Кеше өңір басшысы Серік Біләлов пен қала әкімі Болат Жұмабеков Бензострой ықшамауданының Гагарин көшесінде кенже қызы Әлия Дүйсенбекованың қолында тұратын 102 жастағы Күлдаш Мүсәфірованы Қарттар күнімен құттықтап, бағалы сыйлық тарту етті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Құдай қосқан қосағым, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Кәрке Мүсәфіров екеуміз де Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданының Кіші Қараой ауылында дүниеге келгеміз. Еңбек ете жүріп, 3 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірдік. Олар: Астана, Павлодар, Петропавл және Ресейдің Омбы қалаларында түтін түтетіп жатыр. Бүгінгі күні 8 немере, 28 жиен сүйіп отырмын. Шөберелерімді санап көрген емеспін. Жас келді ғой, жаңылыса беремін. Патшамызға рахмет, 37 мың теңге зейнетақы аламын. Құдайға шүкір, мына Сіздің алдыңыздан шығып, сәлем берген Ерсайын сияқты немерелерім мен қазақы жол-жораларыма жетеді. Тағдырыма ризамын, – деді өңір басшысымен әңгіме барысында Күлдаш Әлімбайқызы.
Серік Біләлов кейуананың жағдайын сұрап, ұзақ ғұмыр тіледі, мерекеге орай “Индезит” автоматты кір жуу машинасын тарту етті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.