Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасы жанынан газ бен түтіннен қорғау бекеті ашылды.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасының бастығы Ерік Мәжитов отқа оранған ғимарат ішінде 40-45 минутқа дейін болып, зардап шегушілердің өмірі мен дүние-мүліктерін тілсіз жаудан аман сақтап қалуға зор мүмкіндік беретін бекеттің салынғанына қуанышын білдіріп, өртке қарсы қызмет бөлімінің жеке құрамына мықты денсаулық, отбасына бақыт тіледі.
Өртке қарсы қызмет ардагері Марат Әлжанов ТЖД Булаево қаласындағы өртке қарсы қызметте нағыз кәсіби мамандар жұмыс істейтіндігін, сондай-ақ су жаңа бекеттегі заман талабына сай құрал-жабдықтың арқасында өрт тез ауыздықталып, өртке қарсы қызметтің сапасы арта түсетіндігі қуантатын жайт екенін атап айтты.
Шара барысында Ерік Мәжитов пен Марат Әлжанов салтанатты түрде көк лентаны қиып, өрт оқиғасы кезінде құтқарушыларға қажетті арнайы киімдермен, германиялық аспаппен жабдықталған бекетті бірінші болып аралады. Бекеттің іші мен аспаптарды тамашалаған қонақ-тар мен мектеп оқушылары өрт сөндірушілердің қызметін жеңілдету мен адамдардың өмірін құтқаруда маңызы зор құрылғы жайында тағылымы мол ақпарат алды.
Облысымыздағы бесінші газ бен түтіннен қорғау бекеті Германиядан 4 млн. теңге қаражатқа сатып алынған жоғары сапалы құрылғымен жабдықталған. Ол өз кезегінде өрт сөндіру сапасын арттыру, апаттық-құтқару жұмыс-тарын жүргізу, соның нәтижесінде өлім мен зардап шеккендер санын азайту, сонымен қатар бөлімшелердегі жеке құрамның дайындық деңгейін арттыру жұмысында өз септігін тигізбек.