соңғы 9 айында облыс көлемінде 646 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 400 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 32 адам, оның ішінде 1 бала қайғылы қазаға ұшырап, 23 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Өрт салдарынан 136 құрылыс орны отқа оранып, оның ішінде 42 тұрғын үй, 58 бас мал, 33 автокөлік толығымен күйіп кетті.

Өткен апта да өртсіз болған жоқ. Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында қайғылы жағдай орын алды. Бір қабатты тұрғын үйдің екі бөлмелі пәтеріндегі өртті ауыздықтау барысында өрт сөндіру мамандары 87 жастағы зейнеткердің мүрдесін тапты. Жергілікті тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан орын алып отырған сыңайлы.
Дәл осындай жағдай Тайынша ауданының Озерный ауылында тіркелген. Бір үйдің жатын бөлмесіндегі матрас, төсек жабдықтары жанып, еден айтарлықтай зақымданды. Өртті бірігіп сөндірген ауыл тұрғындары 51 жасар үй иесінің өлі денесін тапты.
Петропавл қаласында екі пәтерлі тұрғын үйді шарпыған тілсіз жау ағаш құрылымды шаруашылық құрылыстарын жойып, үй шатырының бір бөлігіне зақым келтірді. Өрт сөндіру мамандары тілсіз жауды ауыздықтап, қауіпті 4 газ баллонын сыртқа шығарып, көрші пәтерді аман сақтап қалды. 43 жастағы үй иесі 1-2 дәрежелі бет және дене жарақаттарын алды. Өрт сөндірілмеген темекіні шаруашылық құрылыстарына тастай салған баспана иесінің салғырттығынан болған көрінеді.
Лазутин көшесінде тұрғын үйдің шатыры мен қабырғасы және Маяковский көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің шатыры, терезе жақтаулары, үй жиһаздары отқа оранып, оқиға орнынан 2 газ баллоны шығарылып, жарылысқа жол берілмеді.
Ал Есіл ауданының Явленка ауылында екі қабатты тұрғын үй отқа оранып, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметкерлері 20 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Жалын теледидар, диванды зақымдап, баспананың кіреберісі көк түтінге толды.
Аққайың ауданының Ивановка ауылында және Петропавл қаласының Қ.Кеншінбаев көшесіндегі гараждарды жалын шарпыса, Ружейников көшесінде “ВАЗ-2110” автокөлігі толығымен жанып кетті.
Сондай-ақ Петропавл қаласының “Зеленый луг” саяжай қоғамында шыққан өрт салдарынан саяжай үйі толығымен күлге айналды.
Апта сайын облыс тұрғындарының ондаған тонна шөбін жалмап келе жатқан от тыйылар емес. Өткен аптаның өзінде Айыртау ауданының Лобаново, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл, Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево елді мекендерінің тұрғындары жалпы 25 тоннадан астам шөптерінен бір мезетте айрылды. Ал жыл басынан бері облыс бойынша күлге айналған мал азығының көлемі 825 мың тоннаға жетіп жығылады.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp