Қазір зейнет демалысындағы, облыстық ардагерлер кеңесінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына мүше болып жүрген Жолдас Лұқпанов ақсақал – кезінде зауытта инженер болған қаламыздағы саусақпен санарлықтай техник мамандардың бірі. Дәм жазып Қызылжарда тұрақтап қалған Атырау облысының тумасы сонау 1963 жылы Мәскеудегі Орджоникидзе атындағы инженерлік-экономикалық институттың машина жасау факультетін бітіріп, біздегі Киров атындағы зауытқа инженерлік қызметке келген. Содан кейін өндірістік салаға тікелей қатысы бар партия-кеңес орындарында отыз жылдай жұмыс істеп, қаладағы көптеген зауыттарда, олардың “құпия” цехтарында болған, бір сөзбен айтқанда, қала өнеркәсібін бес саусағындай білетін адам. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен шілде айында жарияланған “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласы инженер ақсақалға да ой салып, бізбен еліміздегі техникалық кадр мәселесі, оның шешілмей келе жатқан түйткілді жайттары туралы өзінің көкейіндегі ой-пайымдауларымен бөліскісі келетінін білдірді. Қоғам дамуының деңгейін айқындайтын біздегі ғылыми-техникалық прогрестің әлі де болса мешеу қалып келе жатқанына қатты алаңдайтын ақсақалдың айтары мол екен.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Тәуба, еліміз өткен жиырма жылда өзінің көп көршілерінен көш ілгері кетті. Әрине, оған қуанамыз. Алайда, осы кезеңде қол жеткенімізді ғана емес, мүлт кеткенімізді де анықтап, бағдарымызды үнемі түзетіп отыруымыз керек. Қазақ халқы бұрын капиталистік жүйені бастан кешкен жоқ. Бірден социализмге аяқ бастық. Қазір біздің “нарықтық экономика” деп жүргеніміз – сол баяғы “аттап өттік” деп алақайлап жүрген капиталистік жүйе. Ал бұл жүйеде экономиканың басты қозғаушы күші техникалық прогресс болып табылады. Ондай прогресс болмаса, артта қалушылықтан еш уақыт арыла алмаймыз.
Техникалық прогресті жасайтындар – білікті мамандар. Міне, осы жайттың бүгінгі күнге дейін назардан тыс қалып келгені қынжылтады. Десе де, “Ештен кеш жақсы” дегендей, Елбасы осы мәселені дұрыс көтеріп, ел экономикасын одан әрі дамытуды, алдымен кадр мәселесін шешуден бастауды ұсынып отыр. Кешегі кеңестік өндірістің қазанында қайнап, оның көптеген жақсылықтарымен бірге “шетқақпайлау” саясатын да көрген біздер үшін еліміздің өзіне қажетті мамандар даярлауға ұм-тылысы құптарлық қадам, – дейді Жолдас Лұқпанұлы.
Ақсақал “шетқақпайлау” туралы айтқанда, кеңес кезінде қала зауыттарында қазақ мамандарына жол ашыла бермегенін меңзеп отырғанын түсіндік. Шындығында да, оларды үшінші, төртінші деңгейдегі қызметтерде ұстайтыны рас еді. Ал кәсіпорын директоры, бас инженер, бас технолог, тіпті, цех бастықтары қызметтері оларға бұйырған жоқ. Бір жағынан оған еліміздегі техникалық білім беретін оқу орындары білімінің саяздығы да себеп болғанын жасыра алмаймыз.
– Қазақ КСР-інде білім беру дәрежесі әжептәуір дамыды, дегенмен, біздің институттарда әзірленетін мамандар біліктілігі сол кездегі Ресей, Украина жоғары оқу орындарының түлектерінен кемшін болатын. Бізде, негізінен, қолда бар жабдықтарды, техниканы пайдаланушы инженерлер даярланып келді. Сол себепті қаланың әскери зауыттарына мамандар – Мәскеуден, Ленинградтан, Харьковтен және басқа қалалардан шақыртылды. Республикада технологтар, конструкторлар, кибернетиктер, электроншылар оқытылған жоқ.
Техникалық прогрессіз ілгері басу жоқ, ал оны ілгері апаратын мамандар десек, сол мамандарды әзірлеу ісі бізде бұрынғыдан да төмендеп кеткенін ашық айтуымыз керек. Шынтуайтына келсек, Тәуелсіздікке ие болған жиырма жылдың ішінде жоғалтқандарымыз да жетерлік. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің күрт құлдырауына жол берілді, сол себепті жоғары білім беделі түсті. Мысалы, еліміздің бір облысында бұрынғы үш орта кәсіптік-техникалық училище негізінде жекеменшіктегі үш университет ашылғанын естігеніміз бар. “Білім берудің – тауар” болғаны осы да. Бүгінде, міне, осындай оқу орындарының түлектері экономиканың маңызды тұтқаларына ие болып жатқанда, ісіміз қалай оңға баса қойсын? Мемлекеттігі бар, жекеменшіктегісі бар, сол толып кеткен университеттер мен академиялар, негізінен, экономистер, қаржыгерлер, заңгерлер, басқарушылар және тағы басқа мамандар даярлады. Техникалық мамандар өте аз. Рас, ондай мамандарға сұраныс та көп емес, өйткені күрделі техникалық өнім шығаратын зауыттар жоқтың қасы, көбі құрастыру және жабдықтау жұмыстарымен ғана айналысады. Техникалық прогресте тығырыққа тіреліп отырғанымыз да сондықтан, – дейді ол.
Инженер ардагердің айтуынша, қайта құру кезеңі басталысымен, тіпті, КСРО тарамай жатып, ұлты басқа мамандар, сала басшылары Қазақстаннан кете бастаған. Бұрынғы Қорғаныс министрлігінің тапсырмасын орындайтын зауыттар экономикалық тығырыққа тірелген кезде бұл үрдіс, тіпті, жаппай сипат алған. Саны аз қазақ мамандары тек содан кейін ғана алғашқы орындарға шықты. Бірақ олардың қолына тигені әбден тозған, талан-таражға түскен өндіріс болды. Ал ең бастысы, бұрынғы “алтын кадрдың” орны ойсырап тұрды. Одан беріде қыруар жыл өткенімен, сол мешеу күйден әлі де айыға алмай келе жатқанымыз шындық.
Рас, қазір инженерлер даярлайтын оқу орындары аз емес. Бірақ оларда, негізінен, жабдықтарды, техниканы пайдаланушы мамандар ғана әзірленеді. Өйткені, одан біліктірек мамандар оқытуға оқытушы-профессорлар құрамы да, материалдық-техникалық база да жетіспейді. Ал ТМД аумағындағы басқа республикалардағы жағдайдың сол кездің өзінде көш ілгері болғанын білеміз. Мысалы, Харьковтың авиация институтында студенттердің конструкторлық бюросы жұмыс істеген. Онда болашақ авиаконструкторлар шағын ұшақтардың жобаларын жасап, сосын оларды жергілікті зауытта нағыз ұшаққа айналдырып отырған. Сол сияқты Мәскеудің энергетика институтында өзінің шағын жылу-электр орталығы болыпты. Студенттер электр қуатын өндіру мәселесімен осы орталықта бес жыл бойы егжей-тегжейлі танысып, өндірістің бар қыр-сырына қанығып, пісіп шығады екен.
Ал біздегі жағдай ше? Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қандай конструкторлық жобаларымен мақтана алады? Жылына көп болса бір рет облыстық деңгейде өтетін байқауларға ұсынып жүрген инновациялық ғылыми жобалар жекелеген ізденімпаз оқытушылардың “хоббиіне” ұқсас. Оқу орнында ғылыми-инженерлік жұмыс жүргізетін конструкторлық бюро болмағасын, дәйектелген дұрыс жоба жасау қиын. Жылт еткен идеяны іліп алып, жетілдіруге көмектесетін технопарктің өзі ресми мәртебесін ала алмай, жұмысы ақсап жатыр. Сол сияқты бүгінде жұмыстары ептеп жандана бастаған зауыттардың конструкторлық бюролары да инновациялық ғылыми ізденістерімен мақтана алмайды. Оған тағы сол білікті мамандардың жетіспейтіні себеп болуда. Өнеркәсіп орындары үлкен нарыққа шығар жол табуы үшін өзінің инженерлік-техникалық қуатын жаңа тұтыну тауарларына ізденіске жұмылдырмайынша болмайды. Әйтпесе, сол тіс шұқығышқа дейін Қытайдан алып жүре береміз.
Міне, осы жайттарға ұзақ жыл инженерлік тәжірибесі бар Жолдас Лұқпанұлы жиі ой жүгіртеді. Техникалық прогрестің тығырығынан шығудың жолын көптеген елдердің мысалынан іздейді. Айталық, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін еуропалық өркениеттен сырт қалып келген Ресей Бірінші Петр патшаның арқасында Еуропаға терезе ашты. Қазір әлемнің ең озық елдерімен иық тірестіріп отыр. Немесе 60-шы жылдары “Қытай бізге жету үшін әлі жүз жыл керек” дейтін қазіргі Шың елін алып қараңыз. Ядролық қаруды да, құрлықаралық зымырандарды да ол ешкімнің көмегінсіз өзі жасап алды, өйткені оны жасау үшін өзіне қажетті мамандарды даярлады. Ал Жапонияның техникалық өрлеуі, тіпті, ғаламат. Екінші дүниежүзілік соғыста оңбай жеңіліп, тас-талқаны шықса да, тез есін жиып, бүгіндері компьютер, радиоэлектроника, автомобиль, тағы басқаларды жасау жағынан ең алдыңғы орын-да тұр. Ол осы табысқа жету үшін мыңдаған жастарын шетелдерде оқытты. Сөйтіп, стратегиялық қор жасады.
Сондай-ақ Германия мен Францияны, Англияны былай қойып, күні кеше ғана өзге елдердің отары, яки жартылай отары болған Корея, Сингапур, Филиппинді алайықшы. Бәрі де мешеу қалған, халқы жартылай қайыршылықта өмір сүрген елдер еді. Және оларда табиғи шикізаттар да жоқ немесе өте аз. Міне, сол елдер қазір күрт көтерілді, халқының тұрмысы да жақсарды. Өйткені, олар өз дамуында дұрыс бағдар таңдай білді. Ол бағдар – техникалық прогресс жолы.
– Қазақстан үшін де осыдан басқа жол жоқ. Ел Президенті бағдарламалық мақаласында соны дөп басып отыр. Бұл мәселе көптеген проблемаларды шешуді қажет етеді, соның ішінде алдымен техникалық кадр даярлау мәселесіне айрықша назар аударылғаны жөн. Бұрын “Бәрін кадрлар шешеді” деуші едік қой, оның өзектілігі әлі де сол қалпында. Әлемдегі озық 50 елдің қатарына енуді мақсат етіп отырсақ, оған да лайықты кадр керек. Оны мектеп қабырғасынан бастау қажет, бұрын біз мектепте оқыған кезде көптеген техникалық үйірмелер болушы еді ғой, неге соларды қайта жандандырмасқа?! Бізге радио, авиа және басқа техникалық модельдер жасауды үйреткені сияқты, қазіргі мектеп жастарын техникалық ізденістерге ерте баулыған жөн.
Өткеннің бәрін қаралай беруге болмайды. Тіпті, 50-ші жылдардағы МТС-тарды алайықшы, онда машина-тракторлардың техникалық күшін бір жерге жинақтап, күрделі мәселелерді шешті емес пе? Оларда кадр даярлау жайы да ұмыт қалған жоқ, арнайы училищелер ашып, механизаторлар әзірледі. Бүгінде ауыл шаруашылығының механизатор кадрлар тапшылығын көріп отырғаны – осындай жақсы дәстүрден айрылып қалғанымыздың салдары. Жоғары білікті техник мамандар даярлауға септігі тиетін институттағы студенттердің конструкторлық бюроларын да ұмыт қалдырдық.
Бір сөзбен айтқанда, экономикалық құлдырау жылдарында көптеп кадр жоғалтқанымызбен қоймай, оларды даярлайтын бұрынғы қалыптасқан жүйелерді де бұздық. Енді қазір жастар зауыттарға бара қоймайды. Бізде бұрын қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарайтын бес зауытта 5 мыңнан 15 мыңға дейін инженер-техник қызметкерлер және токарь, дәнекерлеуші, құрал шебері, фрезировщик, қырлаушы, тағы басқа да мамандықтар бойынша жұмысшы мамандар жұмыс істеді. Қазіргі жастардың техникалық мамандықтарды таңдамау себебі – бұрынғыдай кәсіптік училищелердің дұрыс бағыт-бағдар ұстамауы, мамандар даярлаудың кең жүйесінің жоқтығы және тәлімгерліктің ұмыт қалуы болып отыр. Тәжірибесіз теория өрге баспайды, біз техникалық дамыған ел болғымыз келсе, өндіріске қабілетті жұмысшы жастарды таңдауымыз керек. Ал бізде жастардың көбі жеңіл табыс қуып, сауда-саттыққа, делдалдық іске әуестеніп, тіпті, болмаған жағдайда күзетші, жүк тасушы сияқты жұмыстарға жақын тұрады. Мұндай қызметтер керек емес демеймін, алайда еңбекке қабілетті, болашағы бар жастардың алдымен өздерін елге өте қажетті мәртебелі жұмысшы мамандықтарында сынап көргенін жөн санаймын, – деп пайымдайды ардагер.
Көкірегі ояу өндіріс жанашырының бұл айтқандарымен келіспеуге болмайды. Біз бай елміз деп құр кеуде қаққанмен іс бітпейді. Жер астындағы байлықты айтсақ, бай екеніміз де рас. Ал басқа жағынан келсек, олқылықтарымыздың көп екенін неге бүгеміз? “Ауруын жасырған өледі” деген сөзді ұмытпауымыз керек. Мұнай теңізінің үстінде отырып, осы күнге дейін Қазақстанның біраз облыстары бензин, керосин, солярканы Ресейден алады. Олардың электр қуатын да пайдаланамыз. Сол мұнай өңдейтін, электр қуатын өндіретін кәсіпорындарды салатын және пайдаланатын, оларға озық технологиялар енгізетін мамандардың бізде жетпей отырғанын неге жасырамыз? Ақсақалдың көкейіндегі ең басты сұрақ та осы. Оның жауабын Елбасының мақаласынан тапқан Жолдас Лұқпанұлының осы бағытта кешенді шаралардың қолға алынатынына сенімі артып, ауқымды техникалық жаңғырту боларына үміті зор.
Білікті маман инженер-техник мамандарымыздың елдің өз техникасын шығаруға үйренгенін қалайды. Адамдарды жұмыспен қамтып, кәсіпорындарға толыққанды жан бітіру үшін өндірістің тереңдете өңдеу ісімен айналысуы қажет деп біледі. Техникалық тауарлар ішінде өзіміздің отандық өнімдердің жоқтығы оның арқасына аяздай батады. Бұл ретте қытайлықтардан үйренген де артық емес, әйтеуір бір нәрсені бастау қажет болса, оны алдымен тұрғындардың өзіміздегі зауыттарға сенімін арттырып, беделін көтеруден бастау керек деп есептейді. Жолдас Лұқпановша айтқанда, қала зауыттарында неге тұрмыстық тауарлар шығаратын цех ашпасқа? Мысалы, бұрынғы Куйбышев зауыты бүкіл одақ көлемінде зор сұранысқа ие болған шағын тракторлар шығарды емес пе? Мүмкін бізге өтуі қиын мұнай құбырлары мен жүк вагондарын шығарғанша осындай тұрмыстық тауарлар шығарған пайдалы шығар?
Қандай озық жоба болсын оны жүзеге асыратын өндірістің өзегі – техник мамандар болып табылады. Жолдас Лұқпанұлы алдымен мәселенің осы жағын оң шешіп алуды жөн санайды. Еңбек адамының мәртебесін көтерген аталмыш бағдарламалық құжатта бұл жайында жан-жақты айтылған. Яғни, саннан сапалық деңгейге көтерілетін кез жетті, қаптаған гуманитарлық колледждер мен училищелерді нағыз жұмысшы мамандықтарын даярлайтын оқу орындарына айналдыру қажет, – деп біледі ол.
СУРЕТТЕ: Жолдас ЛҰҚПАНОВ.